Тіліңнің шаппа тамырын, зертте, таны сан қырын
Қазақ тілі – тамыры тереңге жайылған, сан ғасырлар бойында, тіпті сан мыңжылдықтарда бірде қарыштап дамып, бірде қанаты сынуға шақ қалған, әйтсе де өз маңызын әсте жоғалтпаған ұлттық қазына. Оның байлығының белгісі күрделі тарихымен тығыз байланысты. Өткенге толық тоқталмай, болашаққа қарай оқтала алмайсың. Осы ұран ғылымның қай саласында болсын, ең елеулі болып қала бермек. Сол себепті тілдің табиғатын түсіну де оның тарихына үңілуді қажет етеді. Дәл осы мақсатта 2022 жылдың желтоқсан айында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде https://www.kaznu.kz түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды. Институттың басты мақсаты –аумағы алып түркі жұртының көне мұраларын зерттей отыра, әлі де сыры ашылмаған тарихи, мәдени, тілдік фактілерді ғылымға, ғаламға паш ету.
Түркі әлеміндегі сырға толы ескерткіштер мен қолжазбаларды зерттеу мәселесі тек қазақ жерінен шыққан түркологтарға ғана емес, өзге түркі тілдес халықтардың ғалымдарына да өзекті болып отыр. Институттың салтанатты ашылу рәсіміне Түркия, Әзірбайжан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Мажарстан мемлекеттерінің зерттеуші ғалымдары, тарихшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері де қатысты. Сондай-ақ Халықаралық түркі академиясының президенті, тарих ғылымының докторы, Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының академигі Шаин Мұстафаев, Сумгайт мемлекеттік университетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры, филология ғылымының докторы, профессор Рамазан Мамедов, Түркі мәдениетін зерттеу институтының директоры, доктор, профессор Бижан Ахмет сынды түркітану ғылымының дамуына атсалысып жүрген азаматтар тарапынан онлайн форматта құттықтау сөздер жолданды.
Түркі мұрасын зерттеу ордасы ашылғалы түрлі тақырыпта ғылыми дәрістер, конференциялар өткізілуде. Мәселен, 2023 жылдың қаңтар айында түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен жас ғалымдар мен ізденушілерге арналған«Тарих аясындағы тіл және тіл аясындағы тарих» атты дәрістер мен семинарлар курсы басталды. Курстың мақсаты, аты айтып тұрғандай, тіл менен тарих сабақтастығын айқындау, біріне бірінің ықпалын, заман ағымындағы өзгерісін анықтау. Тіл де, тарих та жүйелілікті жақсы көреді. Содан болар, аталмыш курстың алғашқы кіріспе дәрісі «Диахрондық лингвокомпаративистика және түркі палеотарихы» атты тақырыпқа арналды. Дәріс оқушы лектор ретіндеЧуваш Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Егоров Николай Иванович арнайы шақырылды.Дәріс барысында ғалым протүріктерді былай қойғанда, прототүріктердің тарихынан бастап, арғы ата-бабаларымыздың мәдениетін тілімен ұштастыра келе, құнды да қызықты деректермен бөлісті. Мәселен, түркі халқы ежелден бері мал шаруашылығымен айналысқаны мәлім. Соған сәйкес көне замандағы лексикалық бірліктердің біразы осы аталған еңбек түріне қатысты екені анықталды. Бір қызығы, бұл лексемалар бүгінгі күнге дейін көптеген түркі тілдес халықтар арасында сол қалпында қолданылатыны ғалым тарапынан мысалдармен дәлелденді.
Көне түркі заманында Орхон-Енисей, Талас, Алтай жазба ескерткіштері, Орта ғасырларда ұлы ғұламалар Махмұд Қашқари, әл-Фараби, әл-Хорезми, әл-Бируни, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Мұхамед Хайдар Дулати еңбектері түркі тілін, тарихын, мәдениетін зерттеушілер үшін алтын қазық болса, оған дейінгі жай-күйі бұлыңғыр. Себебі прототүріктердің тілі жайлы ақпарат жоқтың қасы. Түркітану мен алтайтану ғылымына сүйінші болған ҚазҰУ-да https://www.kaznu.kz ашылған бұл институттың маңызды миссияларының бірі де осы ең көне замандағы түркі тілінің өзіндік ерекшеліктерін анықтап, бүгінгі күндегі көрінісін сараптау болады. Тың мәліметке толы болған Николай Иванович оқыған дәрістің соңы осындай қорытынды тілекпен аяқталды.
