Аймағымызда биліктегі әйелдер үлесі өте аз деңгейде
Біз демократиялы мемлекетте өмір сүреміз. 30 жылдың алдында негізгі заңды бекіткен кезде «Саясат, экономика, қоғам және мәдениет саласында болсын, отбасында болсын ер мен әйелдің құқы бірдей» деп көрсетілген. Еліміз көлемінде адам санының 51 пайызын әйелдер иеленсе де, МҰҚ-да отырған әйелдер саны 17 пайызын ғана құрап отыр. Осы күнге дейін Баян-Өлгий аймағынан бірде-бір әйел МҰҚ-ға сайланып көрген жоқ. Әйелдерді неліктен саясатқа, билікке араласу керек деп ойлайсыз? Әлемдік зерттеушілердің пікірінше әйелдердің шешім шығару деңгейінде жұмыстауы- мемлекеттің, қоғамның дамуына ерекше зор әсер етеді. Дүниежүзілік зерттеулерге қарағанда жергілікті жерлерде әйел адамдардың шешім шығару деңгейінде жұмыстауы 33,9 пайызды құрап отыр. Кей мемлекеттерде әйелдердің белсенділігі жоғары. Мысалы Швецарияда әйелдердің биліктегі үлесі 43,8 пайыз болса, Норвегияда 40,8, Францияда 40 пайызды құрап отыр. Ал, елімізде аймақ, сұмын, қалалық АӨҚ-ның 8-реткі сайлауы 2020 жылы жүріліп, үміткерлердің 27,1 пайызын әйелдер құраған. Әйел адамдардың аса белсенділік танытып, әр сатылы АӨҚ-на атын ұсынушылардың ішінде Төв аймағы 35,9 пайызбен көш бастап тұрса, аймағымыз ең соңғы орынды еншілеп, сайлауға атын ұсынған әйелдер саны 15,5 пайызды құраған.
Қазіргі таңда Баян-Өлгий аймағының АӨҚ-нда 39 өкіл бар болса осының 5-і әйел. Яғни 12,5 пайызын ғана иеленіп отыр деген сөз. Біз әлемдік және мемлекеттік деңгейдегі жендердің тепе-теңдігін сақтамаудың сыртында әрбір жыныстың өкілдері 25 пайыздан жоғары болу керек деген талапқа да сай келмейтініміз қынжылтады.
Аймақтық АӨХ-ның өкілі, кәсіптік оқыту өндірістік орталығының директоры Нұркен Қозыкенқызы: “Әйел адамның саясатқа келуі – өзгеріс әкеледі”…
- Ең әуелі әңгімемізді саясатқа қалай қадам басқаныңыз жайлы бастасақ?
- Менің әкем Қозыкен көп жылдар бойы МХП-ның сұмындық хатшысы, белді өкілі болған. Ал, жолдасым Азат та осы партияның мүшесі болды, көп жылдар партия жанындағы жастар ұйымының бастығы болып, белсенді жастардың бірі ретінде көзге түсті. Осы кісілердің де әсері болды деп ойлаймын. Бір күні маған да ой келді. Сөйтіп 2006 жылдан бастап МХП-на мүшелікке ілестім. Әртүрлі жиындарға қатыстым. МХП жанындағы әйелдер ұйымының басқарма мүшелерінің бірі болып тағайындалдым.
- Ал, сайлауға қай кезден ат ұсына бастадыңыз?
- Мен негізі сайлауға ат ұсынуға 2012 жылдан бастап дайындалдым. Бірақ сайлауға түсудің сәті 2016 жылы туды. 2016 жылы Өлгий сұмынының 11-бағына атымды ұсынып, халықтың қолдауымен сұмындық депутатқа, 2020 жылы өзім туып өскен өлкем Ногооннуур сұмынынан атымды ұсынып, басым дауыспен аймақтық депутатқа сайландым.
- Әйел адам саясатқа келу үшін қандай шарттарға сай болу керек деп ойлайсыз?
- Оның бір ерекше алғышарты, ережесі жоқ. Қазір аймағымызда білімді, оқыған әйелдер көп. Солардың арасында мектеп, балабақша басқарып отырғандары да бар. Бір сөзбен айтқанда біздің аймағымыздағы әйелдердің басым көпшілігі білім және медицина, мәдениет саласында жұмыстайды. Бірақ жоғарғы, шешім шығару деңгейінде жұмыстайтындары тым аз. Менің ойымша саясатқа араласатын әйел адам ең әуелі жанды-жақты білімді болу керек. Одан кейін өз-өзіне сенімді болғаны абзал. Үшіншіде оны отбасы, жақындары қолдау керек. Төртіншісі қаржыға келіп тіреледі, яғни белгілі мөлшерде қаржы талап етіледі. Сонымен қатар сайлауға түсіп, депутат болған жағдайда халық үшін қандай жұмыс атқаратыны жөнінде арнайы жоспары болу керек.
