Қызымды қалай құтқарамын
Қызымды қалай құтқарамын?
(Оқырман хаты)
1-бөлім
Әңгімені басынан бастайыншы. Менің 2000- ж қызым бар. Жақында күйеуге тиген. Негізі өзінің сөйлесіп жүрген жігіті бар еді. Мына бір жұмысқа тұрғалы осы бір жігіт үйге дейін көлігімен әкеліп тастап жүрді.
- Ерке, мына жігіт кім? Ол неге сені үйге дейін әкеліп тастап жүр? – дегенімде,
– Жансая деген құрбымның досы ғой. Уайымдамаңыз. Ол өте жақсы бала, – деген соң үндемей қоя салғанмын. Енді бұл бала күніге келгіштеп кетті. Қызыма тағы айттым:
– Қызым, мына бала бекерден бекер келіп жүрген жоқ. Өзіңнің жігітің естісе не болады? – дедім. Содан қызым ол баламен сөйлесіп, түсіндіріп айтыпты. Қайтып оны біразға дейін көрмедім.
Солай күндер өте берді. Бір күні қызым:
- Мама, мен күйеуге тиемін , – дейді.
- Ойбай кімге?
- Қанатқа…
- Өзіңнің жігітің ше?
- Ұрсып қалдық.
- Адам деген бір ұрыстан кейін осылай шешім қабылдай ма? Сен бұл баланы сүймейсің ғой, – десем.
- Мама, ол жақсы бала. Намаз оқиды. Салмақты. Ең бастысы мені жақсы көреді.
- Сен ше? Сен оны жақсы көресің ба?
- Ияя… Жақсы көретін сияқтымын… – дейді сенімсіз. – Бірақ ол өте жақсы бала. Намаз оқиды. Ішімдік ішпейді, темекі шекпейді. Артық сөзі жоқ. Үй ішімен намазхандар екен. Ал Асылжанның аздап ұрттайтыны бар. Сонысы ұнамайды маған. Оның үстіне ол өте дөрекі сөйлейді. Алыста болса да үнемі мені бақылауда ұстағысы келеді.- деді.
- Жарайды, қызым, өз жүрек қалауыңды тыңда! Жас емессің. Жиырмадан асып жатсың. Оң солыңды білетін шығарсың, – деп келісімімді бердім.
Апыл- ғұпыл тәтті шәй өткізіп, қызды алып қашатын болып келістік. Өйткені ұзатып шығарып салуға менің жағдайым да жоқ еді. Сонымен ол үйге келін болып түсті. Ертесіна маған хабарласқанда мен айттым:
- Қызым, енді сен бұрынғыдай ерке қыз емессің. Ата-енең бар. Күйеуің бар. Өз отбасың бар. Беймезгіл маған хабарласа берме. Ұят болады. Бір жақтың сөзін екінші жаққа тасыма. Телефон көп шұқылама. Одан да үй тірлігін істей бер, – деп қызыма түсіндірдім. Ол:
- Жарайды мама, – деп түсінді.
2-3 күн өтті. Қызымнан хабар жоқ. Бір апта өтті. Өзім телефон соғайын десем ыңғайсызданамын. Хабарлама жазсам бармайды. Бір күні жайсыз түс көрдім. Қызым мола жақта жалғыз өзі жүреді. Бет-аузын тұмшалап алған. Түрін көре алмаймын. Айқайлайын десем даусым шықпай қиналамын. “Түс түлкінің боғы” деп жақсылыққа жоритын қазақпыз ғой. “Сағынғаннан болар” деп мән бермедім. Ертесіне тағы сол түс. Айнытпай. Қызым қап-қараңғы жерде жалғыз өзі оранып алып жүреді. Мен мына жақта қызыма қолымды созсам жете алмай қиналам. Түн ортасында су тер болып оянам. Ертесіне таңертең тоғызда қызыма хабарластым. Көтермейді. 5-6 рет хабарлассам көтермейді. Енді мен анық қорқайын дедім. Бір кезде құдағиыма хабарластым.
