Күн тәртібінде: тілі білімінің жаңа парадигмалары
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Әл-Фараби» кітапханасының кіші залында 2023 жылы 10 ақпанда отандық тіл білімінің өзекті мәселелеріне арналған «Тіл білімінің жаңа парадигмалары: теориялық және әдістемелік ізденістер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының ұйымдастыруымен аралас: офлайн және онлайн форматта өтті.
Халықаралық конференцияның мақсаты – филолог ұстаздардың инновациялық, педагогикалық тәжірибелерін отандық, халықаралық жаңа мазмұнды білім беру ресурстары ретінде оқу үдерісінде жүзеге асыру бағыттарын қарастыру болатын.
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының ұстаздар ұжымы конференцияның жоғары деңгейде өтуі үшін шараның ұйымдастыру жұмысында үлкен жауапкершілік пен белсенділік көрсетті. Конференцияға 100-ге жуық отандық белгілі ғалым ұстаздармен қатар алыс және таяу шетелдік тіл мамандары, филолог ғалымдар қатысты.
Конференция жұмысын: 1) Қазақ тілі біліміндегі когнитивтік парадигма, 2) Шет тілді дәрісханада тілдерді оқыту әдістемесіндегі инновациялық трендтер, 3) Мультидисципинаралық білім беру саласындағы инновациялық технологиялар атты үш бағытта жүргізді. Конференцияның салтанатты ашылуы ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор С.Қ.Суатайдың конференцияға қатысушыларды құттықтау сөзімен ашылды.
Пленарлық мәжілісте қазақ тілі білімі саласында сөйлемдердің семантика-грамматикалық аспектілері мен қазақ тіліндегі сөйлеу тілінің синтаксистік бірліктерінің прагматикалық негіздерін зерттеп жүрген, отандық танымал филолог ғалым, Қазақ тілі мен мәдениеті курстарының координаторы, КИМЭП университетінің профессоры Ерназарова Зауреш Шаршыбековна «Көптілді білім беру кеңістігіндегі қазақ тілінің орны», қазақ тілін өзгетілді аудиторияда оқыту әдістемелерін дамытуға үлес қосып жүрген, қазақ тілін өзгетілді ортада оқытып-үйретудің негізгі кезеңіне арналған грамматикалық жаттығулар жинақтары мен қазақ тілін оқып-үйренушілерге грамматикалық базаны практикалық жағынан меңгертуге арналған бірнеше оқулық пен оқу құралдарының авторы, еліміздегі қазақ тілі білімінің көрнекті тіл маманы, филология ғылымдарының докторы, Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің профессоры Күзекова Зейнехан «Қазақ тілі практикалық грамматика концепциясы және сипаттау ұстанымдары», лингвистика, психолингвистика саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстарымен отандық лингвистика ғылымында кеңінен танымал, жаңашыл, әдіскер ғалым, Абылайхан атындағы ҚазХҚжӘТУ, Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Қоңырова Ақбота Тұрағұлқызы «Кәсіби – бағытталған қазақ тілін оқыту», еліміздегі шығыстану ғылымы саласында аянбай еңбек етіп жүрген білікті маман, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шығыстану кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Пак Татьяна Николаевна, шетелдік көрнекті филолог ғалым Джанг Вонки (Jang Wonki) «Проблематика использования личного местоимения 2 лица в корейском языке» «당신», білікті филология маманы Орта Азиялық университетінің доценті, ф.ғ.к., Елибаева Раушан Дусеновна «Филология и коммуникация», Өрлеу «БАҰО» АҚФ «Республикалық кәсіби даму институтының» оқу-әдістемелік кафедрасының меңгерушісі, тәжірибелі, әдіскер маман Ибраева Жанар Мухаметқалиқызы «Оқу сауаттылығын дамытуға арналған тапсырманы қалай дайындаймыз?» атты тақырыптарда баяндама жасады. Баяндама мазмұндары білім саласындағы бүгінгі күннің басты мәселесі – тіл білімінің жаңа парадигмалары, оқу үдерісінде білім алушылардың функциональдық сауаттылығын, тіл үйренушілердің коммуникативтік дағдыларын қажетті деңгейде меңгертудің тиімді жолдары мен инновациялық технологиялар туралы болғандықтан конференцияға қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, кең ауқымды пікірталас тудырды, жан-жақты талқыланды.
Пленарлық мәжілістен кейін конференция жұмысын жоспар бойынша секцияларда жалғастырды. Конференцияға қатысушы ғалымдар мен ұстаздар тіл білімі саласындағы заманауи өзекті мәселелерді талқылап қарастырды. Тіл мен әдебиетті оқытудың өзекті мәселелерін шешуде инновациялық іс-әрекеттердің тиімділігін арттыру, қазіргі тіл біліміндегі ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік жұмыстардың перспективалық бағыттарын анықтау, қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын дәріптеу, оқу үдерісін, тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру жолдарын қарастыруға қатысты және кешенді тестілеу мен ҰБТ-ға дайындауда барысында туындайтын маңызды мәселелерді анықтау жолдарын ғылыми тұрғыдан талдап зерделеді.
Конференция өз жұмысын алдына қойған мақсат-міндеттерінің талабына сай өткізіп, табысты аяқтады. Конференцияның жабылу салтанатында баяндамашылар мен қатысушыларға конференция материалдары жинақтары мен сертификаттары берілді. Конференцияға қатысушылар да өз тарапынан ұйымдастыру комитетіне: Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасына конференцияны жоғары деңгейде өткізгендері үшін ризашылықтарын білдіріп алғыс айтты.
Наралиева Рахила Турсыновна,
Бегалиева Айша Карыпжановна,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің аға оқытушылары