Аймағымыздағы таэквонда спортын дамытқан жаттықтырушы
2023 жылдың соңында үздіктерді қортындылау үдерісінде жылдың таңдаулы жаттықтырушысы атағы аймақтық спорт басқармасының таэквонда саласының жаттықтырушысы Ерұлан Шөленұлына бұйырды. Ерұлан аймағымыздан спорт соның ішінде таэквонда саласына қомақты үлес қосты. Оның шәкірттері қазіргі таңда ұлттық таэквонда құрамында халықаралық дәрежеде өнер көрсетіп жүр. Бүгінгі «Жаңа дәуір» сайтының сұхбат айдарына қара белбеу төртінші дан, халықаралық спорт шебері Ерұлан Шөленұлын шақырдық.
- Қош келдіңіз! Еңбегіңіз бағаланғанына қуаныштымыз. Таэвонда спорт саласына қалай келдіңіз? Неге бұл саланы таңдадыңыз?!
- Рахмет! Мен негізі ойламаған жерден спортқа қадам бастым десем болады. 2000 жылдары аймағымызда телевизия жұмыстай бастаған кез. Теледидардан Нарбек мұғалім сұхбат беріп жатыр екен. Арасында бір жарнамалар шығады ғой, сондай жарнамаларда Кореялықтардың ағаш сындырып, әртүрлі жаттығу жасап жатқан видео ролигі шықты. Осыған қатты қызықтым. Сол кезде аймағымызда Нарбек мұғалім ғана таэквонда үйірмесін үш кезекпен жүргізетін. Сөйтіп кешкі үйірмеге жазылдым. Араға екі жыл салып таэквондадан батыс аймақтардың чемпионаты жүрілді. Осы кезде аймағымыздан үш жігіт Ақбөкен, Ертай және мен алтын медалға қол жеткіздік. Жаттықтырушы ретінде 2008 жылдан бастап жұмыстай бастадым. Студент кезімде мұғалімнің көмекшісі болып жүрдім, Корея елінен мұғалімдер келіп сабақ үйретті. Біраз тәжірибелер жинадым. Енді осы үйренгендерді неге балаларға үйретпеске?! Ал, олимпиадалық таэквондаға аяқ басқан кезіміз -2014 жыл. Жалпы осы салада жүргеніме 24 жыл. Таэквонда -өмірімнің бір бөлігі деуге болады.
- Осы уақыт аралығында шәкірттеріңіз қандай жетістіктерге қол жеткізді?
- 10 жыл уақыт ішінде батыс зоналық, мемлекеттік, Азиялық, Халықаралық олимпиадалардан топ жарған шәкірттерім көп болды. Солардың біразына тоқтала кетсем: Темірбек Қалбекұлы ұлттық құрамада, Құрманханұлы Жандос – әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Нандинзаяа – Азия чемпионатының күміс медаль жүлдегері, Серікжан – халықаралық А дәрежелі қола жүлдегері, Асқарқызы Мөлдір – мемлекеттік чемпион, Исақан – халықаралықтан қола жүлдегері ,Сағатбек Жәрдембек – Халықаралықтан алтын медаль жүлдегері, Жақсылық – халықаралық, күміс, қола медаль жүлдегері, Мишигдоржийн Аззаяа – халықаралықтан алтын медаль еншілеген. Темірбек спортшымыз қазіргі таңда пара олимпиада түрінен Мексика, Австралия, Тайвань, Англияның Мончестер қаласы, Кореяның Инчон қаласында өткен сайыстарға табысты қатысқан.
- Табысқа жеткен адамдар аптасына, айына, жылына жұмысының есебін беріп жатады ғой. Соңғы жылдардағы табыстарыңызға тоқтала кетсеңіз!
- Өткен жылға өкпе жоқ демекші біз үшін 2022 және 2023 жыл табыс жылдары болды. 2022 жылы шәкіртім – Қауметұлы Темірбек аймақтың таңдаулы спортшы студенті атанса, Одончимэг пен Мұхаммед аймақтық үздік оқушы номинациясымен сыйланды. Сондай-ақ Қазақстанда өткен «Нұр» халықаралық таэквонда сайысынан біздің клубтың спортшылары – 4 алтын, 3 күміс, 6 қола медалмен оралды. 2023 жылға келсек Қобда аймағында таеквонда клубының орнағанына 25 жыл, «Цүүлт алдар» таеквонда клубының орнағанына 10 жыл толу мерейтойына орай Батыс аймақтар арасында 10-реткі чемпионатына қатысқан спортшыларымыз командалық есеппен бірінші орынға ие болды. 7 алтын, 8 күміс, 12 қола медал еншілеп қайттық. Шәкірттеріммен бірге – Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде өткен сайыстарға қатысып, жүлдемен оралдық. Солардың біразына тоқтала кетсем: – Қырғызстан Республикасы Бишкек қаласында «Bishkek-Open 2023» халықаралық жарыс ұйымдастырылды. Өзбекстан, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Монголия қатарлы бес мемлекеттен 1200дей спортшы қатысты. Аймағымыздан алты спортшы қатысып үшеуі медалға қол жеткізді. 59 келі салмақтан Зейнелұлы Серікбол алтын медаль, Бауыржанұлы Ерасыл қола медаль, Ерұлан Бақытбек қола медаль еншіледі. Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында әкімнің атында жасөспірімдер арасындағы таэквонда олимпиадасы ұйымдастырылып, оған Еліміз атынан 53 келі салмақтағы Алдаберген Серікжан есімді спортшымыз қатысып, қола медаль қанжығалады. Айта берсек – шәкірттеріміздің жетістіктері өте көп. Мен бастыларына тоқталдым.
- Әр бір кәсіптің басты мақсаты – табыс табу. Сіз шәкірттеріңізден төлем аласыз ба?
- Спорт басқармасынан айлық-жалақы беріледі. Ал, үйірме тегін жүріледі. Мен көптеген жерлерге жоба жасап, сол арқылы көптеген
бейресми ұйым мекемелер, бизнесмен азаматтар, кез-кездегі аймақ басшылары, ата-аналар қолдау көрсетіп келді.
- Табысқа жету үшін басты қағида не? Немесе шәкірттер қандай жағдайда табысқа жетеді деп сұрайын.
- Ол әрқалай. Ең бастысы баланың денсаулығы, дене бітімі, болмысы, ынта-жігері деген сияқты көптеген факторлар әсер етеді. Содан кейін ата-анасының қолдауы. Жеңсін-жеңбесін сайыстарға қатыса берулері қажет. Сол кезде нәтиже шығады. Тәжірибе жинақтай береді. Содан кейін тұрақтылық. Әр жаттығуға тұрақты қатысу қажет.
- Сұхбат бергеніңізге рахмет! 2024 жылда толағай табыстар тілейміз!
Ерұлан өз кәсібін көптің игіліне арнап, аймағымыздың спорт саласының дамуына айырықша үлес қосты деп ауыз толтырып айта аламыз. Шәкірт тәрбиелеу – кәсіптің ең ұлысы. Сыйлығыңыз құтты, жұмысыңыз алда болсын демекпіз!