Аманатқа адалдық
Адамзат баласының алдында зор міндеттер тұр. Ол Жерді қорғау, Бейбітшілікті сақтау және Руханиятты өлтірмеу. Бұл – әр елдің, әр халықтың перзентіне аманат. Біз де өз аманатымызға адалмыз, қолдан келгенше көздің қарашығындай қорғаймыз. Қазақ тілі, өнері, дәстүрі – қазақ елінің жаны, намысы, өмірінің мәңгілік мәні. Әлемнің қай түкпірінде болса да қазақ сол рухпен өседі, арман мақсаттарына талпынады, өмір сүріп, болашағына қанат қағады. Бұл қастерлі қасиеттерді өзім дәріс беріп келе жатқан университеттің шетелден келген қазақ балаларының бойынан көріп, көзім жеткен соң солай айтып отырмын. Қазақ, шын мәнінде, қай жерде жүрсе де қазақ екенін ұмытпайтын, рухын өлтірмейтін, намысын түсірмейтін ел екенімізді мақтан тұтамыз. Тілдің ұлтпен бірге біте қайнаған біртұтас тамыры. Олай дейтінім, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетініңhttps://www.kaznu.kz жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетіндегі жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасына жыл өткен сайын таланттары тасыған, талаптары таудай, өнерлі жастарымыз Атамекенге келіп, біздің осы ұлттық құндылықтарымызды дамытып қана қоймай, әлемнің әр түкпірінде насихаттап та жүргені, ұлттың жаршысы боп жүргендеріне алғысымыз шексіз. Биылғы оқу жылының басталғанына көп уақыт өте қоймаса да, елдің руханиятын асқақтатып біздің шәкірттеріміз өнер додасына да, білім сайысына да белсене кірісіп кетті. Университеттегі «Фараби фест» өнер байқауының бас жүлдесін Монғолиядан келген биші қызымыз Хайрол Ақгүл жеңіп алса, Әбдіхалел Бейбіт жүлделі екінші орынға ие болды. Ұлттық өнерімізді нақышына келтіріп, көрермен көзайымына айналып отыр, биіктерден көріне беріңдер деп ақ батамызды беріп жатырмыз. Сондай- ақ, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Отандастар қоры» ұйымының бәйгесіне шығармашылық топтан қатысқан Көгершін Амантай мен Арайлым Серікболдың өнерін әлеуметтік желіден көрсеңіздер болады. Өлең оқу мәнері, тіл тазалығы, ішкі рухани дүниеге деген құштарлық осы жап- жас балаларымызда қанмен сіңген қасиет екенін тағы бір танытты. Ұлы Ахаңның кісілік келбетін, ұлт жолында өмірін қиған асыл азаматтарымыздың еңбегін ел болып әлем деңгейінде насихатталып жатыр. Ел болып мақтанышпен атап өтіп жатқан ұлы іске қарлығыаштың қанатындай су сеуіп, өз үлестерін қосып, тіліміздің айбарын танытқан шәкірттерімізге ақ жол тілейміз. «Өнерлі өрге жүзер» деген батамен ұлы жолға түскен шәкірттеріміз әр сабақта да өздерінің тілдік қасиеттерін, шығармашылық қабілеттерін де көрсетеді. Тіл жүйріктігі байқаған соң, осы шәкірттерді шешендікке негіз болатын нәрсе мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, жұмбақтар мен жаңылтпаштардан білім сайысын ұйымдастыруды жоспарладық. «Мың бір мақал,жүз бір жұмбақ» атты сөз сайысына алты турдан тұратын қызықты кеш мазмұнды да, пайдалы болатыны сөзсіз. Мұндағы мақсат та тілдің шұрайлылығын, байлығын көрсететін ұлттық құндылықтарымызды жастардың санасына сіңіру, бойларына дарыту. Өз ұлтының нағыз жанашыр ұландары ең алдымен тілін, салт дәстүрін,мәдениетін, тарихы мен атақты тұлғаларын, бір сөзбен айтқанда руханиятын білуі керек. Оларды ұлықтау керек. Осы бағытта біз шәкірттерімізді шыңдап, оларды баптап, сынға дайындаймыз. Қанаттары қатайып, ел абыройын асқақатар асыл азаматтардың ізін жалғастырушы ұландарымыз өсіп келеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушылары, Ж.Әділханова,Н.Мужигова,В.Ғабитова