Айнагүл Сарайқызы – Қазақтың қайсар қызы…
Айнагүл Сарайқызы 1979-1985 жылдары Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы Мемлекеттік Университетті заңгер мамандығымен оқып бітірген азғана қазақтың бірі. Ол соңғы жылдары аз ұлттар мүддесінің жүзеге асуы, оны қорғау бағытында ғылыми-зерттеу жұмысына кірісіп, Моңғолиядағы және халықаралық құрылтай, кеңес, теориялық-практикалық конференцияларға қатысып, аталған тақырыпта баяндама жасап жүр. Аз ұлттар құқығы туралы ұғым, заң нұсқауларды жаңалаудағы кейбір мәселелерді аз ұлттар еркін қорғауға бағыттау тақырыбындағы 20-дaй мақаласы заң, құқық бағытындағы журналдарда жарық көрді. Айнагүл Сарайқызы 1982-1983 жылдары Марксизм-Ленинизм жоғарғы оқу орнында оқыған.
1995 жылы Моңғолия Басқару академиясында білімін жетілдірген. Заң саласының магистры дәрежелі, Моңғолдың Ұлттық университетінің докторанты, бүгінгі таңда Моңғолиядағы аз қазақтың құқығы жөнінде ғылыми жұмыс үстінде. Жуықта «Моңғолияға еңбек сіңірген заңгер» атағы берілген. Айнагүл ханым Желтоқсан айында аймағымызға келіп, әкесі мемлекет және қоғам қайраткері Сарай Асқанбайұлының өмір жолынан алынған деректі фильмнің тұсауын кесіп қайтқан болатын. Қазақ әйелдерінің көшбасшысы, заңгер «Ару Жұлдыздар» журналының бас редакторы, «Арулар» үкіметтік емес әйелдер ұйымының төрайымы Айнагүл Сарайқызын студиямызға шақырып, әңгіме өрбіттік.
– Сізді көпшілік әйелдер ұйымының төрайымы, «Ару Жұлдыздар» журналының бас редакторы ретінде таниды. Жуықта алған «Моңғол еліне еңбек сіңірген заңгер» атануыңызбен құттықтаймыз! Енді көп салада қызмет атқару сіз үшін қиын емес пе? Әуелі еңбек жолыңызға тоқталсаңыз.
– Мамандығым – заңгер. 30 жыл бойы мемлекеттік қызметте, бейресми ұйым – мекемелерде жұмыстадым. Баянзүрх ауданында, Улаанбаатар қаласы әкімінің іс басқармасында заңгер, заң бөлімінің бастығы, аға маманы қатарлы
қызметтерді атқардым. 1,2 млн адам осы қалада тұрды.
9 аудан болды, әкімшіліктің жанында 40 агенттік қызмет атқарды. Осы тұстарда полиция, прокуратура, сот қатарлы заң саласындағы ұйым-мекемелермен қоян- қолтық жұмыстадық. Сол кезде МҰҚ-тан бекітілген заң қарарларды халыққа таныстырып, жүзеге асуына бақылау қойып, пікір білдіріп жұмыстайтын едік. 2002
жылы «Адам құқығын қорғау» ұлттық бағдарламасы шыққан. Сол бағдарлама бойынша 9 ауданға жетіп жұмыстадық. Сонымен қатар қалалық әкімшілікке заң бөлімшесін аштық. Сол бөлімнің маңыздылығы жөнінде анықтамалық шығардық. «Құқықтық көмек» деген бөлім бойынша халыққа заңды насихаттадық.
Мұның берешегі көп болды деп ойлаймын. Себебі екінің бірі заңгер емес. Тіпті бір заң қабылданды дегеннің өзінде халық оның мағынасын түсінбей жатады. Арнайы анықтамалық арқылы заңды халыққа насихаттадық десек болады. Заңи ақыл-кеңес алатын азаматтарға ақы- пұлсыз заң насихаттадық деген сияқты заң саласында атқарған істерді айта кетейін. Заң дегеніміз – дұрыс өмір сүрудің ережесі. Заңды білген адам өзін қорғауды, өзгеге зиян шектірмеуді, қысқасы қауіпсіз өмірдің нормативін игерген адам деуге болады. МҰҚ мүшелері заң шығарса, біз соны іске асыру бағытында жұмыстадық. . Еліміз астанасы әкімі іс басқармасының заң насихат кабинетін үгіт насихат орталығы болғызып, мемлекеттік заң, қаулы- қарарларды қамтыған «Сіздің білім қорыңыз үшін» атты жинақ шығарып, оны астана әкімшілігі және қатысты мекемелерге жеткізу- нәтижелі жұмыс болды. Аудандарда құрылған тұрмыс деңгейі төмен азаматтарға заң және құқықтық жәрдем көрсету, ақтау қызметін жүргізетін құқықтық жәрдем орталығында жұмыстаушылардың білімін жоғарылатуға үнемі назар аударып, заң бағытында оқитын 100-ге жуық студенттің тәжірибе өткізуіне басшылық етіп, оларға өлкелік әкімшілік ұйымының іс-қызметі туралы оқыту өткізілген.
