Заманымның қолын бұлғап өтіп бара жатқан-ай…
Әр адам өмірге келгенде біркелкі, сәби, ешнәрседен бейхабар болады. Ал, өмірден өткенде олар әр басқа болып, аз ба көп пе жасаған ғұмырында жасаған істерімен өлшенеді. Кей адам тез-ақ ұмыт болады, ал, кей адамның ізі өшпейді. Ол мейлі керемет шығармасы болсын, салған картинкасы болсын, тіпті жақсы балалары болсын, бәрібір ол кісінің өзі жоқ болғанымен аты мәңгілікке қалады. Солардың бірі – Қуанған Зияданұлы. Бұл кісіні көпшілік «Заманымның өтіп бара жатқан-ай» әнімен таниды. Ал, шын мәнінде Қуанған Зияданұлы деген кім?! Қуанған талантты сазгер, примашы, әнші-күйші, ұстаз, актер де болған….
Аймақтық орталық кітапханада Қуанған Зияданұлының «Әсем әуен, тәтті күй» атты сазгерлік ән-күйлер жинағы жарық көріп, Құрманхан Мұқамәдиұлы атындағы театр сахнасында аталмыш театр әртістерінің дайындаған концерті өтті. Қуанған Зияданұлының бір ғана «Заманымның қолын бұлғап өтіп бара жатқан-ай» атты әні классикалық деңгейге жетті десек артық айтқандық емес. Ол ән бүкіл бір адам өмірін көз алдыңа елестететін асқан шеберлікпен жазылған әуен. Ал, ол кісінің басқа әндерін, күйлерін білеміз бе? Яғни көптеген мұрасын жарыққа шығарып орындау үшін, ұрпақ санасында қалу үшін міндетті түрде қағаз бетіне түсуі заңды. Мінеки осы тұрғыда ол кісінің балалары мен шәкірттері өз міндеттерін мүлтіксіз орындай білді деп айтуға болады. Қуанған марқұм өзі көзі тірісінде ән-күйлерін жинақ етіп шығаруды ойлап жүреді. Алайда, аяқ астынан қайтыс болып кетеді де, қолжабалары мен нота дәптерін күйеу баласы Жеңісбек Акранұлы алып, қалайда жарыққа шығаруды ойлайды. Сөйтіп бірнеше жыл өткеннен кейін шәкірті Ердігүл Кішатқызымен ақылдаса отырып, осы кітапты жинақтап шығарған. Өмірден өткен көптеген адамдардың артында жазған шығармалары мен көптеген дүниелері болса да, шаң басқан архивтерде қалғандары қаншама?! Кейбір ұлдар әкесінің мұрасын жарыққа шығара алмай жүргенде, өз қаражатымен қайын атасының кітабын жасап, жарыққа шығару – азаматтық асыл қасиет.
Өзі кішіпейіл, жаны жайсаң, не істеде де көңілден шығарып жасайтын, адал еңбекқор ұстазымның аманатын орындасам деп көптен бері толғанып жүретінмін. Мінеки, бүгін қуанышты күн. Иығымнан үлкен жүк түскендей көңіл күйдемін. Ұстазымның жаны пейіште шалқысын» дейді көзіне жас алған шәкірті, музыкант, ұстаз Ердігүл Кішәтқызы. Жәнтекей, Шақабай рулы Қуанған Зияданұлы 1951 жылы Ногооннуур өлкесінде дүниеге келген. Толық орта білімді. Жасынан музыкаға, өнерге бейім болып өседі. Шыбарайғыр рулы Нағышпанқызы Қадуанмен 1971 жылы отбасын құрған. Сазгер Қуанған Зияданұлының «Бақытым да байлығым, Айнам менен Айнұрым» деп жырға қосқанындай өз кіндігінен Айнұр және Айна атты екі қызы бар.
1967 жылы 15 жасында Музыкалық драма театрына келіп сын беріп, музыкант болып қабылданады.
Сол кездегі театр әкімі Қайжамал, режиссер Қалидолда, музыка мұғалімдері Қазақстандық маман Мәлғаждар Әубәкіров, Ахметбек Әліпбиұлынан, Қабыкей Ахмерұлы, Мүсайф Құсайынұлы қатарлы білікті маман, ұстаздардың байқауынан өтіп, ұлағатты ұстаздардан дәріс алған. Талант пен тәжірибе қандай да бір жоғарғы оқу орнынан артық болса керек.
Қуанған Зияданұлы аға музыкант Қадыр, Ысқақ, Райхан, Тілегендерден домбыра шеберлігін тереңдетіп, Қалым, Кәптерден прима үйренеді. Сол кісілерден нота ойнаудың қыр-сырына қанып, әдіс-тәсілдерін игереді. Өзінің ізденіп еңбектенуі нәтижесінде көп кешікпей екі-үш жылдың ішінде алдыңғы аға музыканттар қатарына қосылады. Осылай өз мамандығын толық игерген соң өз ойынан ән-күй шығарсам, жазсам деген ой жетегінде болады. Ол арман қиялы да көп ұзамай жемісін беріп, 1971 жылы ең алғашқы «Әке арманы» атты күйі дүниеге келеді. Бұдан соң «Жас қайрат», «Көгершін», «Кербез қыз», «Көңіл сазы», «Аяулы ана» күйлерін жазады. Күй шығарудың сырларына терең бойлап төселген соң, енді ән жазсам деген ұшқыр ой, асқақ арман жетегінде болады. Бұл ойының іске асу сәті 1974 жылы түсіп, Ақын жазушы Қызай Бақтыбайұлының «Ақ тоты арманымсың», «Еркелеймін анам», Қарт ақын Рақатай Молыбайұлының «Қойшы» өлеңдеріне ән жазумен бұл қадамы сәтті басталады. Сөйтіп Қуанған Зияданұлы табиғи талантының, таудай талабының нәтижесінде 80 ән, 10 терме, толғау, 5-6 хор, 4-5 ерлер және әйелдер ансамблін, 8-9 арнау әндер, 10 күй және 3-4 музыкалық көлемді шығармалардың авторы болумен қатар актер болып көптеген ролдер де сомдаған. Сөйтіп жарты ғасыр бойы театрда өзіндік ізін қалдырады. Театр ұжымы биылғы жылғы жоспарларына Қуанған Зияданұлының ән кешін өткізуді енгізген. Сол жоспар бойынша автордың ән мен күйін, хорларын театр әртістері өте жоғары деңгейде орындап, халықтың қошеметіне бөленді.
Сияқты боп, қияқтанып жаңа туып батқан-ай,
Заманымның қолын бұлғап өтіп бара жатқан-ай…. деп әндеткеніндей өзі өтсе де әні, сазы өмірде қалды. Қуаш шын бақытты жандардан…
Журналист Айбота Әлейханқызы