Президенттік сайлау – болашақты таңдау
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалсын» деген 2022 жылғы 21 қыркүйекте жарлығы шыққан соң елімізде, Тәуелсіз Қазақстанда, қазіргі уақытта сайлауалды қарбалас та маңызды кезең басталды. президенттік лауазымға он екі тұлға өтінім білдіргенімен, олардың ішінен Ата Заңымызға, талаптар мен шарттарға сай келетін алты үміткер қалды. Қай үміткерге дауыс берсем екен деген ой әрбір азаматты толғандыратыны ақиқат. Себебі, кезектен тыс президенттік сайлау тек мемлекет басшысын ғана таңдау емес, еліміздің болашағына таңдау жасайтын жауапты қадам. Президенттік сайлауға, әрине, біз де, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының (толығырақ: www.kaznu.kz сайтынан білесіз) еңбек ұжымы бейжай қарай алмаймыз, мемлекетіміздің келешегі, тәуелсіздігіміздің тұрақтылығы Президенттің парасатты билігі мен кемел де ізгілікті істерге бағытталған, Жаңа Қазақстанға нық қадаммен бастайтын бағдарламасына тығыз байланысты. Сондықтанда әлемдік және отандық сайлауға қатысты жағдаяттарға терең үңіліп, талдай қарасақ, әлемдік тәжірибеде Президентті жеті жылға сайлау болғаны белгілі. Мысалы, Еуропа алдыңғы қатарлы демократиялық елі – Францияда 1962-2000 жж. аралығында жеті жылға сайлау болды, 2000 жылдан бастап, бес жылға сайлау енгізілді. Осы уақыттарда бүкілхалықтық сайлауға қол жеткізді. Бұл елде сайлау мажоритарлық жүйеде екі турмен өтеді. Францияның сайлау тарихында бірінші турдың қорытындысымен ешқандай президент 50 пайыз жинамаған, сайлаудан өтпеген. Сайлану үшін үміткер 500 лауазымдағы азаматтың қолын жинауы қажет болған. Франция 1871 ж. Сайлауды заңдық реттеумен келе жатқан демократиялық мемлекет екені белгілі. Мұндай тәжірибеден сабақ алу біз үшін өте қажет. Әрине, осыған дейін де Қазақстанда жеті жылдық сайлау болғаны белгілі. Президент Қ.-Ж. Тоқаев жеті жылдық мерзімді ұсыну «билікті монополизациялаудың алдын алу» екенін ескертті. Алайда сарапшылар – биліктің нығайту амалы ғана екенін, ал жеті жылдық бір мерзімнің өзгеріссіз қалатынына ешқандай кепілдік жоқ екенін айтады. Сарапшылардың мұндай пікірлерімен келісе беру мүмкін емес, өйткені билік – ол – билік болып қалу керек, ал жеті жыл ішінде алға қойылған көптеген міндеттер орындалатын уақыт деп санаймыз.
Дегенмен де бізде қазір «сайлауға барасың» деген күштеу жоқ, ондай нұсқау да жоқ, әркім өз еркімен барады. Жастар жағы да сондай.
Сонымен қатар, жеті жылға сайлау бойынша шешім туралы көп ойланғанын, бір адамның ұзақ уақыт билікте болуы дұрыс емес деген тұжырымға келгенін де Қ.-Ж. Тоқаев атап өткен болатын.
Тәуелсіздіктің үлкен жетістігі – алыс және жақын шетелдермен дипломатиялық байланыстың орнатылуы. Соның нәтижесінде өзіміздің және шет мемлекеттердің жастары бір-бірімен ғылым, білім алмасып, өзара мәдени ықпалдастық жасалуда.
Сайлау туралы айтқанда, данышпан ғұлама Абай Құнанбаевтың тұжырымдамалары маңызын жоймағаны белгілі. Біздің Президентіміз де өз ұстанымында Абайға жүгінетінін 2020 ж. жариялаған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында анық көрсетті: «Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген. Демек, Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады».
Қасым-Жомарт Тоқаев Абайды жай айтып қоймай, оны өз ісінде жүзеге асырып жатқанын былай айқындады: «Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін».
«Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да аңғартады» деген пайымдамасымен Президентіміз қай жағынан алса да, сыни көзқараспен қарайтынын байқатты.
Абай өзінің үшінші қара сөзінде «Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалылығынан жетерсің» деген сөз. Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді. Енді несі қалды? Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң, менің ойыма келеді: Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадәрлі орысша образование алған кісі болсын. Егер де орталарында ондай кісісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уезный начальник пенен военный губернатордың назначениесімен болады десе, бұл халыққа бек пайдалы болар еді. Оның себебі: әуелі – қызметқұмар қазақ балаларына образование беруге ол да – пайдалы іс, екінші – назначениемен болған болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді.
Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен түссе, әйтпесе түспесе.
Ол билерге даугер адамдар қалмай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке сайлап алып, біте берсе; егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді».
Қ.-К. Тоқаевтың істері Абайдан үлгі алып, үндесіп жатыр десек, артық емес деп санаймыз. Сондықтан да болар ол мақаласын «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», – деп қорытындылаған.
Әрине, ХХІ ғ. басындағы экономикалық және саяси кеңістікте құнды қор ақпарат қана емес, сонымен қатар оның негізгі өнімі болып табылады. Қазіргі кезде коммуникация ақпарат алмасу үдерісі ғана емес, ол жаңа ойдың қалыптасуы, ой елегінен өткізу үдерісі болып табылады, яғни оның мәні коммуникативті үдерістің мүшелеріне назар аудару, белсенді аудиторияның болуы, кең мағынада оларды жариялай білу қажет.
Бұл жағынан да президентіміз Қ.-Ж. Тоқаевтың қоғамдық келбеті, азаматтық тұлғасы Қазақстанда жүргізген саяси реформаларынан, жақында өткен «Орталық Азия – Россия» Саммитінен анық көрінді. Саммитке Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Россия және Қазақстан қатысып, одан әрі ынтымақтасу мәселелерін қарастырумен нақты байқалды.
Саммитте Қ.-Ж. Тоқаев бізге тағдыр бірге болуды жазғанын, сондықтан біз тарихымызды сақтап, халқымыздың игілігі үшін біртұтас болашағымызды құрып, қауіпсіздік пен тұрақтылық әр аймақ үшін маңызды деп баса көрсетті.
Сонымен қатар Президент Қ.-Ж. Тоқаев цифрлық технология, әлеуметтік желілер дамып жатқанда, кез келген аңдаусыз сөйлеген сөздер, әсіресе, жастар арасында дау туғызып, этникааралық наразылыққа дейін апаратынын атап өтті.
Ел басқаруға да жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды екенін Президентіміз баса айтты. Бұл пайымдауы М. Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзімен сабақтасып жатқанын аңғарамыз.
Біз жастармен жұмыс істегендіктен мұндай мәселелерге көңіл бөліп, жастардың саяси мәдениетін дамыту бағытында жұмыс жасағандықтан, біз осы сайлауда әрқашанда халық қасынан табылатын, елінің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген Президент Қ.-Ж. Тоқаевты таңдаймыз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Сартаев С.А., аға оқытушылар Бегалиева А.К., Наралиева Р.Т.