Жас келсе – іске
Ислам дінінде әр адам кешкісін өз-өзіне «Бүгін мен не істедім» деп есеп беру керек делінген. Ал, әр азамат өзінің атқарып отырған жұмысына жылына ма, айына ма бір рет бастығына есеп беріп жатады. Ендеше халық кімнен есеп сұрайды десек, аймақ, сұмын басқарып отырған, МҰҚ-та отырған азаматтардан атқарған жұмысының нәтижесін күтеді. Осы тұрғыда Дэлүүн сұмынынан ААӨҚ-ның өкіліне сайланған, аталмыш сұмынның денсаулық орталығының аға дәрігері, медицина саяси басқару магистрі Мәмбарқызы Нұрсәулемен атқарған жұмыстары жөнінде сұхбат өрбіттік.
- Студиямызға қош келдіңіз, ААӨҚ-на сайланғаннан бері атқарған шаруаларыңызға тоқтала кетсеңіз.
- Сұхбатқа шақырғандарыңызға рахмет! Ең әуелі қасиетті Дэлүүн халқына алғысымды айтамын. Маған үміт артып, ААӨҚ-на сайлаған, өз қыздарындай көріп құшақ жая қарсы алған халқыма басымды иемін. Дэлүүн сұмынынан ААӨҚ-на сайланғалы міне төртінші жылға аяқ басып барады. Біреуге көп, біреуге аз уақыт. Алайда аймақ басшылары мен МҰҚ мүшелерімен бірлесе отырып, біршама жұмыстар атқардық. Солардың бастыларына тоқтала кетсем:
- 2021 жылы жалпы білім беретін Дэлүүн сұмынының 1-мектебінің жатақханасының 75 “А” корпусының жөндеу жұмысы – 119 миллион төгрөгке,
- Жалғыз ағаш заставасының көпірін жөндеу жұмысы – 15 миллион,
- Дэлүүн сұмынының 10-бағының құдығын тоққа қосу жұмысы – 20 млн төгрөг,
- Денсаулық орталығын жабдықтандыру жұмысына – 23,3 млн төгрөг,
- 2022 жылда
- Арасан өзенінің көпірін салу жұмысы 65,2 млн төгрөгке,
- Жалпы білім беретін 1-мектептің жатақханасының 75Б корпусының күрделі жөндеу жұмысы -120 млн төгрөг,
- Сұмын орталығына қаша тарту жұмысы – 6,2 млн,
- 1-балабақшаны ойыншықпен қанымдауға – 6,2 млн,
- Денсаулық орталығын компьютермен қамту жұмысы – 19,9 млн,
- Бессала яғни 5-бақтың жатақхана суретін шығартып, экспертизден бекітуге – 20 млн,
- 2023 жылда
- Сұмынның мәдениет орталығына перде құру, орындық алу қатарлы жұмыстарына – 70,5 млн,
- 1-мектептің орындық партасын жаңалауға – 40 млн
- Дэлүүн сұмынының бақ әкімдері мен бақ дәрігерлеріне -20-дай мотоцикл әкелініп, үлестірілді
- Денсаулық орталығына қан зерттейтін анализатор – 19,4млн
- Автоклав алу жұмысына -7,8 млн
- Денсаулық орталығының асханасына техникалық құрал-жабдықтар алу жұмысына – 12 млн,
- Сұмынды көгалдандыру жұмысына – 17,7 млн
- 3-мектептің асханасын жөндеу -18 млн,
- 1-балабақшаның тоғын жөндеуге 15 млндай қаржылар шештірдім,
- 3 балабақша жаңадан ашылып, барлық құрал жабдықтарымен пайдаға беріліп, көптеген азаматтар жұмысты болды.
- 2024 жылға қандай жұмыстар жоспарлап отырсыз?
- Ескі аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге – 150 млн,
- Сұмын орталығындағы жатақханалардың көрпе-жастықпен қанымдау -40 млн,
- 6 және 7 бақтың жайлауы Түвшин көлге құдық қазғызу жұмысына – 20 млн,
- Мектеп оқушыларын парта-орындықпен қанымдауға – 60 млн жоспарланып отыр.