Өз тілінің тарихын білу – жүрегі «қазақ» деп соққан әр азаматтың міндеті. Ал соны тереңінен зерттеп, қалың жұртқа жар сала жариялау – тіл білімі мамандарына аманат болмақ. Қазақ Ұлттық университетінде https://www.kaznu.kz жаңадан бой көтерген түркітану мен алтайтану ғылыми-зерттеу институтының да басты атқарар жұмыстарының бірі осы. Олай болса, жас ғылым ордасына ғылым мен білім жолында сәттілік тілейміз!
Тлеумурзина К., Рамазанова Ш., Жүзбаева А.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
ҰЛТ ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАУ
Биыл ұлт ұстазы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы, қоғам қайраткері, ұлттық әліпби мен емле реформаторы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры А. Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Қазақ руханиятының шамшырағы А. Байтұрсынұлының мерейтойы тек Қазақстанда ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымының ғылым-білім және мәдениет бойынша мәселелерімен айналысатын саласы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқаны ел үшін қуанарлық жағдай.
Жыл басынан бері еліміздің түкпір-түкпірінде Ақыметке арналған түрлі іс-шаралар, республикалық және халықаралық конференциялар, симпозиумдар, А.Байтұрсынұлы оқулары, әдеби кештер, апталықтар ұйымдастырылуда. Бұл ретте қазақ білімінің қара шаңырағына айналған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де https://www.kaznu.kz қалыс қалып қойған жоқ.Сәуір айында А. Байтұрсынұлының есімі берілген қазақ тіл білімі кафедрасы түрлі шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді.
Кафедра шілде айында Түркияның Стамбул университетінде халықаралық сипозиум ұйымдастырды. Симпозиумның пленарлық мәжілісіне Стамбул университеті ректоры Махмут Ак мырза мен ҚазҰУ ректоры Ж.Қ. Түймебаев қатысып, баяндама жасады. А. Байтұрсынұлының Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген 3 томдық таңдамалы шығармаларының таныстырылымы болды. Симпозиумға қатысқан кафедра ғалымдары Ақымет идеяларының өміршеңдігінсөз етті.
Сондай-ақ тамыз айында ҚазҰУ-дың https://www.kaznu.kz Ыстықкөлдегі спорт-сауықтыру орталығында халықаралық жазғы мекеп ұйымдастырылды. «А. Байтұрсынұлы зерттеулерінің ғылыми парадигмалары» атты жазғы мектепке кафедра оқытушыларынан басқа Тіл-Қазына Ұлттық ғылыми-әдістемелік орталығының, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қызметкерлері мен Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдері қатысып, баяндама жасады.
Тамыз-қыркүйек айларында А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы «Ақымет Байтұрсынұлы және тіл тағылымы» атты республикалық форум ұйымдастырды. Бұл форумға докторанттар, магистранттар және студенттер 4 бағыт бойынша қатысып, өзара бақ сынады. Форумның мақсаты – қазақ руханияты тарихындағы ірі тұлға Ақымет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасын жаңа лингвистикалық теориялар мен ғылыми көзқарастар тұрғысынан түсіну, Ақыметтану ілімін ұғу және Ұлт ұстазының тұжырымдары негізінде қазақ тіл білімінің болашағын зерделеу. Форумда үздік деп танылған қатысушыларға бір реттік шәкіртақы көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Жеңімпаздарды университетіміздің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Айдосов Нұржан марапаттады.
