Алтайдың арғымағы – Қуанған Жұмақанұлы
Арнасында алқынып жан бұлағы
Сағыныштың толқыны жанды ұрады
Тауларына Алтайдың көзін қадап,
Кісінейді көңілдің арғымағы
деп жырлаған ақын Қуанған Жұмақанұлы өз мекенінің төл перзенті тым ерте кетті. Аз ғана ғұмырында Монголиядағы қазақ әдебиетінің көшін сүйреп, қазақ руханиятына бар жан-тәнімен қызмет етті. Қуанған Жұмақанұлы 1951 жылы Дэлүүн сұмыны өлкесінде дүниеге келген. Орта мектепте оқып жүрген кезінен бастап ақындыққа бет бұрып, қолына қалам алған дарын иесі талантымен танылып, 10-сыныпты бітірген жылы Моңғолдың мемлекеттік университетінің Моңғол тілі, әдебиет факультетіне қабылданады. Қоғамдық еңбегін туған жерінде ұстаздықпен бастаған ол кешікпей аймақ орталығына шақырылып, өмірінің соңына дейін аймағымыздың әдебиет, мәдениетін, журналистика саласын дамытуға ат салысты. Аймақтық радио хабар редакциясында, «Жаңа өмір» газетінде тілші, редактор, «Шұғыла» журналының жауапты хатшысы болды. Әдебиет есігін сазды жырларымен ашқан ол әдебиет сынына, тарихына да терең үіліп, қалам қарымдылығын танытты. Моңғол ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне, қазақ ақын жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударып, ара көпір бола білді. Қуанған Жұмақанұлы өзінің әдебиет саласында тер төккен ширек ғасыр ғұмырында «Әнім сен едім», «Іңкәр сезім», «Ғұмырлық парыз» атты үш жыр жинағын бастырды. Моңғол қазақ тілдеріндегі «Цог», «Шұғыла», «Утга зохиол урлаг», «Жаңа өмір» қатарлы газеттерде басылған әдеби сын, мақалалары көзінің тірісінде «Сын сыры» атты жеке кітап болып жарық көрді. Моңғол әдебиетінің негізін салушы Нацагдоржның өлеңдерін аударып, шығармаларының толық жинағын құрастырып, редакторлап бастырды. Сонымен қатар Гармааның «Кезеңде» әңгімелер жинағын, Явуухуланның «Күздің күміс таңы», Жамлиханның «Жапырақтар» жыр жинақтары, Ринчиннің «Ану ханым» повесін қазақ тіліне аударып жеке кітап етіп бастырды. «Біздің Құрмаш», «Армысың ата мекен», «Ғарыш жыры», «Ата мекен -Дэлүүн» қатарлы кітаптарды құрастырды. Ғалым қаламгер Қуанған Жұмақанұлының қоғамдық еңбегі – өз алдына бір төбе. Ол әйгілі ақын Олжас Сүлейменовтың ұйымдастыруымен Қазақстандағы Семей полигонын жаптырған «Неведа Семей» қозғалысының бөлімшесін Баян-Өлгий аймағында құрып, Олжаспен қоян-қолтық жұмыстау арқылы ядролық жарылыстың Қазақ елінің шығысымен іргелес жатқан Баян-Өлгий аймағына тигізіп отырғна залалын айқындап халықты үндеуге шақырып, «Заман-ай» атты газет шығарды. Сондай-ақ 1990 жылдары нарық қиыншылығынан болып жабылуға дәс қалған ұлттық газетіміз «Жаңа өмір»-ді жандандыру үшін «Мирас» атты шағын баспа өндірісін ашты. Газеттің бас редакторы қызметін қабат атқарып сапасын жаңа белге көтерді.