- Әйелдер не үшін саясатқа араласу керек деп ойлайсыз?
- Қоғамда әйелдердің өзіндік орны бар. Дегенмен, әлемде және еліміз бойынша басшылық қызметте, шешім шығару органдарында ер адамдар көп. Басқасын айтпағанда демократия қоғамы орнаған күннен бері 32-33 жыл болды. Отыз жыл ішінде Үкімет билігінде көбінде ер адамдар болғаны белгілі. Мемлекеттің дамысы үшін тиімді шешім шығару тұрғысында әйел адамдардың да үні қажет екені байқалуда. Мысалы, отбасы – шағын мемлекет. Ондағы балалардың тәрбиесінен бастап, азық-түлік, кіріс-шығыс, отын-су барлығын да әйел адам реттеп отырады. Ер азаматына ақыл айтып, екеуі ақылдаса отырып, шешім қабылдайды. Тіпті әйел адам бір күн үйде болмаса, сол отбасында жылулық болмайтыны белгілі. Қазір негізінен тіршілік тізгіні әйелдерде. Сондықтан да қоғамға өзгеріс жасайық десек әйелдердің саясатқа келуіне күш салуымыз қажет.
- Осы қызметтердің сыртында МХП жанындағы либерал демократ әйелдер ұйымының төрайымы қызметін атқарады екенсіз. Осы орайда қазақ әйелдерін жалпылай сипаттап берсеңіз.
- Заман дамып барады. Адамның ақыл ойы да, техника да ұшқан құстай өте жылдам өзгеруде. Соған сай ұлттық құндылықтарымызды, әйелдік сипатымызды сақтап, біз де дамуымыз қажет деп ойлаймын. Қазақ әйелдерінің ерекшелігі – олардың оң қолынан өнер тамады. Ауылдық жерлерді аралап жүрсеңіз, малын бағып, отын жағып, оның сыртында ұлттық қолөнерді дамытып, сырмағын, түскиізін тігіп жүрген ару қыздарымыз қаншама. Бизнес саласында да табысқа жеткен әйелдер көп. Енді қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, сайлау кезінде бөлінген квотаға сай кадр дайындап, ең болмаса аймақтық, сұмындық депудаттардың 30-40 пайызын әйелдер иеленуі қажет.
Қарлығаш Ермекейқызы: “Біздің елде жалғызбасты аналарға қолдау аз”
–Аймағымыздағы әйелдердің сайлауға қатысуы, шешім шығаратын деңгейде жұмыстауы қаншалықты дәрежеде деп ойлайсыз?
– Еліміз көлемінде және аймағымызда сайлау квотасы, оған қатысатын әйелдердің үлесі тым аз көрсеткіште деп айта аламын. Мысалы 2012 жылы аймағымыздан 33 азамат АӨХ-на сайланса, осының 5-і ғана әйел адам болатын. Яғни 15 пайызы ғана әйелдер деуге болады. Алайда сол тұста аймағымыздағы көптеген ұйым-мекемелердің, АӘІБасқармасының 4 бөлімінің бастығына әйел адамдар тағайындалған болатын. Қазіргі кезде де 4-5 аймақтық АӨХ-ы депутаты бар. Тұлба сұмынының әкімі әйел адам болса, Цэнгэл сұмынының АӨХ-ның төрайымына әйел адам тағайындалған. Мен аймақтық АӨХ-ның өкілі болған тұста, сайлауда басым дауыспен демократиялық партия жеңіске жеткен болаты. Көзі ашық кейбір азаматтар әйелдерді қолдағанымен көп жағдайларда әйел адамдарға деген қате көзқарас бар. Ол жасырын емес.
– Саясатта жүрген тұста сізге кедергілер кездесті ме? Немесе сізді әйел ретінде менсінбеушілік байқалды ма?
– Әрине. «Байтал шауып, бәйге алмайды» деген бұрынғы кездегі бір керағар сөздерді негізге ала отырып, әйелдер қауымын кемсіту үрдісі кездесіп жатады. Мен өзім жалғызбасты ана болдым. 3 бала тәрбиелеп өсіріп, оқытып, оларды үйлендіру деген оңайға соққан жоқ. Мысалы, қап толы бидайды бір жерге жеткізу керек. Бұл жүкті жалғыз адам көтерсе жеңіл ме, әлде екі адам бөліп көтерсе жеңіл ме?!
Мемлекетімізден де, аймақ тарапынан да жалғызбасты әйелдердің мүддесі тұрғысында оларға жәрдемақы т.б жеңілдіктер қарастырылмаған. Ал, саясатта жүргенде жалғызбасты әйелдің артынан қаншама сөз еретінін ешкім де есептей алмайды. Артыңнан алып қашпа әңгімелер мен қаңқу сөздер көп айтылатыны белгілі.
– Болашақта сайлауға ат ұсынып, саясаттағы жолыңызды жалғастырасыз ба?
