Алты жұрттың тілін білген қазақтың ғалым қызы
Хабарымыздың студия қонағына Италия елінің Венеция қаласындағы Ка Фоскариатындағы Университеттің түркітану және моңғолтану бөлімінде зерттеуші Райма Әуесханқызын шақырдық.
- Райма студиямызға қош келдіңіз! Филология ғылымына өз үлесіңді қосып жүрген қазақтың ғалым қыздарының бірісіз. Енді бұл салаға қалай келдіңіз?
- Аймағымыз халқына танымал, белгілі ұстаздар болған Әуесхан Ағызайұлы және Елге Еңбегі сіңген қайраткер Қатира Қалиқызының құзыретінде, сол отбасында өсуім ғылымға келуімдегі алғашқы себеп болды. Кішкентайымнан атам мен апамның үлкен кітапханасындағы кітаптарды оқып өстім. Мектепте қазақ тілі пәнінен Қазақстанда өткен халықаралық олимпиадада гран при жеңіп алып оқуға Қазақ елінің Алматы қаласына кеттім. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бакалавр, ал магистратурада тіл білімі саласы бойынша оқыдым. Ал ғылыми докторлық дәрежемді 2021 жылы Түркия елінің астанасы Анкара қаласындағы Хажеттепе университетінің Түркітану институтында түркітану саласы бойынша қорғадым.
- Райма сіз 6 тіл біледі екенсіз. Осынша тілді қалай үйреніп жүрсіз?
- Мен мектепті Баян-Өлгийде қазақ мектебінен бітірдім. Яғни бастауышты қазақша, орта сыныптан бастап моңғол тілінде сабақ үйретіледі. Моңғол тілін яғни мемлекеттік тілді орта мектепте үйрендім. Сосын орыс және ағылшын тілдері де үйретіледі. Мектеп қабырғасында үйреніп бастап, кейіннен оқуға түскеннен кейін де бұл тілдерді қатар алып жүрдім десем болады. Ал, Түркияда докторантурада еңбек қорғау үшін Түрік тілін академиялық деңгейде үйренуге тура келді. Ал, Италияға барғаннан кейін сол елдің тілін үйренуге тура келеді. Қазір университетте ағылшын және италия тілінде жұмыс жасаймыз.
- Сіз үшін ең оңай тіл қай тіл болды?
- Өз тілімізден кейін яғни бала кезден оқыған моңғол тілін қоспағанда сөйлеу Түрік тілін өте тез уақытта 2-3 ай аралығында үйрендім, толық сөйлеп кеттім. Ал академиялық деңгейде үйренуге бір жылдай уақыт кетті. Осы тілдердің ішінде ең көп уақыт жұмсаған тілім Италиян тілі. Бұл тіл Европа елдерінің ішінде де өзгеше тілге жатады. Ағылшынға да ұқсамайды. Құрлысы жағынан біздің ана тілімізге мүлдем ұқсамайды. Мысалы, Моңғол, Түркі тілдері Алтай тілдер тобына жатады. Аздап құрлысында ұқсастық бар. Мағынасы мен айтылуы бір сөздер де көптеп кездесіп жатады. Ал, Италиян тілі өзгеше болғандықтан жыл жарым уақыт жұмсадым.
- Ал, докторлық диссертацияңыздағы зерттеу бағытыңызға тоқтала кетсеңіз.
- 2021 жылы докторлық ғылыми еңбегімді Анкара қаласында қорғадым. 2023 жылы докторлық диссертациям монография ретінде Түркия елінде, түрік тілінде басылып шықты. Кітабым Moğolistan’da Yaşayan Kazaklar: Tarihi, Kültürü, Dili ve Dil Durumu яғни қазақша Моңғолияда өмір сүретін Қазақтар: тарихы, мәдениеті, тілі және тілдік жағдаяты деп аталды. Мұнда Алтай Қазақтары туралы тарихи мәліметтер мен қатар тіліне ғылыми анализ жасалды. Жалпы Түрік тілінде және ағылшын, орыс тілдерінде Алтай Қазақтары туралы ғылыми әдебиет, мағлұмат тым аз еді. Еңбегім осы олқылықтың орнын толтыру үшін, Моңғолияда өмір сүретін Алтай Қазақтарының көшпенді өмір салтын әлемге таныту, ғылыми тұрғыдан зерттеуге арналды. Сонымен қатар ағылшын, итальян тілдерінде ғылыми мақалаларым жарық көрді.Жалпылай айтқанда зерттеу нысаным – Түркітану, Моңғолтану, Алтайтану және тіл білімі.
