Қазақ тілін кәсіби оқытудың маңыздылығы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетініңhttps://www.kaznu.kz ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасында«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген мақсатта қазіргі кезде, қазақ тілінің мәртебесін арттыруға баса көңіл бөлінуде.
Мемлекеттік құрылымдардағы мамандардың мемлекеттік тілді білуі коммуникативтік біліктілікті қамтиды. Сол үшін тіл үйренушілердің бүгінгі таңдағы сұраныстарын қанағаттандыру мен елтануға қатысты мәліметтер басшылыққа алынып, деңгейлеп оқыту әдісіне негізделгені жөн. Яғни, мұнда тілді сөйлеу және жазу, оқу және тыңдау дағдысы бойынша меңгеру баса ескеріледі.
Тіл үйренушіні қазақ тілінде жетік сөйлеуге дағдыландыру үшін ең алдымен сапалы білім қажет.Мемлекеттік тілді дамытудың кешенді бағыты тіл үйренушінің тілдік тұлғасын қалыптастыру арқылы жасалады.Оның бір мүмкіндігі қазіргі заман талабына сай техникалық құралдар, компьютер , электрондық оқу құралдары, ноутбук, проектор, мультимедия кабинеттерінің мүмкіндіктері, тест тапсырмалары арқылы білімін тексеру, тілді жедел меңгертудің бірден-бір жолы болып табылады.
Тіл маманы, зерттеуші ғалым Қ.Қадашева тіл үйренушілерге мамандық тілін оқыту барысында негізгі бағыт ретінде бірнеше ұсыныс ұсынады:
- мамандығы бойынша ақпараттық және лексикалық-грамматикалық минимумдарды баяндау;
- осы арқылы дағды мен ептілікті қалыптастыру:
- тілдік өрнектерді сараптау;
- үйренушінің өз мамандығына сәйкес, тілді коммуникативтік қарым-қатынаста қолдана алатындай дәрежеде біліп шығуын қамтамасыз ету;
- сөйлеу әрекетінің негізі қамтылатын мәтіндерді беру;
- елтануға қатысты материалдарды үйренушінің өз қажетіне қарай пайдалану;
- сөйлеу жағдаятын үйренушінің мамандығына қарай бейімдеу; арнаулы терминдердің берілуін қарастыру:
- кәсіби тілдік құзіретін қалыптастыру.
Үйренушілер фундаменталды-теориялық біліммен бірге болашақ мамандығы бойынша да білім алуы керек.
Тілді үйрету барысында кез-келген сабақ грамматикалық, коммуникативтік, фонетикалық минимумдары айқындалған белгілі бір тақырыпқа, сол тақырыптың мәнін ашатын мәтінге негізделеді. Ал мәтіндегі сөздер мен сөз тіркестерінің семантикасы мен құрылымдық ерекшеліктерін нақтылайтын жұмыс түрлерінің қандайы болсын шығармашылық сипатта өрістеуі тиіс.
Тілді үйретудегі басты бағыт – коммуникативтік бағыт қатаң сақталуы тиіс. Сөйлеуге бағытталған коммуникативтік тапсырмалар жүйелі түрде сұрыпталуы керек. Мысалы күнделікті өмірге қатысты актив сөздер, жағдаяттық сұхбаттар, тақырыпқа қатысты пәрменді сөздер, елтанымға қатысты шағын мәтіндер т.б. Сондай-ақ синоним, омоним, антоним сөздерді, сөз түрлендіруші қосымшаларды, тұрақты тіркестерді, шешендік сөздер мен мақал-мәтелдерді жеңілден күрделіге қарай сатылып оқытқан жөн. Ал етістік минимумына қалып етістерден бастап, етістіктің барлық түрлерін кіргізуге болады.
Қазақ тілін оқыту – қоғам қажеттілігімен, қазіргі өмір талабынан туындап отыр. Қазіргі қоғамның алдындағы негізгі мақсаттырдың бірі – биік кәсіби, іскерлігі адамгершілік қасиетпен ұштасып жататын шығармашыл тұлғаларды дайындау. Кәсіби іскерліктерді жетілдіру жұмыстары кәсіби қызығудың пайда болуымен байланысты. Ал кәсіби қызығушылық дегеніміз -студенттердің болашақ мамандықтарына жетелейтін, олардың іс-әрекеттерін белсендіретін қызмет. Қызығуды тудыратын қажеттілік. Студенттердің бойында өз мамандығына мақтанышпен қарау, табысқа жеткендігі қуаныш сезімі қалыптасады.Ал бұл өз кезегінде студенттің кәсіби іскерлігі мен дағдысын дамытуға итермелейді. Кәсіби іскерлікті қалыптастыру дегеніміз- болашақ маманның іс-әрекетінде кездесетін мәселелерді дұрыс шешудің негізі болып табылады. Студенттердің кәсіби білімдері мен дағдыларын қалыптастыру арқылы болашақ еңбек іс-әрекеттерінде шебер қолдана білу қабілетін шыңдау болып табылады.
Студенттің мамандыққа қатысты берілген мәтіндерді түсіну деңгейі әр түрлі болады. Оның мәтін мазмұнын толық түсінуі, ең басты ойды түсінуі, бөлшектеп түсінуі, яғни өз мамандығына байланысты ақпаратты қажетіне қарай нақтылап түсінуді меңгерген дұрыс.
Лексикалық сөздік қоры бай студент өз мамандығының сөз мәдениетін меңгеруге, өз кәсібін қадірлей білуге, оған жауапкершілікпен қарауға, орынды, әсерлі сөйлеуге ұмтылады.
Мамандыққа қатысты берілген мәтіннің өзіннен бірнеше коммуникативті жаттығулар жасау арқылы сөйлесім әрекетінің бірнеше түрін қолдануға болады.Мәтін бойынша бірнеше жаттығу түрлеріне тоқтала кетейік:
- мәтінді дауыстап оқу;
- мәтінен тірек сөздерді жазып алу;
- тірек сөздер арқылы сөйлемдер құрастыру;
- мәтін бойынша пікір алысу;
- мәтіндегі айтылған ойға қарсы пікір айту немесе айтылған пікірді қолдау;
- мәтін бойынша алған жаңа мәліметіңізге таңданыс білдіру;
- берілген мәліметке толықтыру енгізу және т.б.
Мұндай жаттығулар тіл үйренушінің сөйлеуін дамытады, тілді күнделікті өмірде пайдалана білуіне жәрдем жасайды.
Кәсіби тілді мамандыққа сәйкес қатынас құралы ретінде үйретуде берілетін тапсырманың қарапайымнан күрделіге, жеңілден ауырға қарай сатылай өсуі арқылы жүргізілетін жұмыстардың жүйелілігі мен жалғастығы, алған білімдерін тәжірибеде пайдалана алу сияқты ұстанымдар басшылыққа алынуы керек.
Кәсіби лексикалық минимум студенттердің мамандығы туралы алған ақпараттыран жетілдіреді, сөздік қорын байытады, сауатты жазуға, дұрыс сөйлей білуге дағдыландырады.
Қорыта келе, мамандыққа байланысты мәтіндер арқылы студенттердің келешек мамандығы бойынша өте қажетті,пайдалы мағлұмат берілетін болғандықтан, студенттер өз мамандығына байланысты мәтіндерді қызыға оқиды. Мамандыққа байланысты мәтіндер студент білімін толықтырып қана қоймайды, сонымен қатар ғылыми сөйлеу және жазу стилін де дамытады.
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-дың оқытушылары:
Тойғанбекова М.Ш., Сандықбаева Ө.Д., Әділханова Ж.С.