Өмірін өнермен өрнектеген көрнекті қазақ сазгері
Өнер – жанның табан ет, маңдай термен сығып алған шырыны» деп Теодор Драйзер айтпақшы, өнер – шабыт пен интеллекттің,көркемділік пен эстетиканың сөзсіз үйлесімі, өмірдің өрнегі. Өзіндік бір-бірінен ерекшеленіп, дараланатын әдебиет, кино, театр өнері тіршіліктің тірі, тура көрінісін бейнелесе, сазды ән мен тәтті күй – ішкі сезімдердің толғанысының нәзік сипаты.
Музыка өнерінің мақсаты – әсем үн арқылы жүрекке жету.Музыка – халқымыздың асылдан ардақты, жақұттан бағалы рухани нәрі мен киелі сусыны. Халық ақын-сазгерлері, жыршы-композиторлары Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбет, Біржан сал, Ақансері, Жаяу Мұса, Естай, Үкілі Ыбырай, Абайдай өнерпаздарымыз бен сал-серілерден, бертін келе Ахмет Жұбанов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Ілия Жақанов, Кеңес Дүйсекеев, Шөмішбай Сариевтей өнер майталмандары қазақ фольклорынан ойып тұрып орын алатын сырлы саз бен терең толғанысқа толы кәсіби-музыкалық өнердің айрықша дәстүрін қалыптастырды.
Ғасырлар бойы үздіксіз дамып келе жатқан қазақ музыкасы – халықтың асқақ рухының тілі. Қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілдерінің ізбасарлары кемде-кем. Өзінің қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен, қазақтың дархан даласындай жүрегінің кеңдігі мен осынау сара жолдың жібін үзбей, алдынғы толқынның дара жолын жалғаған, халық музыкасын өңдеп, оркестрге түсірген тұлға Ермұрат Үсенұлы – өмірін өнермен өрнектеген, Шәмші мен Нұрағалардың ізін басушы қазақтың маңдай алды дарабоз өнерпазы.
Ермұрат Үсенұлы 1952 жылы Алматы облысы, қазіргі Кеген ауданының Қарқара жайлауында дүниеге келген. Композитордың өнердегі оқу жолы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториядан басталып, домбыра класы және музыка теориясы мамандығын бітіріп шыққан. Еңбек жолын Жезқазған музыкалық колледжінен бастап, ерекше дарыны мен көркем шеберлігінің арқасында Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» оркестріне концерт смейстер қызметіне жұмысқа қабылдаған. Осы оркестрдегі қызметі барысында сол кездегі одақ және шетел сахналарында өнеркөрсетіп, 1979 жылы Бас бәйгені жеңіп алды. Ермұрат Үсенұлы Тәттімбет күйлерінің тұңғыш жинағының редакциясын басқарған. 1988 жылы Тәттімбет күйлерінен тұратын «Саржайлау» атты кітабы жарық көріп, оның күйлерін өз орындауында Қазақ радиосының алтын қорына жазып қалдырды. 1990-1994 жылдары Алматы музыка училищесінде, кейінірек Елордада Қазақ ұлттық музыкалық акададемиясында кафедра меңгерушіболып еңбек етті.
Ермұрат Үсенұлы музыка саласында өшпестей із қалдырған Нұрғиса Атабайұлын «өнер мен қатар өмірдегі ұстазым, Нұрағам» деп ерекше құрметтейді. Нұрағаның қайтыс болғаны жанынақаттыбатып, «Реквием» атты жоқтау күйін шығарған.
Композитор халық аспаптары, симфониялық оркестр, хорға және жеке аспаптарға түрлі жанрдағы шығармалар жазды. Әрбір жазған шығармасынан мейірімділік, еліне, жеріне, тамаша табиғатына деген құрметтің иісі аңқып тұратынын байқауға болады. «Шыңырау құс», «Күзгі әуен», «Арулар, қош болыңдар:», «Өмір дастан», «Бабаларға сыйыну», «Майра», «Анама»,» жәнет.б. көптеген ән-күйлерін қазақ сахнасының ерекше сарынды Мақпал Жүнісова, Рамазан Стамғазиев, Майра Мұхаммедқызы, Кенжеғали Мыржықбаев сияқты өнерпаздар орындап жүр.
«Домбыра мен фортепианоға арналған шығармалар» атты кітабына композитор туындылары жинақталған.
Өмірден не бәрі 37 жасында тым ерте озған анасының мейірімін, жылы алақаны мен кең құшағын аңсап, анаға сағыныш сезімінде туған «Анама» күйі әрбір тыңдарманның жанын тебірентпей қоймайды.
Ермұрат Үсенұлы шығармаларын Орта Азияда, Ресейде, Қытайдың Үрімші, Құлжа қалаларындағы өнер ұжымдары орындап жүр. Күйші А.Мұсқожаеваның басқаруындағы «Академия солистов» камералық оркестрі Ермұрат Үсенұлының «Өмірдастан» атты шығармасын АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия мемлекеттерінде орындап, аса жоғары деңгейде бағаланған.
Оркестр, ансамблдерге репертуар дайындаған композитор бірнеше шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық қызметін қоса атқаруда. Композитордың авторлық шығармашылық кештері еліміздің бірнеше қалаларында жоғарғы деңгейде өткізілді.
Республикалық композиторлар конкурсының үш дүркін лауреаты, екі мәрте ГРАН ПРИ иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Ермұрат Үсенұлы қазіргі таңда Алматы қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балалар мектебінде болашақ композиторларды тәрбиелеуде.
т.ғ.к., қауымдастырылғанпрофессор Мухажанова Т.Н.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Тарихфакультетінің 4 курс студентіҚуандыққызыАнеля
87762422115