«Қуаштың өлеңдері әуен тілеп тұрады» деп Бержан Файзуллаұлы айтпақшы Қуаштың поэзиясы өз алдына жеке тақырып. Біз ол кісінің өлеңін талдауға өреміз жетпесе де әдебиет теориясын соншалықты жақсы меңгерген Абай атамыз айтқандай тілге жеңіл жүрекке жылы тиетін өлеңдері маржандай өрілген сөздері еріксіз таңдандырады. «Мама бие аспаны сауында тұр
Қар қапалап Мәскеуде жауып жатыр
Қайыңдардың шолпысы жапырақтар,
Ақ мамыққа көміліп қалып жатыр» деген өлең жолдарында теңеу, эфитет, шендестіру барлығы да көркем көрініс тапқан. Өлеңнің бас аяғы жұп-жұмыр. Қысқасы қазақтың қара өлеңіне шекпен жауып қайтаратындай қарымды қаламгер екенін сөзсіз мойындаймыз. Келесі бір өлең жолдарында:
«Ойдым ойдым қара мең жұрты қалып,
От орнында қоламта шырпы жанып,
Қимастықпен қарттарым жайлауына,
Қарай-қарай көз жасын іркіп алып». Жайлаудан көшкендегі жұрт пен қарияның қимастықпен қайта келемін бе жоқ па деген көңіл күйін, онда өткен жастық өмірін, жақсы күндерін еске алып көз жасын іркуі барлығы да өмірдің өткінші екендігін көрсеткендей. Сөзбен сурет салу деп осыны айтса керек. Қуанған Жұмақанұлының есімі менің жадымда бала күнімнен жатталып қалыпты. Өйткені ол кісі әке жолдас, әрі жерлес болды. Аралас-құраластығы бар, құдандалы адамдар болатын. Ол кісі өмірден өткенде туыс-туған ел-жұртының қабырғасы қайысып, сеңдей соғылғанына бала жүрек куәгер. Ақын, әдебиетші, зерттеуші, сыншы Қуаштың биыл туғанына 70 жыл. Ол кісі 70 жыл өмір сүрген болса әдебиет қазынасына соншама құнды мұралар қалдыратыны анық еді. Қуанған Жұмақанұлы жерлесі Қабданқызы Шуканмен отбасын құрып, Ернар, Сауран, Арайбек қатарлы 3 ұл сүйген. Зайыбы 40 жыл білім саласында табысты еңбек еткен саңлақ ұстаз. Ал, ұлдары ғылымның әр саласында еңбек етуде. Алланың ісіне амал жоқ. Керісінше Қуаш ағамыз бақытты. Өйткені ол кісінің туындылары, өлеңдері ешқашан өлмек емес, өмір сүре береді. Қобда бетінде қазақ деген ел бар болса, Қуаш та солармен бірге жасайтынына еш шүбәм жоқ. Енді назарларыңызға жоғарыда аз-кем талдаған Қуанған Жұмақанұлының «Кісінейді көңілдің арғымағы» өлеңін толық нұсқасымен ұсынғым келеді.
Мама бие аспаны сауында тұр,
Қар қапалап Мәскеуде жауып жатыр.
Қайыңдардың шолпысы – жапырақтар,
Ақ мамыққа көміліп қалып жатыр.
Арнасында алқынып жан бұлағы
Сағыныштың толқыны жанды ұрады
Тауларына Алтайдың көзін қадап,
Кісінейді көңілдің арғымағы.
Қарды желді, қосарлап жетегіне
Бұлт қонақтап таулардың етегіне
Ат ойнатып, аспанда азан-қазан,
Алай-дүлей ақ бұрқақ төпеді ме?
Құтын алып күйзелтіп мал-жанды да,
Жондарына Бессала қар жауды ма?
Қайтқан жырақ Мамыркөл қаздарымен
Жаз да бірге қонысын аударды ма?
Шиырланып шалғыны оты арылып,
Жайылым саба қалды ма қотарылып
Қырат қырлар жатыр ма құлазып құр,
Ойға құлап бес түлік ошарылып
Ойдым ойдым қара мең жұрты қалып,
От орнында қоламта шырпы жанып,
Қимастықпен қарттарым жайлауына,
Қарай-қарай көз жасын іркіп алып
Аңызақ жел аймалап есі кетіп,
Көбік қарды атандар кешіп өтіп,
Күзектерін бетке алып ұбап-шұбап
Ауылдардың бара ма көші кетіп?
Арнасында алқынып жан бұлағы,
Сағыныштың толқыны жанды ұрады
Тауларына Алтайдың көзін қадап,
Кісінейді көңілдің арғымағы….