Ұстаздық – Ұлы есім…
«Кәсібім – несібем» айдарының кезекті санын тағы да ұстазға арнамақпыз. Ол бірінші толық орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нұқнәбиқызы Ләйла. Бастауыш сынып ұстазы Ләйла 1975 жылы аймағымыздың Булган сұмынында туған. Жары және үш баласымен бірге өмір сүреді. 1993 жылы Өлгий сұмындық 1-10 жылдық мектебін алтын медалмен бітіріп, Қазақ еліндегі Абай атындағы мұғалімдер коллежіне түсіп, 1995 жылы Қызыл дипломмен бітіріп келеді. Ол 2011 жылы Архангай аймағының педагогикалық университетін бакалавр бойынша бітіреді. Ол аймақтық 1-толық орта мектебінде ұстаз, Бастама және Зайд мектептерінде бастауыш сынып ұстазы және оқу ісінің меңгерушісі қатарлы қызметтерді абыройлы атқарған. Ләйланың Білім беру саласындағы озық тәжірибесі мен қажырлы еңбегін бағалап биылғы жылы аймақтық саңлақ ұстаз ретінде марапатталды.
«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан».
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді.
Ұлы мұғалім шабыттандырады,
– деп ағылшын ағартушысы Уильям Уорд айтқандай Ләйла ұстаздың шәкірттері оза шауып бәйге алып жүр. Атап айтсақ: Матанұлы Серікбол, Қабылұлы Бейімбет, Тоқылұлы Аманбол, Әбіланұлы Айымбек қатарлы шәкірттері аса үлкен нәтижелер шығарып, қазір қоғамның әр саласында табысты қызметтер атқарып жүрсе, аймақтық, Мемлекеттік дәрежедегі олимпиадаларға 2008-2009 жылдары Сәбитқызы Жәнерке, Жәнібекқызы Мөлдір, Тәукеұлы Ақжол, 2009-2010 жылдары Жеңісбекқызы Медине, Болатұлы Абдулсапар, 2012-2013 жылы Төлеужанқызы Айсұлу, Шынболатқызы Ақтоты, 2015-2016 жылы Ерұланұлы Нартұлға, 2017-2018 жылдары Берікболұлы Ақтілек, Әль-Фарабиқызы Ақмөлдір, 2018-2019 оқу жылында Серікұлы Жәнібек, Серёжаұлы Айдынәли, Алдабергенқызы Ақерке, 2019-2020 жылдары Бекболатұлы Ақтілек, 2021-2022 жылдары Серікұлы Азамат қатарлы оқушылары қатарластарынан оза шауып, биік белестерді бағындыруда.
Жуықта Отбасы бала және жастарды қолдау басқармасынан жүрілген мәнерлеп оқу сайысынан Жәнібекқызы Кәусар бастауыш сынып арасынан бірінші орын жеңіп алса, Ерболұлы Асқар мен Айтжанұлы Бағжандар табысты қатысты. Мемлекеттік деңгейде жүрілген “Фут зал” сайысына Айболұлы Сұлтанбек табысты қатысты.
Әр ұстаздың сабақ үйретуде өзіндік әдіс-тәсілдері болады. Ләйла Нұқнәбиқызы мультимедиялық сабақтар өткізіп, кітап оқыту, көркем жазу жұмыстарын, мазмұндау арқылы жазу, шығарма жазу жолдарында көптеген әдіс-тәсілдер қолданған. 2013 жылы «Әр бала оқырман» жорығында Ләйла мұғалім жетекшілік ететін сынып ел көлемінде бірінші орынға ие болған. Сабақпен бірге өнерді, спортты қатар алып жүру керек деген мақсатта сыныбының балаларын ата-аналармен бірлесе отырып, домбыра үйірмесіне тізімдеткен. Сол арқылы көптеген оқушылар домбыра, пианино қатарлы аспаптарды жетік меңгерген. Қазіргі таңдағы жетектеп жүрген сыныбының шәкірттері кеңесші ұстаз Аймангүл және музыка пәнінің ұстазы Бердігүл Кішатқызының үйірмесіне қатысады. Аталмыш сыныптың «Зерде» ансамблі 2023 жылы «Армиян қоңыр» күйін орындап, ұлттық телеарнадан көрсетілген. Сонымен қатар аймақтық кітапханамен бірігіп жұмыстап, сынып оқушылары «Шалқан», «Шық бермес Шығайбай» ертегілерін сахналаған. Ал, спорт саласына келсек көптеген оқушылар шахмат үйірмесіне барады. Аймақтық «Цодгор хүү» шахмат бәсекесіне Айболұлы Асылан есімді оқушысы қатысып, бірінші орынға ие болып, Ресей елінде өтетін сайысқа жолдама алған. Серікұлы Азамат, Үмбетұлы Әли деген оқушылары шахматта үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Ләйла мұғалімнің тағы бір ерекшелігі – ұлттық Монгол тілін меңгерту үшін алдымен Қазақ тілінде сауатын жақсы ашу керек, содан кейін Монгол тілін салыстыра үйрете бастаймыз,- дейді ұстаз. «Ковид індеті кезінде оқушылар үшін қиындықтар болды. Алайда, ата-аналардың көмегімен, әр баламен жұмыстай отырып жеңіп шықтық» – дейді ол. «Қазіргі таңда оқушыларға монгол тіліндегі өлең-тақпақтарды жаттату, ертегі текстілерін оқып үйрету, тілін жаттықтыру, оқыған ертегілерін мемлекеттік тілде әңгімелеу, сұрақтарға монгол тілінде жауап беру қатарлы талаптарды қоямын. Басында қиын болса да үйреніп кетеді. Сонымен қатар «Монгол тілін үйретудегі ең озық тәжірибе» атты семинарға қатысып, одан да тың идеялар үйрендік деуге болады. Сол үйренген әдіс-тәсілдер мен өз тәжірибемді қазіргі таңда басқа да мұғалімдерге үйретіп, тәжірибе алмасып, бірігіп жұмыстаудамыз. «Ковид» індеті кезінде 30-дай теле сабақ жүргіздім. Алдағы мақсатым – еліміз көлеміндегі мұғалімдердің жүргізген сабағын қоятын medlee.mn сайтына сабағымды орналастыру. Білім министрлігінің бағалауы бойынша 90,3 пайызбен өткен жылды екінші дәрежеде қортындыласам биылғы жылы 100 пайызбен орындасам деген мақсатым бар», – дейді Ләйла ұстаз.
Ләйла Нұқнәбиқызының еңбегін жұмыстаған мектеп әкімшіліктері жоғары бағалап, «Әдіскер ұстаз», «Аға ұстаз» атанумен қатар 2001 жылы «Таңдаулы жас ұстаз» алтын медалымен, 2003 жылы мектептің үздік ұстазы, 2004 жылы аймақ әкімінің мақтау громатасымен, 2005 жылы аймағымыздың еңбек саңлағы, 2008 жылы «Мұғалім даңқы» төсбелгісімен, білім басқармасының мақтау громатасымен, 2017 жылы «Саңылақ ұстаз» марапатымен, 2018 жылы Халықаралық қазақ тіл сайысында «Озат ұстаз», 2022 жылы «Мектеп саңылағы» қатарлы марапаттармен сыйланған.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы …. Олай болса, Ләйла ұстазға табыстар тілейміз!