Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті кезекті оқу жылын бастады
Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің аға оқытушылары:
Үсенбекова А.Е, Смағұл М.Ж, Мәтбек Н.Қ
Үстіміздегі жылдың кезекті оқу жылы да қызу басталып кетті. әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетіндегі жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы өз кезегінде шет елдерден – Қытай Халық Республикасы, Монғолия, Өзбекстан Республикасынан ұмтыла, асыға келіп жеткен, елім, жерім деп аңсап келген балғын жастарымызды аталған кафедраға оқуға, ҰБТ тапсыруға дайындыққа қабылдады. Жастардың қуанышы шексіз. Олардың көкірегіндегі атамекенге деген ыстық ықыласын, сүйіспеншілігін, махаббатын жаутаңдаған көздерінен- ақ байқауға болады.
Ия, өзіміздің қандастарымыз, қаракөз балапан жастар, біздің еліміздің жетекші білім ордасы – әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде және еліміздегі басқа да жоғары оқу орындарының түрлі саласының студенті атанып, білім алуды көздеген, армандаған жастар.
Олар университетіміздің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында биология, химия, география, математика, тарих, қазақ тілі, физика, т.б. пәндерінен білім алып, ҰБТ орталығының талабына сәйкес таңдаулы түрде қалаған мамандығы бойынша еліміздің түрлі жоғары оқу орындарына оқуға түсуге бақ сынамақ.
Оқу жылы да басталып, оқытушы – профессорлар құрамы да жұмысын бастап кетті. Осындай қысқа мерзімнің өзінде тыңдаушыларды университетіміздің ішкі ережелерімен, кітапханасымен, мұражайларымен, тарихымен куратор-эдвайзер оқытушылар таныстырып та үлгеруде. Оларға барлық жағдайлар жақсы жасалған, яғни, жатақхана, оқу залдары, сабаққа қажетті құралдар жеткілікті.
Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздің жоғары білім беру жүйесінде айрықша орын алады. Университеттің ресми мәліметтері бойынша, ҚазҰУ әлемнің 50 мемлекетінің жоғары оқу орындарымен, халықаралық ұйымдар мен келісім мен ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан. Яғни, бұл серіктестіктер бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және отандық жоғары білімнің халықаралық беделін арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Университеттің халықаралық байланыстарына АҚШ, Франция, Италия, Испания, Түркия, Жапония, Қытай, т.б. елдер жатады. Қытай университеттері ерекше орын алады, яғни Қытайдың 65 жоғары оқу орнымен ғылыми, білім беру және мәдениетаралық байланыстары дамып келеді. Атап айтсақ: Бейжің университеті, Цинхуа университеті, Шанхай университеті және Сиань Цзяотун университеті. Бүгінгі таңда халықаралық серіктестік – университет дамуының маңызды шарты. Ал, ҚазҰУ үшін бұл бағыттың басты нәтижесі – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттыру. Кафедрамызда білім алушы қандас – тыңдаушыларды әл – Фараби атындағы университетіміздің студенті атанып, белгілі, бәсекеге қабілетті маман иесі болуына ақ жол тілейміз!