Еліміз астанасы тұрғындарына арналған, заң және құқық бағытындағы бейресми оқытуы ақпарат құралдары және аудан, ауылжай азаматтарымен жасөспірімдер арасында тұрақты ұйымдастырылды. Жалпы білім және жоғарғы оқу орындарының оқушылары мен студенттері арасында арақ пен темекінің залалын түсіндіру, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы оқытуды мемлекеттік және бейресми ұйымдармен бірлесе өткізу
– тұрғындардың ықыласына бөленді. 2013, 2015 жылдары аймағымыздың Баяннуур, Улаанхус сұмындарында да азаматтарға заңи түсінік беретін оқыту өткізілді. Ал, 2016, 2018 жылдары негізгі заңның қосымша, өзгертуі, отбасылық зорлық-зомбылықпен күресу туралы заң және еңбек заңы бағытында шаруашылық бірліктері мен ұйым-мекеме, азаматтар арасында оқыту өткізілді. Осындай оқытулар, мәліметтер радио, теледидар арқылы жалпы көпшілікке де насихатталды.
– Жендерлік саясат бағытында да қызмет атқарыпсыз. Жалпы жендерлік саясат дегенге тоқтала кетсеңіз.
– Жендерлік саясат – қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет деп түсінген абзал. Ұлттық бейресми ұйым «Монфемнет» жүйесі және мемлекет көлемінде іс-қызмет жүргізетін «Жанұядағы зорлықпен күресу» ұйымының басқарма мүшесі, әрі Моңғолия Әйелдер одағының белсенді мүшесі ретінде жұмыстап келемін. «Жендерлік саясат» дегенде азаматтар бұл тек әйел адамдарға ғана қатысты деп ойлайды. Шындығында бұл әр адамға қатысты. Жанұяда, ұйым-мекемеде ер, әйел адамдар тең дәрежеде, бір еуі жоғары я біреуі төмен емес дегенді ұғынған жөн. Жаңа заң бойынша Жендерлік саясат агенттіктері барлық салада жұмыстауға тиіс. Мысалы ең азында қоғамдық ұйым- мекемелердің 30 пайызы әйел адам болуға тиіс. Біздің «монфомнент» ұйымының бізге берешегі мол. Жыл сайын Монфомнент ұйымынан «Әйелдердің көзімен» іс-шарасы жүріледі. Бұл іс-шара ауқымды түрде өтеді, түрлі заңдар насихатталады.
Әйелдердің мемлекеттік қызметтегі, биліктегі үлесін арттыру жөнінде мәселелер айтылады. Қазір мысалы ер адамдар ақша тапса да, үйдегі азық-түлік пен балалардың жағдайын жақсы білмей жатады. Ал, әйел адам осының барлығын біліп отырады. Сол сияқты кейбір мемлекеттік маңызы бар мәселеде әйел адамдардың пікірі, ойы аса маңызды. Мәселен Германияда 16 министрдің
8-і әйел. Біз осы деңгейге қашан жетеміз?! Білімді мықты әйелдер көп. Ерлермен иық тіресіп жұмыстап жүрген қыздар көп. Біз көбінде қыздармен жұмыстаймыз. Ер адамдар өзінің құқығын жақсы біледі негізі. «Монфомнент» ұйымы бейресми болса да ауқымы үлкен ұйым деуге болады. Ал, жанұядағы зорлықпен күресу ұйымына келсек, мұның маңызы ерекше зор. Бұл да үлкен үкіметтік емес ұйым болса да мемлекеттік агенттіктің деңгейінде жұмыстайды.
– Сіз енді өзіңіз заңгер бола тұра басылым, яғни журналдың бас редакторы қызметіне қалай келдіңіз?