– Мен зейнеткермін. Жастарға мүмкіндік туғызған жөн деп санаймын. Дегенмен нәзік топтағы азаматтарды қолдау мақсатында «Хайлан сэтгэл» атты бейресми ұйым құрып, жұмыстаудамын. Қоғамда белсенді болу – менің негізгі мақсатым. Балаларым ер жетті. Үшеуі де шет елде. Өз алдарына тіршілік құрып кеткен. Ал, мен ендігі уақытымды қайырымдылық істеріне арнамақпын.
Зәуреш Қайсақызы: Әйелдердің көшбасшылығын қолдау желісі үйірмесіне келуге шақырамын
Бүгінгі қоғамдағы қадыптасқан біржақты жаттанды ұғымдардан бастап партиядағы жендерлік мәселелерде әйел саясаткерлерге көптеген кедергілер тудыратындығын ақпарат құралдары арқылы білеміз. Мұндай жағдайда әйелдер өзіне деген сенімділігін одан әрі арттырып, партия ішіндегі орнын тауып, танымал болудың маңызы зор дегенді де олар айтып отыр.
«Әйелдердің өзіне деген сенімділігі неғұрлым жоғары болса да оған кері әсерін тигізетін мәселе әр сатылы құрылым кездеседі» дегенді Баян-Өлгий аймақтық Әйелдердің көшбасшылығын қолдау желісі үйірмесінің ұйымдастырушысы Қ.Зәуреш атап өтті. Ең әуелі Сайлау туралы заңда көрсетілген 20 пайыздық квота қанағатсыз екендігін тілге тиек ете, Саяси партиялар туралы заңды жаңалап бекіткенде квотаның санын арттыру талапқа сай болмақ екендігін айтты.
«Сонымен қатар құрылым немесе заң, ереже, қағидаларға ерекше мән беріп, әйелдерді қолдайтын саяси бағыт ұстанған жөн. Партияның ішкі мәдениетін өзгерту керек. Біз білетін еуропада осындай құрылым өте жақсы дамыған. Біздің аймағымызда әйелдердің саяси белсенділігін арттыру үшін Әйелдердің көшбасшылығын қолдау желісі үйірмесін орнатып іс-қызметін жүргізіп отырмыз» дейді осы ұйым жетекшісі Зәуреш Қайсақызы. «Сондай-ақ саяси белсенділігін арттыру үшін жергілікті аумақтардағы әйелдерді партиялық көзқараспен алаламай, өзара біріктіру негізгі ұстаным болмақ. Бір-бірін қолдап, тәжірибе алмасып, үйреніп, бірлесіп жұмыстау қажет» дегенді де ұйым басшысы жеткізді. Осы орайда Әйелдердің көшбасшылығын қолдау желісі үйірмесі туралы анықтаған едік.
- Баян-Өлгий аймағындағы Әйелдердің көшбасшылығын қолдау желісі үйірмесі туралы таныстырсаңыз?
- Бұл үйірме жергілікті өлкедегі көшбасшы әйелдердің өзіне деген сенімін арттыру, байланыс жасау желісін орнату, ауқымын ұлғайту, өзара үйрену, тәжірибе алмасу, білімі мен ақпаратын бөлісу мүмкіндіктерін жасап беру бағытында іс қызметін жүргізеді. Әйелдердің көшбасшылығын қолдау желісі үйірмесінің есігі барлық әйелдерге ашық. Мұнда әйелдердің саяси белсенділігі мен көшбасшылығы негізге алынады. Шешім шығару деңгейінде қол біріктіріп, үлес қосуға ынталы әйелдерді осы үйірмеге қамтуды мақсат тұтып отырмыз.
- Баян-Өлгий аймағындағы әйелдерге арнап не айтасыз?
Бұл мүмкіндіктерді пайдаланып жергілікті аумақтардағы сайланбалы және саяси лауазымға лайық, ары қарай МҰХ-ға жергілікті жерден сайлану үшін атын ұсынуға толық мүмкіндігі бар әйелдер қауымын үйірменің іс қызметіне белсене араласып, басқа да әйелдерге қолдау көрсетіп жұмыстауға шақырамын. Өткен айда үйірме мүшелері аймағымыздың ахуалына қорытынды жасап, пікірталас ұйымдастырған болатын. Енді бұқараны қамтыған, кең ауқымда «Баян-Өлгий аймағындағы әйелдердің тұрмыс-тіршілігі» жөнінде мәжілісі ұйымдастыру жұмысына дайындық жасаудамыз. Бұл мәжілісте аймағымыздың әйелдерінде кездесіп отырған негізгі мәселелер жайлы ашық пікір білдіріп, ұсыныс тілектерін қабылдап, біржақты шешімге жетуді жоспарладық. Осы шешімді үндеу болдырып саяси партия басшыларына, мемлекеттік әкімшілік және жеке меншік ұйым мекемелерге жеткіземіз.
Материалды әзірлегендер: А.Айбота, Б.Еркінбек
Редакторлаған: Д.Мөнхчимэг