«Атамекенге қош келдің!» – ұлттық рух пен бірлік мерекесі
24 қазан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (https://farabi.university) ЖОО дейінгі дайындық факультетінде дәстүрге айналған «Атамекенге қош келдің» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Бұл ерекше кеш жыл сайынғы факультет қауымының рухани басқосуына айналып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі – Республика күнімен тұспа-тұс келіп, айрықша мәнге ие болды. Мерекенің басты мақсаты – елімізге жаңа қадам басқан қандастарға ыстық ықылас білдіріп, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін, ұлттық рух пен мәдени мұраға құрметті қалыптастыру, сондай-ақ факультет ұжымының бірлігін, студенттер мен ұстаздар арасындағы рухани байланысты нығайту болды. Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде факультет деканы А.Бектанов жиналғандарды құттықтап, жастардың еліміздің болашағындағы рөлін айрықша атап өтті. Ол өз сөзінде: «Сіздер – жаңа ғасырдың жарқын келбетісіздер, Тәуелсіз Қазақстанның ертеңі сіздердің қолдарыңызда. Білім мен еңбек -табыстың кілті. Елімізді дамытуға өз үлесін қосатын бәсекеге қабілетті, отаншыл азамат болу – сіздердің басты міндеттеріңіз», – деп жастарды жігерлендірді.
Кештің қадірін арттырған арнайы қонақтар -«Қазақ медициналық қоғамы» бірлестігінің төрағасы Мақсат Әбдіқадырұлы мен белгілі кәсіпкер Сабыржан Мұхаметханұлы жастармен өз өмірлік тәжірибелерін бөлісіп, табысты болудың жолдары мен адал еңбектің маңызын атап өтті. Қонақтардың әрбір сөзі тыңдаушылардың жүрегіне жол тауып, олардың болашаққа деген сенімін арттырды. Мерекенің ең толғанысты әрі қуанышты сәті – 13 үздік тыңдаушыға бір реттік шәкіртақы табыстау рәсімі болды. Бұл марапат оқу озаттарына ғана емес, белсенді, шығармашыл және үлгілі тыңдаушыларға берілді. Шәкіртақы иегерлерінің қуанышы мен ұстаздарының ыстық ықыласы залдағы барлық көрерменге ерекше әсер қалдырды. Бұл сәт жастардың еңбегінің еленіп, факультет тарапынан қолдау көргенінің айғағы болды. Мерекелік кештің көркін келтірген концерттік бағдарлама ұлттық рух пен дәстүрдің айшығын айқын көрсетті. Сахна төрінде ұлттық нақышқа толы әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер орындалды. Ұлттық киімдегі жас бишілердің би қимылдары көрерменді тәнті етіп, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының сұлулығын паш етті. Әрбір өнер көрсетілімі «Атамекен» ұғымының терең мағынасын ашып, туған жерге деген сүйіспеншілікті бейнеледі. Тыңдаушылардың өздері де поэзия оқып, домбырамен күй тартып, ұлттық әндерді орындап, көпшілікке өз өнерлерін көрсетті. Бұл – жас ұрпақтың мәдениет пен өнерге, дәстүр мен тарихқа деген құрметінің жарқын көрінісі болды. «Атамекенге қош келдің» мерекесі тек көңіл көтеру мақсатындағы іс-шара емес, терең тәрбиелік және рухани маңызы бар мәдени оқиға ретінде есте қалды. Кеш барысында жастарға патриоттық рух, ұлттық бірлік, өз елінің мәдениеті мен тарихына деген құрмет сезімін сіңіру көзделді. Осындай мазмұнды іс-шаралар факультет студенттерінің бойында азаматтық жауапкершілік пен елжандылық қасиеттерді қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. Мереке жастардың бір-бірімен достық байланыс орнатып, өздерін үлкен университеттік отбасының мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік берді. Бұл кеш факультет тарихындағы ең есте қаларлық сәттердің біріне айналды. Ол жастардың бойындағы сенімді арттырып, олардың рухани дамуына ықпал етті.
Қорытындылай келе, «Атамекенге қош келдің» мерекесі өз мақсатына толық жетіп, факультет қауымының бірлігін, жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін нығайтқан, ел рухын дәріптеген айтулы оқиға болды.
ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушылары А.Қ. Бегалиева, С. Сағнайқызы