Көптің көңілінен шыға білген – шаштараз Күмә
Шаштараз өнерінің тарихы мыңдаған жылдарды құрайды. Шаш сәні алғашқы қауымдық құрылыста киімнен бұрын пайда болған. Бізідң заманымыздың V мыңжылдығының өзінде адамдар шаш үлгісіне аса назар аударған. Арнайы шаштараздар туралы ақпарат ежелгі Мысырға, одан соң Ежелгі Греция және Ежелгі Римге қатысты. Англияда шаштараздарға 1462 жылы өз гильдиясын құруға рұқсат берілген. Ол заманда шаштараздар көбіне сақал қырумен айналысқан. Кейіннен 18 ғасырларда Еуропада шаштараздар ерлер және әйелдерге жеке-жеке қызмет ететін болған. Ал, кең сахарада ұстарамен сақал алып, шаш алатын адамдар да кездесіп отырған. Қысқасы бұл кәсіптің тарихы тым тереңде. Ал, қазіргі таңда шаштараз бүкіл әлем бойынша ең пайдалы бизнес яғни ең пайдалы даяшылық түріне жатады. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші әркім де сұлу, сымбатты болуды қалайды. Сондықтан ерлердің, ұлдардың 100 пайызы шаш жасатады, кейбірі шашын қырғызады. Ал, әйелдер қауымының да 50 пайызы осы даяшылыққа жүгінеді. Аймағымыз орталығында көптеген сұлулық салондары қызмет атқарады. Кейбіреуі 5-6 адамды жұмысты болдырып отыр. Әр күн сайын осы даяшылық орталықтарының жұмысы қауырт жүріп жатады. Мереке күндері тіптен кезек тимейді. Әсіресе «Жаңа жыл», «Ұстаздар мерекесі» және «8-Наурыз» халықаралық әйелдер мерекесінде сұлулық салондарында ине шаншар жер болмайды. Редакциямыздың «Кәсібім-несібем» айдарының келесі қонағы шаштараз Гүлмерей Сансызбайқызы. Көптің көңілінен шыға білгендіктен клиенттері «Күма» деп атайды. Енді назарларыңызға сұхбаттың жазбаша нұсқасын ұсынбақпыз.
- Әуелі өзіңізді таныстыра кетсеңіз, қанша жылдан бері осы кәсіппен айналысып келесіз?
- Есімім Гүлмерей. Өлгий сұмынында енем, жолдасым және үш баламмен бірге өмір сүремін. Шаштараз болып жұмыстағаныма 15 жыл болды. 7 жыл қазақ елінде, 8 жыл осында істеп жатырмын.
- Табысыңыз өмірлеріңізге жете ме? Басқадай шаруамен айналысасыздар ма?
- Шаштараздың жұмысы оңай жұмыс емес. Егер басқа жұмыспен айналыссақ бұған уақыт шықпайтыны белгілі. Сондықтан шаштаразбен ғана айналысамыз. Әрі бұл кәсіп арқылы Аллаға тәуба елмен бірдей жақсы тіршілік етіп жатырмыз деп айта аламын. Мысалы ең жоқ дегенде бір күнгі табысым – жүз мың төгрөг. Ал, мереке күндері бұл цифр бірнеше есеге артады деген сөз. Менің жұмысымның тағы бір ерекшелігі – бірнеше қыз-келіншектер салонда көмекші болып жұмыстайды. Бұлардың күнделікті айлығын беріп отырамын. Яғни менің осы бір шағын кәсібім 4 отбасыны асырап отыр. Осы 15 жыл ішінде менен үйренген қыздар өздерінің жеке салондарын ашып, кәсіптерін дөңгелетуде.
- Бірнеше адам жұмыстайтын болса, клиенттеріңіз мол шығар…
- Әрине, Аллаға тәуба. Менің орналасқан шағын шаштаразым базардың жанында. Көбінде базардағы сатушылары келеді. Басқадай жоғары қызметтегі қыз-келіншектер, жігіттер де келеді. Негізінен клиенттерім көп. Тіптен кейбір ұл балалар шашын ұдайы жасатады. Қайтіп өсіп жатқандары көз алдымда десем болады.
- Көптеген жас әйелдер, құрбыларымыз осындай жеке бизнес ашуға жүрексінеді? Сіз қалай бастадыңыз?
- Алдымен адам өзі қай бір істі бес саусағындай біліп тұрған жағдайда ғана тәуекелге бару керек. Яғни қолыңыздан келіп тұрса неге жасамасқа?! Сосын қаржы қажет. Қандай бір кәсіпті қаржысыз аша алмайсыз. Ал, ең қажеттісі де – тәуекелділік. Өзіңе деген сенімділік. Келесісі – клиненттің көңілінен шығу қажет.
- Клиент демекші аудиторияңызды, яғни тұтынушыларды қалай жинауға болады?
- Енді «бір көрген адам таныс, екі көрген – біліс» деп жатады. Егер сізге алғаш келген адамның көңілінен шықсаңыз ол кісі қайтадан келеді. Және достары, туыстарына да айтуы мүмкін. Яғни өзі ғана емес бірнеше тұтынушы әкеледі. Бұдан тыс – даяшылықтың бағасы қолжетімді болуы қажет. Әр адамның мінезі, талғамы – әрқалай. Неше түрлі мінезі бар адамдармен жұмыстаймыз. Кім келсе де көңілінен шығуға, ренжітпеуге тырысамын.
- Жұмыс графикаңыз қандай?
- Таңертең 10 сағаттан кешкі 7 сағатқа дейін жұмыстаймыз. Бірақ қазір кішкентай балам бар болғандықтан жұмысқа 12, 1 сағаттарда келемін.
- Жұмыспен қатар бала тәрбиесі, олардың шай-тамағы, тапсырмасын орындату деген сияқты әйел адамның мойнындағы шаруаларды қалай реттейсіз?
- Сіз қоғамдағы жетістікке жеткен әйелдерді байқап отырсаңыз, бір бөлігі – басы бос болады. Яғни тұрмыс құрмаған тек карерасын біріншіге қойған жандар. Екіншісі – отбасы қолдайтын жандар. Мен өзімді екінші топтағы әйелдер қатарына жатқызамын. Енем мен күйеуімнің қолдауы ерекше. Ол кісілер балаларға, отбасының тірлігіне қарайды. Яғни менің алаңсыз жұмыс жасауым – сол кісілердің арқасы деп білемін.
- Мамандық жетілдіріп тұрасыз ба?
- Иә, біз әрдайым ізденісте боламыз. Мен негізі шаштараздың курсын Қазақ елінен оқығанмын. Ең мықты деген мастердің практикасынан өттім. Аймағымызда шаштараздар одағы бар. Әртүрлі оқыту семинарлар жүріледі, сайыстар жүріледі. Солардың барлығына табысты қатысып отырамыз. Интернеттен де шаш үлгілерін көп қараймыз. Жаңа шыққан шаштың күтіміне қатысты косметикалар, бояуларды Улаанбаатар қаласынан алдырып тұрамыз.
- Сұхбатыңызға рахмет! Табыс тілейміз!