Форум аясында 5-10 қыркүйек аралығында Тілдер апталығы ұйымдастырылды. Апталықта кафедраның оқытушы-профессорлар құрамы А. Байтұрсынұлының зерттеулеріне арнап көшбасшылық дәрістер оқыды. Кафедра меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Анар Бекмырзақызы Салқынбай «А.Байтұрсынұлы ізі мен ісі: қазақ тілінің өзекті мәселелері» тақырыбында мазмұнды дәріс оқыса, Ақымет идеяларын жалғастырушы ф.ғ.д., профессорОрынай Сағынғалиқызы Жұбайдың «Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темірқазық болар ұстанымның иесі» атты көшбасшылық дәрісін студенттер мен жас ғалымдар ұйып тыңдады. Кафедра оқытушылары «Лингвистикалық болжау орталығының» жетекшісі, ф.ғ.д., професор Д.А.Әлкебаева «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел алсын қайдан кемеңгерді» атты дөңгелек үстел, ф.ғ.к., аға оқытушы Х.Ә. Қарабаева «А.Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің атасы» атты танымдық дәріс, ф.ғ.к., аға оқытушы С.М. Иманқұлова «Қазақ тілінің онлайн ресурстары» атты филологтарға, қазақ тілін үйренушілерге арналған онлайн-таныстырылым, ф.ғ.к., аға оқытушы А.К. Шыныбекова орыс бөлімінің студенттері арасында «Қазақшаңыз қалай?» атты байқау ұйымдастырды. Бұдан өзге кафедраның куратор-эдвайзерлері топ студенттерімен түрлі тақырыпта әдеби-жыр кештерін, кураторлық сағат, дөңгелек үстелдер ұйымдастырса, магистранттар ғылыми-танымдық шаралар, диспут өткізді.
Форумның соңында А. Байтұрсынұлының жиен немересі Айман Байсалова Ақымет әулетінің күйсандығын ҚазҰУ-дың https://www.kaznu.kz мұражайына сыйға тартты. «Бүгінде Шолпан апаның қызы жасы 86-ға келген Айман Қабиденқызы Байсалова осы күйсандықты мұражайға табыстағысы келді. Алайда, Алматыдағы тағылым мектебіне айналған музей-үйдің көлемі 160 шаршы метр болғандықтан, күйсандықты А.Байтұрсынұлы әу баста жұмыс істеген білім ордасына сыйға тартуды шешті. А.Байтұрсынұлы 1928 жылы Алматыда ашылған Қазақ мемлекеттік университетінің тұңғыш профессоры. Әлбетте, бұл қарашаңырақтың негізін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университет деп жүрміз. Ақиқаты, бұл кезеңдегі ашылған мемлекеттік университет статусын “саны аз қазақ ұлтына” қимаған болуы керек жылға жетпей мәртебесін институтқа түсіріп тастаған. Шын мәнінде бұл білім ордасы — әу баста университет болып ашылған. Ал, бұл оқу ордасында қазақтың талай-талай марғасқалары қызмет жасағаны архив деректерінен мәлім», – деді форумға қатысқан А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Сахыбекқызы.
А. Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған шаралар университетімізде әлі де жалғасын таппақ. Ұлт ұстазының ұлылығын ұлықтау – біздің парыз.
Жүзбаева А., Игілікова С., Рамазанова Ш.
