Алдымен адамның дамуына назар аударсақ…
– Әуелі жөн сұрасып барып, әңгімеге көшетін әдетіміз ғой. Өзіңізді таныстыра кетсеңіз.
– Мен Алғабек Шөндейұлы Алтанцөгц сұмынында дүниеге келгенмін. 8-сыныпты бітірген соң Өлгий сұмындық 6-толық орта мектебінен 10 сыныпты бітіріп, Моңғолия мемлекеттік аграрлық ауылшаруашылық университетіне оқуға түсіп, экономист мамандығы бойынша оқуымды тәмамдадым. Оқу бітірген соң құрылыс саласында жұмыстадым. Құрылыс компанияларында есепші, менежер қатарлы жұмыстар жасай жүріп, кейін өз бизнесімді бастадым. Қазір мал шаруашылығымен шұғылданамын. 50 сиырлық фермамыз бар. Жем-шөбін де дайындайтын жеріміз бар. Сол бойынша іс –қызмет атқарамыз. Сиырлар Алатау тұқымынан. Мол мөлшерде сүт береді. Сүт қалпында кейбір ақ тағамдар жасайтын компанияларға өткіземіз. Жеке өмірім туралы айтқанда зайыбым және балаларыммен бірге өмір сүремін.
– Енді осындай жеке кәсібіңіз бар, өзіңіз елден алыста тұрасыз. Сізге депутат болудың қандай қажеті болды? Немесе саясатқа қалай келдіңіз?
– Саясатқа келуден бұрын ең алдымен туған еліміз, жеріміз үшін бірнәрселер жасау қажет деген ой болды. Елге келіп жүреміз. Сол кездерде байқағаным – сұмынымыздың дамысы кейбір сұмындарға қарағанда артта, оқу сапасы төмен деген сияқты, бір реформалар қажет сияқты сезілді. Енді оны жеке өз тарапымнан жасай алмайтыным шындық. Ол үшін үкімет арқылы, бюжет арқылы ықпал жасай білу қажеттілігі туындады. Былайша айтқанда халық болу арқылы сұмынымызға жасампаз жұмыстар жасауға болады деп түсіндім. Сайлаған халыққа алғысымды білдіремін.
– Ал, Алтанцөгц сұмынының дамысы үшін не істеу қажет?
– Алтанцөгц сұмынының 100 жылдық тарихы бар. Бұл жердің ерекшеліктері көп. Мысалы түйе өсіруге қолайлы. Аймағымызды шұбатпен қамтамасыз етіп отыр десек қателеспейміз. Ақ тағамның қай түрін де сатып кірістерін арттырып отырған отбасылар көп. Сонымен қатар сұмынымыз егін шаруашылығын қолға алу керек. Бұрын социализм тұсында көкөністерді батыс аймақтармен қатар Ресейге экспорттап тұрғанын мен айтпасам да ел біліп отыр. Дайын жер тұр. Тыңайтып көкөністер мен картопты молынан егіп, көптеген азаматтарды жұмыспен қамтып, тіпті басқа аймақтарды айтпағанда аймағымызды ішкі өніммен неге қамтамасыз етпеске?! Көкейімде жүрген ең маңыздысы – осы. Ал, ақ тағамдардың қай түрін де мәселен сүт, айран, қымыз, шұбат құрт, май, ірімшіктің қай түрін де арнайы өндірістік жолдармен дайындап, аймағымыздың, еліміздің, тіпті шетелдің нарығына шығаруға неге болмасқа?! Біздің еліміздің дамымауының тағы бір себебі алпауыт елдерге арқа сүйеп, соңғы өнімдер шығармаймыз. Шикізатты пайдалана алмауымыз болса керек. Қазір барлық елдерде шағын және орта өндірістерге айырықша маңыз берілуде. Әсіресе дамушы елдерде десек те болады. Егер азаматтар малдан қандай бір өнімдерді өндіретін шағын және орта өндірістер ашамын десе қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Бір істі бастау үшін арнайы жоспар керек. Оның кірісі шығын мөлшерін анықтау қажет. Ойланып барып іс қылу керек дегенім ғой. Мысалы кейбір шағын өндірістерге қажетті технологиялар, құрал- жабдықтар шетелдерден келеді. Осыны зерттеп біліп алу қажет. Жоба жасау қажет деген сияқты. Мемлекеттен де