- Денсаулық орталығының қызметіне тоқтала кетсеңіз. Аппаратуралар, жедел жәрдем көлігі тағы басқа қажеттіліктермен қаншалықты қамтамасыз етіліп отыр?
- Біздің ұжым 50 адаммен іс-қызметін жүргізуде. Күнделікті амбулаториялық емдеуден тыс стационарлық емдеу де қатар жүріледі. 28 төсек бар. Ішкі ағзалар, перзентхана, хирургия, тіс, қатарлы бөлімшелер іс-қызмет атқарады. Бұдан тыс кәрі адамдар мен кейбір науқастарға үйлеріне барып қызмет көрсетеміз. 2 жедел жәрдем көлігі бар. Екеуі де жаңа. Екі көлік қыр-ойға шақыруларға кетіп қалған жағдайда, төтенше жағдайлар бөлімінің көлігін қолданамыз. Жуықта сұмын басшылары, бақ әкімдері, дәрігерлері, сондай-ақ Денсаулық орталығының дәрігерлерін қамтып жиын өткізіп, кім не істейді деген шарт жасастық. Алдағы уақытта барлық бақтарды аралап, сұмын орталығына келе алмайтын азаматтарға мобайл технология яғни көшпелі эхо, қан қысым өлшейтін әртүрлі заманауи технологияларды алып жүріп, халықтың денсаулығын тексермекпіз.
- Қыс қалай өтуде? Халықтың жағдайына тоқталсаңыз….
- Қыс жақсы өтті. Алда мал төлдеу науқаны. Қыс айларында алыс отарларға жас бала, қариялар мен жүкті адамдарды жібермеу, жүкті аналарды уақытында тексерту қатарлы жұмыстарды тұрақты ұйымдастырып келдік.
- Жатақханада тұратын малшы балаларының жағдайына қаншалықты көңіл бөлесіздер?
- Жатақханаларға жөндеулер жасалынды. Жоғарыда айтқанымыздай 2024 жылдың бюжетіне көрпе жастықтан бастап біршама құрал жабдықтар әкелінбек. Тағамдарының дәмін тексеріп тұрамыз. Ас мәзірін мектептің дәрігерімен сөйлесіп отырып жасайды. Қандай бір оқушы сырқаттанса дер кезінде дәрігерлік көмектер көрсетіледі.
- Сұхбатыңызға рахмет!
- Рахмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
«Жас келсе іске» демекші Нұрсәуле Мәмбарқызы Дэлүүн сұмынында он төртінші жылда дәрігер болып қызмет атқаруда. «Өзіңнен құлын тумай атқа жарымайсың» демекші халық ішінде жұмыстап, халыққа не қажет дегенді біліп, медицина саласына қажетті құрал жабдықтар алдырып, халық пен билік арасында көпір болып жұмыстауда.
Нұрсәуле Мамбарқызы Алтай сұмынында дүниеге келген. Руы- Ителі. Ол 2010 жылы Дэлүүн сұмын азаматы Самарқанұлы Нұрқуатпен отбасын құрып, аталмыш сұмында бес баласымен бірге өмір сүріп келеді. Жолдасы – Жәнтекей-Тайлақ рулы С.Нұрқуат Дэлүүн сұмынындағы Сұмынаралық ауруханада хирург яғни оташы дәрігер болып қызметтейді.
Нұрсәуле 1993-1999 жылдары Алтай сұмындық толық орта мектебін, 1999-2003 жылдары Аймағымыздағы «Эмпати» Монгол-Түрік лицейін тәмамдаған. 2003-2010 жылдары Мемлекеттік медицина университетін Говь-Алтай аймағындағы бөлімшесін аға дәрігер мамандығымен, 2014-2016 жылдары Улаанбаатар қаласынан «Ішкі ағза» бойынша оқып, мамандығын жетілдірген. Медицина басқару саласының магистрі. Алғашқы еңбек жолын Дэлүүн сұмынынан бастаған. Қазіргі таңда, халықтың ішінде, ААӨҚ депудаты, Сұмындық денсаулық орталығының басшысы ретінде жұмысын тыңғылықты атқаруда.