“Бриллиант клуб” әйелдердің үкіметтік емес ұйымы жаңадан орнады
Кеше аймағымызда «Бриллиант клуб» әйелдер үкіметтік емес ұйымының іргетасы қаланды. Еліміз көлемінде Бриллиант клуб әйелдер ұйымы құрылғанына 10 жыл толады. Барлық аймақтарда бөлімшелері бар. Біздің аймағымызда осы ұйым орнағанымен, әртүрлі себептерден табысты жұмыстар атқара алмаған. Улаанбаатар қаласындағы, басқа аймақтардағы кейбір бөлімшелері аса табысты жұмыстап, тіпті шетелдердегі саммиттер мен басқосуларға қатысқан. Әртүрлі жобаларды жүзеге асырған. Соның нәтижесінде халықаралық ұйымдардан қолдау тауып, қаржы-қаражат мәселесі де шешілген. Ал, аймағымызда орнаған «Бриллиант клубы» үкіметтік емес ұйымының басқарма мүшелер саны -13, кеңесшілер саны -7. Төрайымына – қоғам белсенділері Әсел Жәнібекқызы, орынбасарына Аманкелдіқызы Марттар тағайындалды.Бұдан тыс 200-ге тарта әр салада қызмет атқаратын қыз-келіншектер аталмыш ұйымның жұмысын қолдайтынын білдіріп отыр. Басқарма мүшелеріне әр салада табысты қызмет атқарып жүрген қыз келіншектер таңдалып алынса, кеңесші ретінде көп жылдар бойы үкіметтік және бейресми ұйымдарда нәтижелі жұмыстаған зейнеткерлер сайланды. «Бриллиант клуб» үкіметтік емес ұйымы жұмысын нөлден бастап жатыр десек болады. Себебі қазір ешқандай бюджет мәселесі қарастырылмаған. Алайда жобалар жазып, ұйымның мақсат-мүддесін айқындап, алдағы уақытта арнайы жоспарлар бойынша жұмыстаймыз дегенді басқарма мүшелері бір ауыздан қолдады.
Бүгіндері көптеген елдерде үкіметтік емес ұйымдар қоғамда аса нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Еліміз көлемінде әйелдердің құқығын қорғау, балалардың кінәрәтсіз өсіп-жетілуі, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау, табиғатты қорғау, эко жүйені сақтау, сондай-ақ, жан-жануарларды қорғау, қоқыссыз ортада өмір сүру деген сияқты мақсаттар жөнінде мүдделес, көзқарастары мен мақсаттары сәйкес келетін азаматтардың бірігіп жұмыстайтын үкіметтік емес ұйымдар көп. Әлем бойынша осындай ұйымдардың нәтижесінде баспаналы болған, ауруынан айыққан, зорлық-зомбылықтан құтқарылған, немесе кірісті, табысты болған азаматтар көп. Демек әлем бойынша жақсы ниеттегі адамдардың бірігіп жұмыстауы нәтижесінде біршама ізгі істер атқарылып, алпауыт компаниялар, бай адамдар оларды қаржыландырып келген болатын. Еліміз – адам саны аз, әрі кедей елдер тобына жататындықтан жалпылай халықты білімді болдыру, денсаулығын қорғау, әйел құқығы мен теңдігін сақтау мақсатында біршама жобалар табысты жұмыстаған. Соның бір бөлігін әйелдер үкіметтік емес ұйымдары құрайды. Бұлар қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге үн қосып, жоғарыда аталған шешімін таппаған келеңсіздіктермен күреседі. Біздің аймағымызда 30-дың ар жақ бер жағында әйелдер ұйымдары бар. Алайда, солардың ішінде айырықша жұмыс атқарғаны аз. Әйелдер құқығын тек 8-Наурызда, балалар құқын Маусымның бірінде ғана қорғайық деп дабыл қағып, сол күндері ғана жұмыстар ұйымдастырып жатады. Жақсы ниетте атқарылған жұмыстарға сын таға алмаймыз. Дегенмен бұл жеткіліксіз. Берешегі аз. Біздің аймағымызда шешімін таппаған мәселе шаш-етектен. Оны біз шеше алмаймыз. Дегенмен «біздің екі-үй аман болсын» деп қолды бір сілтеуге ешқашан болмайды. Себебі біз бір қоғамда өмір сүреміз. «Кемедегінің тілеуі бір» демекші қоғамдағы болмай, бітпей жатқан дүниелер бізді айланып өтпеуі мүмкін емес. Мысалы зорлық-зомбылық көрген бала ертең сіздің келініңіз немесе күйеу балаңыз болуы мүмкін. Сіздің балаңыздың досының жаман әдеті болса сіздің балаңызға әсер етуі де әбден ықтимыл. «Бриллиант клубының» басқарма мүшелері осы мәселелерді кеңінен талқылап қоғамға, көпшілікке бағытталған іс-қызметтер жүргізуді алға қойып отыр.
Қоғамдағы жұмыссыздық, араққа салынушылық, ажырасу, зорлық-зомбылық, қылмыс-қайшылық қатарлы келеңсіздіктермен күресу үшін үкіметтік ұйымдар әрдайым үкіметтік емес ұйымдармен, халық көпшілікпен қоян-қолтық жұмыстауы қажет. Сонда ғана нәтиже шығады дегенді басқарма мүшелері тілге тиек етті.