әртүрлі деңгейде жеңілдетілген несиелер беріледі. Соны да зерттеу керек деген сияқты. Нарықтағы бағаларын зерттеп көргенде 10-50 млн төгрөгтің аралығында шағын сүт өндірісін орнатуға мүмкіндік бар. – Сіз енді үлкен ортада жүресіз, басқа аймақтармен салыстыра қарағанда аймағымыз дамуы үшін не қажет деп ойлайсыз? – Дамыс дегенді әржақты түсінеміз. Қала салып, жол салып қойып дамып кеттік дей алмаймыз. Әңгіме мынада. Яғни 30 жылдың ішінде біз не жоғалттық дегенде адамды дамытуды. Адам дамыса, оның ақыл ойы дамыса ғана қоғам дамиды. Қазір мысалы дамысты елдерден, мәселен Еуропадан саяхатшылар келсе жерде жатқан қоқыстар мен ластанған табиғатқа жаны ашиды. Өздері жүрген сапарында қоқыс тастамауға тырысады. Адамның дамысы – табиғатқа қатынасуы басқа да қажеттіліктерден көрінеді. Әрі ең алдымен ол адамның дені сау болу керек. Осы ретте аймағымыздың білім және денсаулық саласына ерекше мән бергені абзал. Бірлік болу керек сосын. Экономикалық жағына келетін болсақ, әрине өте көп қажеттілік бар. Қазір коронавирус індетіне байланысты аймағымыздың экономикасы жалпы еліміздің экономикасы қиын деңгейде. Аймағымызға жақын Ресейге және Қытай шекаралары ашылып, халықтың емін-еркін жүріп тұруына жағдайлар жасалса нұр үстіне нұр болар еді. Аймағымызда шетел асып сауда жасайтын 600-ға жуық әйел адам бар екен. Шекара ашылып жатса осындай саударгерлерді қолдау қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ шағын және орта өндірістердің барлығын аймақ орталығына ғана шоғырландыра берген дұрыс шешім емес.Мүмкіндік болса сұмындарға орнату, сұмындарда жұмыс орнын көбейту қажет. Қазір аймақ орталығына көшіп келушілердің саны көп. Бір жерге халықтың көптеп шоғырлана беруі оңды шешім емес. Ол жерде жер қымбаттайды, жылжымайтын мүліктің де бағасы шарықтайды. Жол кептелісі пайда болады. Тіпті соңғы жылдары аймағымымызда түтін мәселесі орын ала бастады. Осыны да ескеру қажет тәрізді. Ал, туризм саласы- аймағымыз үшін табыстың көзі саналады. Ішкі сыртқы туристер аймағымызға көптеп келеді. Сондықтан да осы салада қызмет атқаратын жеке шаруашылық бірліктеріне аймақ тарапынан қолдаулар көрсетілуі қажет. Аталмыш компаниялар да жауапкершілікті сезіну қажет. Дәретханасынан бастап, даяшылықтарын жақсарту қажет деген сияқты.
– Алтанцөгц сұмынында қандай жасампаз істер жасалды?
– Жергілікті жер басшыларынан, жұмысшы қызметкерлерінен, жалпы халықтан пікір алғанда олар да білім саласына көңіл бөлуді мақсат етіп отыр. Сол тұрғыда ТИКА халықаралық ұйымының көмегімен білімнің іргетасы болып саналатын балабақшаға күрделі жөндеу жасалды. Жаңа жатақхана салынып, мектепке де күрделі жөндеулер жасалынбақ. Сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмысына қолымыздан келгенше көмектесеміз. Мұғалім сабақ үйрету үшін компьютер, интерактивті тақта, оқулықтар қатарлы оқу базасы қамтамасыз етілген болуы қажет. Оқушылардың сабақ оқитын, өмір сүретін ортасы жақсы болуы керек. Міне осы тұрғыда мектеп пен жатақхананың таза жайлы болуы маңызды. Сұмын әкімдері тарапынан басқа да жасампаз істер жасалынады деп күтілуде.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңыздан табыс тілейміз!
– Рахмет!
Сұхбаттасқан Айбота Әлейханқызы