– Мына заманда адам бір ғана кәсіппен шектеліп қалғаны дұрыс емес. Яғни адам күн сайын дамып отыру керек. Біз негізінен әйелдердің құқығын қорғау мақсатында «Арулар» одағын құрып жұмыстадық. Жұмыс жүргізе келе «Өзіміздің басылымымыз болу керек екен ғой» деген ой түйдік те «Ару жұлдыздар» мезгілдік журналын шығара бастадық. Міне биыл 15 жылдығы болып жатыр. 15 жыл ішінде 61 саны шықты, талай аналарымызға сый- марапаттар беріліп танылып жатыр, талай аналарымызды насихаттап жатыр деген сияқты. Мысалы көзі тірісінде еңбек ері Ұлболған апамызға да барып қайттық. «Арулар» әйелдер ұйымының бөлімшелері аймағымызда, қазақтар шоғырланған жерлерде ашыла бастады. Көптеген мүдделі әйелдер бірігіп өздері әйелдер ұйымдарын құрып алды десек болады. Көп бала өсірген, балаларына жақсы-үлгі өнеге көрсеткен аналарды біз «Ару ана» деген медаль шығарып сыйладық. Ішкері аймақтардағы, Улаанбаатар, Эрдэнэт қалаларындағы апаларымызға құрмет көрсеттік, насиқаттадық деген сияқты. Біз тек қазақ аналар ғана емес, Улаанбаатардағы тува, дөрвөд, урианхай апалармен бірге Монголдың ұлттық телеарнасының қарамағындағы «Толқын ТВ» телеарнасымен де бірігіп жұмыстадық. Сондай-ақ «Береке» дегенатпен жастар клубын да орнаттық. Жастарымыз да белсенділік танытып жұмыстады. Індетке байланысты соңғы екі жылда көп жұмыс жасай алмадық. Дегенмен Қобда, Дарханнан, Баян-Өлгийден келген зиялы, өнерлі қазақ жастарының қоғамдық клубы «Алаш» жастар клубымен бірігіп жұмыстаймыз. Өткенде ғана «Біз өнерлі жастармыз» деген кеш ұйымдастырдық. Осыған көптеген қазақ балалары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Енді «Арулар» одағы құрылғалы 15 жылда атқарған жұмыстар өте көп. Оны айтып тауысу мүмкін емес.
– Әкеңіз қоғам және мемлекет қайраткері Сарай Асқанбайұлының аймағымыз үшін атқарған істері ұшан-теңіз. Дегенмен қазіргі кейбір жастар білмеуі мүмкін. Қазір сіздер жақсы әкені қалай ұлықтап жатырсыздар? Ол кісінің атқарған істерін жинақ етіп шығару ойыңызда жоқ па?
– Әлбетте, әкеміз туралы айтпасақ бізге сын. Әкеміздің туғанына 90 жыл толуына орай деректі фильм жасап, тұсаукесерін өткіздік. Бұл деректі фильмде әкеміздің атқарған істері, жүріп өткен жолдары баяндалады. Ол кісімен бірге жұмыстаған адамдардың қатары азайып кетті. Десе де көз көрген ата-апалардан, Булган аймағында 8 жыл аймақ әкімі қызметін атқарған, сол жерде бірге жұмыстаған адамдардан сұхбат алдық, радионың алтын қорынан мәліметтер алдық деген сияқты. Соның ішінде бір ерекше айта кетерім – еліміздің тұңғыш ғарышкері Гүррагчаа Булган аймағының тумасы екен. Ол кісі ғарышқа барып келген соң аймақ халқының қарсы алғаны -телевизияның, радионың Алтын қорында сақтаулы екен. Соның барлығы деректі фильмде көрініс тапты. Сонымен қатар әкеміздің қазақ халқының тарихын жазған т.б көптеген кітаптары сиреп бара жатыр. Соны бір жинақ етіп шығарып, халық көпшілікке ұсынбақпыз.
– Сізді қазақ әйелдерінің көшбасшысы ретінде көреді. Артыңыздан ерген сіңілдеріңізге, қыз- келіншектерге қандай насихат айтар едіңіз?
– Қазақтың қызы деген ғажап ат. Осыған лайық болу керек. Қазақ қыздары, келіндері ең әуелі ата-ананың айтқан ақылын тыңдау керек. Көпті көрген, жақсы мен жаманды бастарынан өткерген ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты апалардың сөздерінің астарына жақсылап үңілсек философиялық ойлар жатады. Олар қазіргідей бәрі даяр, ақпараттық қоғамда өмір сүрген жоқ. Ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүріп тіршілігін жасап, ондаған баласын қатардан кем қылмай өсірді. Қазіргі мыңдаған ғылымның барлығын білмесе де, өмір сүру, адам болу қағидаттарының жілігін шағып, майын ішеді. Сондықтан үлкенді сыйла, үлкенді тыңда, өзіңнің шыққан тегіңді ұмытпа. Көп ұлттың ішіндегі аз ұлт сүйекке таңба, ұлтқа жала жабудан сақтан. Өмірлік мақсатыңды анықта. Ал, келіндер жарыңды, босағаңды сыйла. Ата-енеңді сыйлап,
«балдай батып, судай сің» дер едім.
– Сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңыздан мол – мол табыстар тілейміз!