Ағайындылардың “Ағайын” жиһаз цехі халықтың көңілінен шығуда
“Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады” демекші ерінбей еңбек етіп, оның зейнетін көріп отырған жандар көп. Бір сөзбен айтсақ «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін». Қазіргі қоғамдағы жұмыссыздық жайлаған қиын-қыстау тұста адамдардың еңбек етуі, еңбек нарығын табуы ең үлкен мәселе. Көптеген азаматтар ішкері аймақтарда, Улаанбаатар қаласында, Қазақ елінде және бір тобы шетелдерде жұмыс жасауда. Мұның бәрі тіршілік қамы, ұрпақ қамы. «Ақша» адамның жаны емес бірақ жанынан да кем емес болып тұрған қазіргі қымбатшылықта тамақ тауып жеу үшін адам баласы қолынан келгенді істеп бағуда. Сонда да бәрі емес, жүректісі әрі шыдамдысы өз кәсібін ашуда. Кәсіп түбі нәсіп, кәсіпте несібе бар, ырыс бар. Сондай азаматтың бірі – Өлгий сұмын 12-бақ тұрғыны Серікбай Дамысұлы. Бұл азаматта жоғарғы оқу орнының табақтай дипломы бар. Бірақ ол мемлекеттік жұмыс емес жеке кәсіп ашуды мақсат еткен. Көптеген ізденістер мен қиындықтарды еңсере отырып, қазіргі таңда жеке цех ашып, бес адамды жұмысты болдырып отыр. Шағын цехтар, шағын және орта өндірістердің елімізге берешегі өте жоғары. Шағын және орта өндірістер дамыса халық жұмысты, кірісті болады. Бұдан тыс ақша айналымы өз елімізде жүріледі.
«Асыл тастан, ақыл-жастан» демекші Серікбай оқып жүріп, шағын цехтарда жұмыстай жүріп, жиһаз жасаудың қыр-сырын меңгерген. Мамандығы негізінен – спорт мұғалімі. Ол: «Мұғалім болып бір жалақыға ғана қарағанша өз еркіммен өз кәсібімді ашқанды мақсат еттім» дейді. Қазіргі таңда Серікбай бастаған «Ағайын» жиһаз өндірісінен шыққан жиһаздары таңдай қақтырады. Стилі мен өңі, пішіні әрқалай. Олардың ұжымы түрлі гарнитур, киім шкаф, үстел орындық, төсек т.б тұрмыстық бұйымдардың қай түрі болса да, қалаған дизайныңызбен қолжетімді бағада, әдемі әрі сапалы етіп өндіруде. «Әр тұтынушының тапсырысына сай, көңілінен шығуға тырысамыз. Біз әрқашан сапаға мән береміз» дейді ол. Серікбайдың зайыбы Сәңкейқызы Қаршыға мұғалім болып қызмет атқарады.Үш баласы бар жас отбасы. Серікбай қасына серік етіп өз туған інісі және басқадай үш азаматпен бірге жұмыс жасайды. Мемлекеттен ешқандай қолдаулар алмаған. Бүкіл әлем бойынша шағын және орта өндіріске айырықша мән беруде. Себебі алпауыт зауыттар мен фабрикалардың жұмысы тоқтап банкрот болса, көптеген адамдар зиян шегеді. Бір жолда мыңдаған адамдар жұмысынан айырылуы мүмкін. Оның қаржы айналымы, экспорт, импортының барлығы үлкен бюджет пен саналы басқаруға, сапалы өнім шығаруға бағытталады. Сәл мүлт кетсе болды, орны толмас шығындарға ұшырайды. Ал, шағын өндірістерде тәуекелділік анағұрлым аз. Бюджеті, адам саны аз болғандықтан өзгертуге, олқылықты толтыруға мүмкіндік көп. Біз көбінде даяр өнім сатып аламыз. Мысалы Қытай елінен, Түркия елінен импорттап әкелген тауарлар арқылы сол елдің халқын толықтай қолдап отырмыз деген сөз. Сол мемлекеттердің өнімдерін сатып алу арқылы олардың фарбикасын, жұмысшыларын қолдап, салығын төлеп отырмыз. Ал, елімізде өндіріліген өнімді тұтынсақ оның берешегі өте мол. Жоғарыда айтқанымыздай ақша айналымы ел ішінде жүріледі. Оны жасаушылар да, сатып алушылар, ары-бері тасымалдаушылар түгел дерлік аймағымыз азаматтарының қалтасында қалады. Ендеше аймағымыздағы кәсіпкер жастарды қолдайық! Тапсырыс берем деушілер 94342233; 99422907 номеріне хабарласуларыңызға болады.