Еңбек етсең ерінбей…
Баян-Өлгий аймағының белді бизнесмен қыздарының бірі – Айнагүл Айыпқанқызымен сұхбат
Жетістік – адамның өз еңбегімен пәни дүниеден алған орны. Уильям Шекспир: «Жетістікке жетудің үш ережесі: өзгелерден артық білу, өзгелерден көп еңбектену, өзгелер күткеннен азға үміт ету» дейді. Яғни әр адам үшін жетістік аса маңызды. Барлығы да шыңына шыққысы келеді. Ал біздің қарапайым түсінігімізде жетістік дегеніміз – өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу, одан ләззат алу. Және сол арқылы табысыңды арттыру. Маңайыңдағы адамдарға пайда келтіру. Мінеки осындай қарапайым қағидаларды ұстанып бүгіндері өз кәсібін ашып, аймағымыздың бизнес саласында айтарлықтай өз орыны бар қыздарымыздың бірі – Айнагүл Айыпқанқызы. Ол 1977 жылы отбасының 3 баласы болып дүниеге келген. 1995-1999 жылдары Қаржы және экономика университетін экономика мамандығымен бітіреді. 2002 жылы түрік азаматы Абдуллаһ Айтанмен отбасын құрып, екі ұл бір қыз дүиеге әкелген. Айнагүл мен Абдуллаһ 2005 жылы аймағымыздағы алғашқы стандарттық талаптарға сай келетін «Халал ресторан» ашқан еді. Содан бері 18 жылда көптеген жетістіктерге жетіп, бизнестерін кеңейткенді. Айнагүл Айыпханқызы жуықта Испанияның Мадрид қаласында өткен «Халықаралық бизнесмен әйелдер» съезіне қатысып, «Халықаралық дәрежедегі үздік бизнесмен» сыйлығымен сыйланды. Қазіргі таңда белгілі бір қызмет атқарып немесе тендер алып сауда саласына келетіндер бар. Олармен салыстырғанда Айнагүл мен Абдуллаһтың жетістігі – табан ет, маңдай термен келген десек қателеспейміз. Біз осы орайда марапат иесімен сұхбаттасқан едік:
- Марапатыңыз құтты болсын! Бизнеске қалай келдіңіз?
- Рахмет! Бизнесті бала кезімнен көріп өстім деуге болады. Әкеміз бен анамыздың шағын етік цехы болды. Етік істеп сататын едік. Сол кездерде шикізатын сатып алу, оны жасаған кезде көмектесу, сату қатарлы процестерге қатысып жүрдім. Кейіннен студент болған кезде құрбыларыммен бірге Қытай еліне барып киім-кешек әкеліп сатып дегендей сауда-саттық саласына ерте араластым. Оқу бітірген соң мамандығыммен жұмыс табыла қоймады. Сол тұста аспаздық курс оқып, шағын асхана да жұмыстаттым. Кейіннен жолдасыммен танысып, шаңырақ құрып, Улаанбаатар қаласына барып мамандығымызбен жұмыс жасай бастадық. Алайда өз кәсібімізді ашсақ деген арман-мақсатымыз болды. Сөйтіп Алланың қалауымен 2005 жылы Өлгий қаласына келіп, «Памуккале» ресторанын аштық.
- Адамдар алғаш бизнес саласына келгенде сәтсіздіктерге ұшырап жатады. Сіздерде алғаш басталған бизнестеріңіз қалай жүрді? Яғни сол кезде сіздердің бастамаларыңызды халық қалай қабылдады?
- Адам бизнес бастау үшін әуелі зерттеу анализін жасау керек. Қалай
- Енді бизнес бастайтын адам ең бірінші не істеймін дегенді нақтылауы қажет. Екіншіде сол бизнеске анализ жасау керек. Үшіншіде өзі де бейім болу керек. Біз алғаш ресторан ашқан кезде кейбіреулер айтып жатты. «Арақ-шарапсыз саудаларың жүрмейді, адамдар кірмейді» деп. Дегенмен «аққа құдай жақ» демей ме? Осы күнге дейін ішімдік кіргізбедік. Алғаш ашылғандағы клиенттеріміз осы күнге дейін бізбен бірге десек артық айтқандық емес. Аллаға шүкірлік дейміз.
- Алғаш бизнес бастағаннан бастап міне он сегіз жыл өтіпті. Осы жылдар ішінде қандай жетістіктерге жеттіңіз?
- Енді адам өзін-өзі мақтаған жақсы деп ойламаймын. Бағасын халық береді. «Памукале» ресторан ұжымы көптеген сый-марапаттарға ие болды. «Аймақтық саңылақ ресторан», «Стандартты талаптарға сай орын» деген сияқты әр жылда аймағымыздан әртүрлі марапаттар алып отырдық. Бұдан тыс 2018 жылы халықаралық дәрежедегі «Жібек жолы» сыйлығын жеңіп алдық. Өткенде Испаниядан жүлдемен оралдық деген сияқты. Бұл тек біздің отбасымыздың ғана емес, бізде қызмет атқаратын ұжымның, тұтынушыларымыздың сыйлығы деп білемін. Сонымен қатар мейрамханамыз ISO халықаралық стандарт алған. Осы 18 жыл ішінде мейрамханамызды үлкейтіп аймағымызда алғашқы кофе шоп аштық. Демалыс орнын, сондай-ақ киім-кешек дүкенін аштық. Қазіргі таңда 30-дай тұрақты жұмысшымыз бар. Жаз айларында 50-ге тарта адам жұмыстайды.
- Жұмысшылардың айлық-жалақысы тұрақты төлене ме? Әлеуметтік мәселелеріне қаншалықты көңіл бөлесіздер?
- Әрине. Біз талап та қоямыз, жалақысын да істегеніне жарай алады. Шамамыз келгенше әлеуметтік жағдайларына көңіл бөліп отырамыз.
- Әр адамның өмірлік кредосы яғни ұстанымы болады. Сіз өз бизнесіңізде қандай ұстаным ұстанасыз?
- Мен «әрбір тұтынушы – хан» деп есептеймін. Яғни тұтынушының көңілінен шығу, қарым-қатынас жақсы болу керек деген ұстанымым бар. Жұмысшыларға да барынша өз ісіне жауапты, адал, таза, әрі ұқыпты болғанын талап етемін. Алдағы уақытта бизнесімізді дамытып, демалыс орнын да стандарттық талаптарға сай келетін жоғары деңгейде даяшылық көрсетсек деген ойдамыз. Енді адамның арманы көп ғой.
- Сұхбатыңызға рахмет! Армандарыңыз орындалсын!