- Құдағи, менің қызым аман ба өзі? Қанша күннен бері хабарласа алмай жатырмын, — деймін.
- Ияя, бәрі аман- есен. Алаң болмаңыз. Үйден қонақ үзілмей қолы тимей жатқан болар. – дегенде барып “уухх” дедім.
- Қызыма телефонды беріңізші. Дауысын естиін. Сағынып кеттім , — дедім. Бір кезде қызым алып:
- Алло,- дегенде мен басқа дауыс естідім. Менің қызым емес, басқа біреудің даусы сияқты. Себебі Еркемнің даусы саңқылдап қалған, тез- тез сөйлейтін. “Алло, мам” деп жарқ ете қалған дауыс жоқ. Қорқып тұрған адамның даусындай. Ана шіркіннің жүрегі ешқашан алдамайды ғой.
- Ерке, қалың қалай!? Неге даусың біртүрлі болып тұр!? – десем,
- Бәрі дұрыс, мама. Уайымдамаңыз. – деп тұтқаны құдағиға бере салды. Түкке түсінбеген күйде қалдым. Құдағиым да “Жақсы” деді да қоя салды.
Сенесіз ба? Сол күні түнімен ұйықтай алмадым ғой. Қызымның ақырын ғана “Алло” деген даусы құлағымнан кетпейді. Сол түні тағы да жайсыз түс көріп шықтым. Бұл жолы күндегіден де сұмдық түстер. Қызым сел суға ағып бара жатқандай. Түрі көрінбейді. Тек қолын созады маған. Мен де қолымды созсам өте алыста. Айқайлайын десем даусым шықпай тағы қиналдым. Ертесіне тұра салып такси шақырып қойдым. Құдағиға звандап:
- Құдағи, мен сіздердің үйіңізге барайын деп жатырмын. Такси шақырып қойдым. Үйіңізге кірмеймін, қызымды көремін да қайтамын. Менің жүрегім тынышталмай жатыр, – дедім.
- Құдағи, сіз әлі шықпай тұрыңыз. Мен қазір намаз оқып болып сізге хабарласамын. Таксиіңізге айтыңыз, келмей-ақ қойсын, – деді. Мен одан сайын алаңдасам да құдағидың келесі хабарласқанын күттім. Құдағиым үнгі ондарда бір-ақ хабарласты.
- Сіздерге айтпаймыз деп жүрген едік. Бірақ сіз келем деген соң айтпасқа амалымыз қалмады, – дейді күмілжіп. Мен шошып кеттім.
- Не болды!? Қызым аман ба!? Неге күмілжіп тұрсыз!? Шындықты айта беріңіз !? — дедім шыдамсызданып.
- Ұлым мен келіннің төсегіне дуа жасалған екен. Ұлым қазір қатты ауырып, адам танымай жатыр. Еркені де танымайды. Түнде айқайлап, сандырақтағаннан қызыңыз қатты қорқып қалған. Сол үшін де екеуін бөлек жатқызып жатырмын. Ерке залда менің қасымда жатыр. Қанатты көргеннен дірілдеп қорқа береді. Қазір төрт молда төрт жақтан оқып жатыр. Өткендегіден сәл тәуір болып қалды. Бірде есін білсе, бірде білмейді. Есін жиғанда Еркеге “Мені тастап кетпеші” дей береді екен. Қызыңызға ‘Мамаңның үйіне барып демалып кел” десем бармай жатыр ғой, – дегенде менің үстіме мұздай су құйғандай болды. Қорқып кеттім.
- Қызыма беріңізші, – деп жылап жібердім. Бір кезде қызым:
- Алло, – дейді ақырын ғана.
- Қызым, ботам, Еркетайым, жағдайың қалай!? – десем,
- Жақсыыы, – деді созып.
- Мен қазір барып сені алып кетемін, — дедім бірден.
- Жооқ, мама, мен ешқайда бармаймын, – дейді даусы өзгеріп.
