Атамекеннен бақытын тапқан қазақ жастары
Еліміз егемендігін алған соң шетелде тұратын қандастарымыз Отанына жаппай орала бастады. Тәуелсіздік арқылы қазақ ғасырлар бойы аңсаған арманына қол жеткізді. Тәуелсіздігіміздің арқасында Отанына жете алмай жүрген қазаққа үлкен мүмкіндік берді. Міне соның арқасында шетелде жүрген миллиондаған қандастарымыздың ұрпақтары 2001 жылдың 1-қазанынан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті https://farabi.university/ ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті (бұрынғы шетел азаматтарына арналған дайындық факультеті) шетелден келген қазақ жастарын оқытуды міндетіне алды.
Осы жылдар аралығында факультетіміздегі білікті де білімді, тәжірибелі ұстаздардан 3000-нан астам қазақ жастары білім алды. Олар – Қытай, Моңғолия, Иран, Ауғанстан, Түркия, Германия, Франция, Ұлыбритания, Швеция, Сауд Арабиясы, Түркменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Латвиядан атамекеніне келіп өз ана тілінде білім нәрімен сусындады. Білім алған жастардың көпшілігі жоғары білімді, білікті маман болып, атамекенінде қалып, қазіргі таңда олар еліміздің интеллектуалды әлеуетін арттыруға өз үлестерін қосуда.
Алғашқы түлектеріміз еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары оқу орындарында және түрлі салада жұмыс жасауда. Атап айтар болсақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Алматы техникалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында және тағы сол сияқты мекемелерде жұмыс жасауда.
Сондай-ақ, Қамшы» ақпарат порталының жетекшісі – Біләл Қуаныш. Қазір таңда түркі халықтарына ортақ әртүрлі қамшылар шығарып, қазақтың ұлттық құндылықтарын заманауи форматта насихаттуда. Әдебиет зерттеуші, қолжазба танушы, текстолог – Нұржұма Елесбай. Ақын, журналист – Жақсылық Қазымұрат, әнші, композитор, қазақ эстрадасының жұлдызы – Ұшқын Жамалбек. Геофизик, инженер Кәпу Ғалым. С.Сейфуллин атындағы музейдің ғылыми қызметкері Алаш Тұрсынәлі. Алматы технология университетінің «Жастар шығармашылығы» орталығының көркемдік жетекшісі Әкімбек Асқар Әкімбекұлы. Әннес Бағдат – драматург, Марина Оқап – дарынды суретші, Ағзанбек Кәрменқанұлы – құрылыс инженері, энергетик, Арайбек Азатбекұлы – педагог, математика пәнінің мұғалімі. Заңәділ Жұлдыз – шет тілдерінің маманы, түрколог, аудармашы және т.б.
Шет елден тарихи отанына білім алуға келген қазақ жастарын еліміздің – тәуелсіз Қазақстанның – қазіргі ахуалына бейімдеп, сонымен қатар олардың атамекеніне деген сүйіспеншілік сезімін арттырып, еліміздің экономикалық-әлеуметтік, интеллектуалдық әлеуетін дамытуға өз үлестерін қосуға ұмтылдыру мақсатында ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің ұстаздар ұжымы тәрбиелік, тәлімдік мәні зор іс-шараларды, мәдени-танымдық саяхат сабақтарын, кәсіби бағдарлық бейіндік сабақтарымен қатар, әртүрлі тақырыптар аясында шығармашылық байқаулар, кездесулер өткізіп, ұйымдастырады және туған елге табан тіреген өнерлі жастардың шығармашылығын шыңдауға көп көңіл бөледі.
Факультетімізге білім алуға келетін қандастарымыздың бір қатары талантты да белсенді, білімді де ойлы, бес саусағынан өнер тамған жастар болып келеді. Осындай жастардың арасында – Күн асты елін өз жаңалықтарымен мойындатқан жас өнертапқыштар, қазақтың ақындық дарынын, жыршы-термешілік өнерін меңгерген жастар және ағаштан түрлі бұйымдар жасайтын шебер жігіттер, құрақ құрау, қазақы нақыштағы киім үлгілері мен оюлап кесте тігу сияқты тағы басқа түрлі өнерді игерген қыздар білім алуда.
Факультетіміз сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі жастарға қолдау көрсетіп, оларды ақпарат құралдары арқылы көпшілікке таныстырып, өнерлерін жетілдіре, шыңдай түсуіне мүмкіндік жасауда.
Жыл сайын университетімізде дәстүрлі түрде өткізілетін «Студенттік көктем» фестивальде, «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясына қатысып әрдайым жүлделі орындарға ие болып келе жатқанын мақтанышпен айтуға толық болады.
Бүгінгі факультет тыңдаушысы ертеңгі студент, ал студент – болашақ маман болары анық. Білімге, ғылымға бар ықыласымен бет-бұрған жастар міндетті түрде мақсаттарына жетеді деген сенімдеміз.
Кез-келген өркениетті ел өзінің әлеуметтік дамуында алдымен жастардың инновациялық идеяларын дамытуға, олардың шығармашылық қырлары мен ғылыми-ізденіс қабілеттерін қалыптастыруды басты міндет етіп қояды.
Сондықтан атамекенге табан тіреген осындай өнерлі қандастарымызға қолдау жасап, олардың қатарын көбейтіп өз елінің азаматы атануға жағдай жасау, оларға дұрыс бағыт-бағдар бере отырып факультетіміздің дайындық бөлімінде білім алып шығатын қазақ диаспора өкілдерінің әрі қарай Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында білімдерін тереңдетіп жалғастыруға жол сілтеу біздің міндетіміз деп есептейміз.
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру
факультетінің аға оқытушылары
М.Б.Амирканов, А.К.Бегалиева, Р.Т.Наралиева