- «Білімді мыңды жығады» деген нақыл сөз бар қазақта. Қазіргі таңда аймағымыз жастарының көбі бакалавр білім деңгейімен шектеліп қалады. Осыған байланысты қандай пікірдесіз?
- Жастар алдымен өзіне не қажет екенін, бакалаврлық диплом алғаннан кейін не істеймін дегенді жақсылап ойлану керек. Егер білім ғылым жолын қуса міндетті түрде магистратураға түсу қажет. Одан кейін докторантура деген сияқты. Білім адамға ешқашан артықтық етпейді. Білгеніміз бір тоғыз, білмегеніміз тоқсан тоғыз. Ал, бизнеспен тағы басқа салалармен жұмыс жасайтын жастарға қайтсең де магистр, доктор атағын қорға демейміз, оларға ертерек нарыққа кіріскен пайдалы. Кей мамандықтар өз саласы бойынша білімін ұдайы жетілдіреді. Әсіресе медицина және ғылым саласы. Әркімнің таңдауы өзінде әрине.
- Италия елінен біз үйренетін қандай қасиеттер бар деп ойлайсыз?
- Мен әуелі Қазақстанда 6 жыл оқыдым, сосын Түркияда 5 жыл тұрдым. Италияда тұрғаныма 3 жыл уақыт болды. Бірдеңе деп қортынды шығаруға әлі ерте деп ойлаймын. Дегенмен Еуропа елдерінің бір артықшылығы – қарапайымдылық, білімге, білуге құштарлық. Мысалы, Венеция қаласында кемелерде, Турин, Милан секілді қалаларда автобуста, метрода кез-келген жерде жастар, оқушылар кітап оқып тұрады. Кітаптар көп жазылады, көп сатылады. Киімдері, сумкалары сәл ескірсе де оған мән бермейді. Сосын саяхаттағанды жақсы көреді. Әлемнің мәдениетімен танысқанды ұнатады. Бұл енді өмірлік ұстанымы болмаса да сол елдің негізгі фәлсафасы. Үйде отқаннан саяхаттағанды артық қояды.
- Оқу сапасы қандай?
- Бізде Моңғолияда үкіметтік мектептерден жеке меншік мектептердің білімі жақсы деп шамасы келетін ата-аналар балаларын ақылы түрде оқытып жатады. Осыдан білімнің айырмашылығы да шығып жатады. Мысалы IELTS, TOEFL деңгейлерінде емтиқан тапсыру үшін жеке меншік мектептерден оқытады. Ал, енді Италия елінің мемлекеттік мектептерінде де шетел тілдері жоғары деңгейлерде оқытылады. Білім сапасы өте жақсы деп айта аламын.
- Ал, енді жастар шетелге шығып оқығысы келеді. Осыған қандай кеңес айтар едіңіз?
- Мен өзімнен кейінгі жастарға, бауырларыма айтарым шетелден оқығысы келсе, мамандығын жетілдіргісі келсе, былайынша айтқанда өзін дамытқысы келген әрбір азамат ағылшын тілін міндетті түрде білуі шарт. Екінші айтатын мәселе – шетелдік кейбір университеттерде 100 пайыздық гранттар бар. Яғни 100 пайыз тегін оқуға да болады. Мен өзім Анкара қаласындағы Хажеттепе университетінен тегін оқыдым, сондай мүмкіндіктерді іздеп, зерттеп, талпыну керек.
- Қалай түстіңіз?
- Ең бірінші қайдан оқимын дегенді анықтап алсаңыз, сол елдердің гранттық бағдарламасы бар университеттерін зерттеу қажет. Мен мысалы Түркиядан оқу үшін қандай рейтингісі жоғары жақсы университет бар деп зерттей бастадым. Сөйтіп аталмыш университетке құжаттарымды жіберіп, онлайн емтиқан тапсырдым. Келесіде Моңғолиядағы Түрік елшілігіне барып, ауызша емтиқан тапсырдым. Сөйтіп сол сынақтардан өтіп барып қабылдандым. 100 пайыз гранттың артықшылығы сол мемлекет сіздің әлеуметтік мәселеңізді де жауаптанады. Оқу тегін, жатақхана тегін, медициналық қызмет те тегін. Студент үшін бұдан артық жақсылық бола ма?! Сөзімді қортындылай келе жастарға, артымыздан ерген бауырларымызға егер шетелден оқығыңыз келсе – ағылшын тілін оқыңыздар деп кеңес беремін, әрине барлық білімді шетелден алуға ғана болады деп те ойламау керек. Әр адам өзі талпынса қалай да, қайдан да оқып, дамуына болады деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет! Іс-қызметіңізден табыс тілеймін!