ҚазҰУ-дың А. Байтұрсынұлы атындағы
Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушылары
МӘНДІ ДЕ МАҒЫНАЛЫ ДӘРІС
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде https://www.kaznu.kz алаштанушы, қарымды қаламгер, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Абай жолы: өмірлік және көркемдік шындық»тақырыбындағы көшбасшылық дәрісі өтті. Оған студенттер, магистранттар, докторанттар және ұстаздар қауымы https://www.kaznu.kz қатысты. Тұрсын Құдагелдіұлы өз дәрісінде М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы өмірлік және көркемдік шындық қалай өрілгені туралы мағұлмат беріп, нақты дәйек-дәлелдемелерге сүйене отырып,толық түсіндіріп берді. Ғалым сөзін былайша өрбітті: «Абай жолы» романында үш көркемдік шындықтың желісі бар. Бірінші, романның әке мен баланың арасындағы қайшылыққа құрылуы. Бұл әке мен баланың арасындағы қайшылық революцияға алып келеді деген сол кездегі идеологияның ықпалы. Бұл шындық емес. Екінші, романға Абайды өсіретін қарама-қарсы күштер қажет болды. Үшінші, Әуезов Абай бейнесі арқылы қазақтың жан дүниесін бүкіл әлемге танытатын еш кілтипансыз, кіршіксіз, бейне жасағысы келді. Ол осы тұрғыда тарихи шындықты толық және еркін пайдаланды. Менің ойымша, қазіргі оқырмандарда бір қате түсінік бар. Өкінішке орай әдеби теоретиктеріміз де сол түсінікті ұстанады. Олар Абайдың өмірін «Абай жолы» эпопеясындағыдай етіп баяндап береді. Бұл сауатсыздық. Тарихи шындық біткен жерден көркем шындық басталады. Тарихи шындықтың басын қосып, көркем оқиғаға ұластырып, қиыннан қиыстырып баяндау – көркем шындықтың басты шарты. «Абай жолы» романында тарихи, өмірлік шындық ретінде өмірден алынған, өмірлік оқиғаны тура баяндайтын бірде-бір оқиға жоқ. Ал көркем шындық тұрғысынан алғанда «Абай жолының» бір сөзі де өтірік емес, нағыз тарихи көркем шындық. Ондағы баяндалған оқиғалар Абайдың тікелей өз басынан өтпегенімен де, Құнанбайдың басынан өткен, яғни көшпелілер әлемінде болған оқиға.
Келесі бір тыңдаушыларды ұйытып еліткен Қодар мен Қамқа оқиғасының романдағы желісі мен өмірдегі шындық қалай өрілгені туралы. Ғалымның айтуынша, Әуезов «Абай жолында»(тап тартысы) әке мен бала арасындағы тартысты көрсете отырып, ұлы ақынды шырқау шыңға алып шыққысы келді. Әуезов баласын әкесіне қарсы қоя отырып:«Қодар Қамқа оқиғасын Абай естіген болуы керек», – деп топшылайды. Жазушы бұл оқиғаны оқырманның көңілін өзіне аударып, Абайдың жанын түршіктіретін қоғам қайшылықтарын көрсету үшін беріп отыр. Сол себепті де бұны Абайдың өз басынан өткізіп отыр. «Қодар – Қамқа» оқиғасы 1830-1834 жылдар аралығында болған. Абай өмірге келместен 15-20 жыл бұрын болған оқиға екенін де атап өтті. Абайдың жеке өміріне қатысты шындық болмағанымен, көркем шығармаға тән, өмірлік, тарихи шындық. Сондай-ақ Базаралы мен Абай ілтипатты, ізетті, бір-біріне берілген дос болған емес. Романда Абай Базаралы итжеккенге айдалып кеткенде қорғап, қорғаушы жалдап, соның жағында жүреді. Міне, дәл осы жайт – социалистік реализм мен таптық белгінің, партиялық принциптің әсері. Базаралы тақымы кеппеген барымташы. Оны Тәкежанның сегіз жүз жылқысын барымталап, бір күннің ішінде сойып тастағаны үшін және ұрлығын тыймағаны үшін соттатып отырған Абайдың өзі. Оның ұрлаған сегіз жүз жылқысын екі есе етіп төлетуге үкім шығартқан да Абай. Мұхтардың өзі: «Содан кейін төңкеріске дейін Жігітек руы басын көтере алған жоқ», – дейді. Базаралының айдалғаны, барымта жасағаны өмірлік шындық. Оны айдатқан Құнанбай емес, Абай.»
Атақты жазушы, көрнекті ғалым, абайтанушы һәм әуезовтанушы Тұрсын Жұртбайдың дәрісі https://www.kaznu.kz өте қызықты және мәнді де мағыналы өтті. Дәрісті сілтідей тынып, селт етпей ұйып тыңдаған студенттердің жүздерінен ризашылық нышанын байқадық. Дәріс соңында тыңдарман қауым көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Ғалым қандай сұраққа болсын өз көзқарасын ашық білдіріп, тұщымды да толымды жауаптар қайтарды. Осындай айтары барғалымдардың мазмұнды дәрістері жалғасын таба берсін!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Рамазанова Ш.Ә.,
Рамазанова С.А., Игиликова С.