- Қызым, неге үйге келгің келмейді? Құдағиға да үйге бармаймын депсің. Неге олай дедің? – десем,
- Ауырып жатқан күйеуімді қалай тастап кетемін мама. Ол маған ” Тастап кетпеші” деп жалынды ғой, – дейді.
- Ия, сенікі де дұрыс. Мен де сені қолдаймын. Бұл да бір Алланың сынағы шығар. Бірақ Қанат жазылғанша менің қасыма келсеңші. Бәрібір бөлек жатып жүр екенсіңдер. Мен сені ажыратып алмаймын ғой, – десем,
- Жоқ, мама, бармаймын дедім ғой, – деп тұтқаны қоя салды. Ал уайым. Не істеймін? Ешкімге айта алмаймын. Ертең жақсы болып кетсе күйеу баламды бәрі саусағымен шұқып көрсете ма деп ешкімге айтқым келмеді. Бірақ содан кейін күнде қызыммен сөйлесіп тұрдым. Бірақ бұрынғыдай әңгіме айтпайды. Қасында біреу тұрғандай.
Бір күні үйіндегілер Жетісайға молдаға кеткен екен. Қызымыз екеуміз бір сағаттай сөйлестік.
- Мама, мен мына үйден қатты қорқамын, – дейді.
- Онда сені алып кетейін да. Рұқсат берші. Ертең Қанат жазылса қайтып барасың, – деймін жалынып.
- Жоқ, мама, мен оған уәде бергенмін. Оны тастап кете алмаймын, – дейді.
Сонымен арада бір апта өткенде қызыма хабарлассам,
- Мама, бізге дуа жасалмаған дейді молда. Қанаттың ішіне жын кіріп кетіпті. Әскерден келгенде достарымен қыдырып жүріп жаман жерді басып қойған екен. Ол шоколадты көөп жейтін еді. Сол ішіндегі жын тәтті жегізіп жатыр депті молда, — дейді қызым. Ал одан сайын қорқайын. Қызымды зорлап алып кете алмаймын. Күйеу балама молда айтыпты,
- Ішіңдегі жын әйел екен. Сен оны тәттімен баптап жатыр екенсің. Ол сен үйленбей тұрып ішіңе кірген. Ал сен үйленген соң шыққаны, ол сені қызғанып жатыр. Ертең оразада олар ұйықтайды. Сол кезде оқып қайтарамыз, – депті. Содан бір ай оразада күйеу бала жақсы жүрді. Ораза біткен соң ауруы қайта басталды.
Бір күні Астанадағы екінші қызым келді.
- Мама, Еркені қатты сағындым. Бауырым екеуміз барып келейікші, – деген соң жібердім. Бірақ құдағиға алдын ала ескертіп қойдым. Олар кешке барған. Ертесіне “Сағынышымыз басылмады, тағы бір күн жатайықшы” деген соң “мақұл” дегем. Түс қайта Астанадағы қызым хабарласып:
- Мама, біз қайтатын болдық. Мына үй бізді қуып жатыр, – дейді ғой.
- Ойбай, қуғаны нес!? Қалай сонда!? – десем,
- Мама, үйге барған соң айтам деп тұтқаны қоя салды. Үйге келген соң кіші қызым,
- Мамааа, анау үйде Ерке бақытсыз екен. Ол үй бар ғой, тура мола сияқты мамааа… Есіктен кіргеннен айналаға “Алла” туралы жазып тастаған. Азаннан кешке дейін сүрелерді бақыртып қойып қояды екен. Үйінде 11- адам тұрса да дыбыстары шықпайды. Бәрі өз бөлмелеріне кіріп құран жаттап тасбих тарта береді екен. Үйінде шыбынның даусы ғана естіледі. Өзара сыбырласып сөйлеседі екен. Сіз беріп жіберген нан мен тәттілерді итке тастап жатқанын көрдім. Мама, ол үй біртүрлі екен. Еркені көрсеңіз… Мүлдем басқа адам болып қалыпты. Жөтелсем де селк ете қалады, — дегенде мен тез киініп жолға дайындала бердім…
#оқырман_хаты (Жалғасы бар)
Авторы – Надира Тулеева