Асгат күміс кені жүзеге асса ең кемі 500 азамат жұмысты болады
Асгат күміс кенінің қоры алғаш 1976 жылы барлау жұмысын бастаған еді. Қазір содан бері 44 жыл өтіпті. 44 жыл дегеніміз аз уақыт емес. Осы уақыттар ішінде аталмыш ірі жобаны экономикалық айналымға енгізу, пайдалану мақсатында Монгол үкіметінен көптеген саясаттар, әртүрлі шешімдер шығып келген-ді. Алайда еліміз үкіметінің шешімдері мен Асгат кені туралы пайымдарын бір шетке ысыра тұрып: «Бұл кеннің бізге берешегі қандай? Асгат кені дегеніміз не?» дегенге тоқталмақпыз. Асгат кені деп естігеніміз, немесе Асгат күміс кені бар екен, жуық арада ашылып жұмыстамақ деген ақпараттардан тысқары дәл осы кен туралы толық мағлұматымыз жоқтың қасы.
Асгат күміс кені тау аңғарында түзіліп, табиғат, ауа райының тезінен өтіп бүгінге жетіп отыр. Пайдалану алаңы 25 км.кв 15 бөлікке бөлінген. Кеннің 5 белдеуі бар деп тоқтатылған.
Кеннің бекітілген қоры 6,4 млн тоннаны құрап отыр. Бекітілген таза күміс қоры – 2247 тонна, бұл 78645000 унция деген сөз. 1 унция қазіргі жағдаймен 25 АҚШ долларына тең келеді. Бекітілген мыстың көлемі 76000 тонна. Мұның экономикалық қорын есептесек 2,5 млрд АҚШ доллары немесе 7,1 триллион төгрөг деген сөз. Бұл соманы Монгол мемлекетінің 2020 жылғы бюджетімен салыстырсақ 60 пайызын құрайды.
Ал, Асгат кеніне қосымша болжамды қорды қосып есептесек шамамен – 6800 тоннаны құрайды. Болжамды мыстың қоры – 210000 тонна. Бұл болжамды қорды қазіргі экономикалық айналымдағы бағамен есептесек – 4,7 млрд АҚШ доллары немесе 21 триллион төгрөг деген сөз. Сонымен қатар Асгат күміс кені жобасының алдын ала техникалық, экономикалық негізі бойынша пайдалану уақыты 24 жыл, өнім беретін мерзімі – 11 жыл, қаржы енгізу мөлшерін 127,3 млн АҚШ доллары, айналым кірісі – 318,1 млн АҚШ доллары, ақша айналымы – 178 млн, іс-қызметтік төлем – 256,5, салық төлемі -241, таза пайда кірісінің мөлшерін 197,1 АҚШ доллары деп есептеп шығарып отыр. Бұл көрсеткіш бекітілген қордың байлығымен салыстыра қарағанда өте аз. Сондықтан да Асгат күміс кенінің жобасының алдын ала техникалық, экономикалық негізін қайта жасау қажеттілігі туындауда. Аталмыш жоба іске асса ең кем дегенде 500 адамды тұрақты жұмысты болдырады. Сонымен қатар қосымша жұмыс орындары пайда болады, шағын және орта өндірістер көптеп ашылады. Баян-Өлгий аймағының жерінде орналасқан Асгат күміс кені экономикалық айналымға кірсе аймақ, жергілікті жер дамысына үлесін қосып, халықтың әл-ауқаты жақсаруына септігін тигізіп, жұмыссыздықты азайту, кедейшілікті жою мақсатында берешегі мол тарихи және даму жобасы болатыны даусыз. Сондықтан да қымбатты оқырмандар Баян-Өлгий аймағының дамуы, гүлденуі сіз бен бізге тікелей байланысты!
Баян-Өлгий аймағының Даму қоры басқару кеңесінің төрағасы Палдайн Нямхүү