Еңбектің наны тәтті
Саяхатшылық, туризм саласы еліміздегі дамып келе жатқан салалардың бірі. Саяхатшыларға қызмет көрсету, стандарттық талаптарға сай гигиеналық тазалықты ұстана отырып қызмет көрсету де аса маңызды. Өткен жылы аймағымызға 70 мыңдай саяхатшы келген. Саяхатшылардың әрбіреуі аймағымыздағы қонақ үйлерге қонады, әр жолғы саяхатшыларға тізгінші, аспаз, аудармашы деген сияқты ең кемінде үш адам еріп жүреді. Олар ауылдардағы адамдардан ат мінеді, көлік жалдайды. Осының барлығы да аймағымызға кіріп жатқан таза кіріс деп есептеген жөн. Өткен жылдары аймағымызға АҚШ-тың экс президенті Трамптың ұлы және өткен жылы Кореяның атақты әртісі Жан Хег бастаған топ келіп деректі фильм түсірді. Осындай әйгілі азаматтарға ас-тағаммен даяшылық жасаған Индира көптің алғысын алуда. Ол 20 жыл бойы аспаздықты кәсіп етіп, баласын оқытып ер жеткізіп, кәсібін ашып, ағайын-туысына қолғабыс жасауда. Қарапайым, өз еңбегінің шебері Индира өткен қыста батыс бес аймақ арасындағы аспаздар сайысынан бірінші орын жеңіп алып марапатталған. Аспаздықты жастар кәсіп деп есептемейді. Ал, шындығында ең жалақысы жоғары, сұраныс көп сала аспаздық сала. Қазіргі таңда аймағымызда да, еліміз бойынша да ең жұмыс көп табылатын да – аспаздық. Шебер аспаздың жалақысы елімізде 3-10 миллион төгрөг аралығында. Ендеше жұмыссыз жастар неге осы кәсіпті меңгермеске?! Индира көптеген қиыншылыққа қарамастан осы салада табан аудармай 20 жыл жұмыстаған уақытында әрдайым өзін жетілдірумен болған. Қазір де жыл сайын аспаздық мамандығымды жетілдіріп тұрамын дейді ол. Кенжеханқызы Индира алғашында тойханада 10 жылдай жұмыстаған. Отты жағу, су тасу, тағам әзірлеудің сыртында тазалық жұмыстарын да қоса атқарып жүрген. Қазіргі таңда кейбір адамдар жанын қинамай ғана ақша тапқысы келеді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші «қарның тоқ, көйлегің көк» болу үшін ерінбей еңбек ету қажет дегенді бұл азаматша шын мағынасында ұғынғандай. Мемлекеттің байлығын мүжімей тек өз еңбегін сатып бала-шағасын асырап жүрген жанның бәрі еңбек майталманы деген атаққа лайық. Ендеше мамандықтың, кәсіптің бәрі жақсы, адал астың бәрі тәтті.