Мал баққанға бітеді
«Жаңа дәуір» сайтының кезекті қонағы – Өмірбек Солтақанұлы. Ол Дэлүүн сұмын, 7-бақ тұрғыны, мал шаруашылымен шұғылданады. Өткен жылы 2 мыңға жуық мал санатып, жуықта «Мемлекеттік саңылақ малшы» атанды. Әкесі Жәнтекей, Қанкелді рулы Қарабалаұлы Солтақан да мал шаруашылығымен қатар аңшылықты кәсіп еткен, елге сыйлы ақсақал. Ал, анасы Қайрол Зиқанқызы молқы рулы, 3 қыз, 5 ұл тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Іргесінен жүйрік, желісінен құлыны кісінеген, мал мен басы қатар өсіп, құт қонып, қыдыр дарыған Солтақан әулетінің қара шаңырағында кенже ұлы Өмірбек ата кәсіпті жалғастыруда. Өмірбектің жұбайы – Каусар Камессияқызы аталмыш бақтың кіші дәрігері болып қызмет атқарады. Олар төрт бала тәрбиелеп отыр. Енді назарларыңызға мемлекеттік саңылақ малшы Өмірбек Солтақанұлымен өткізілген сұхбатты ұсынамыз.
- Мемлекеттік дәрежеде саңлақ малшы болуыңызбен құттықтаймыз. Қанша мал санатып осындай дәрежеге жетіп отырсыз?
- Ассалаумағалейкум қымбатты оқырман қауым. Барлықтарыңызға бүгінгі күннің жалынды сәлемін жолдаймын. Әкеміздің, атамыздың жолымен осылай мал шаруашылығымен айналысып келеміз. Өткен жылы жүздей жылқы, екі жүз сиыр, төрт жүз қой, мыңнан астам ешкі санаттық.
- Осыншама малды қалай бағасыз? Қиындық тудырмай ма?
- «Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» демекші мал бағу оп-оңай шаруа емес екені белгілі. Бірақ оның берешегі де жақсы. Ата-бабаларымыз осы мал шаруашылығының арқасында жақсы тіршілік етіп келген. Жаздың ыстығы, қыстың суығында мал бағу оңай шаруа емес. Көмекшілерім бар, ағаларым да қарайласады. Сол кісілердің көмегі де көп деп ойлаймын.Қазір көптеген жастар мал баққаннан қашып, қалалы, отырықшы жерлерді сағалауда. Онсызда жұмыс орны аз болғандықтан олар батпақпен алысып, жазда құрлыста, қыста көтерме шаруалармен айналысады. Мал баққанды қиынсынса, одан да ауыр шаруаға жегілуге тура келеді. Келесі бір қырынан алып көргенде мал шаруашылығы адал әрі пайдасы мол кәсіп деп көремін.
- Сіздерде сиыр малы да мол екен. Дәл осы кездерде сүттің бағасы құнды, ақ тағамыңыз да шарықтап тұр. Сиыр фермасын құрып, сүт сату жоспарыңызда бар ма?
- Сиыр фермасын құру дегенде біздің малдар жайылымдық малдар. Яғни жиырма төрт сағат жылы қорада ұстап, оны жемдеу, астын тазалау, сауу, сатылымға шығаруға дейінгі процесті алып көрсеңіз қыруар еңбекті, көптеген адамды қажет ететіні белгілі. Бізде қазір екі жүзге тарта сиырдың 150-і сауын сиырлар. Жылына орта есеппен 80-90 сиыр төлдейді. Енді ойлап қарасаңыз осыншама малдан өнім алу үшін күні түні жемдеу қажет.Бізде тек сиыр емес, жылқы, қой ешкі табын табынымен болғандықтан бірінші уақыт, екінші орта сәйкеспейді. Алдағы уақыттарда көптеген адамдарды жұмысты болдырып, жасауға болатын шаруа деп көремін. Алайда, қазіргі таңда жаз мезгілінде құрт-май алып, ал, қыста шақтап сауып, ағайын-туысқа беріп деген сияқты, игілігімізге жұмсалады.
- Соңғы жылдары жұт болып, көктем аяғы созылып, күн жылынбай, жер көктемей деген сияқты көптеген келеңсіздіктер орын алуда. Мыңға жуық малды қалай аман алып шықтыңыздар?
- «Қыстың қамын жазда ойла» демей ме? Біз жаз мезгілінде он тоннадай шөп дайындап аламыз. Бұдан тыс Ногооннуурдан, көршілес Булган сұмындарынан жем-шөптер сатып аламыз. Жыл сайын малды сатып шағындап, асқан ақшаны капитал болдырып деген сияқты жұмыстар атқарамыз. Қазіргі таңда малдың барлық өнімі құнды болды ғой. Теріден басқасы. Барлығын да сатып ақша болдыруға, жылжымайтын мүлік болдыруға толық мүмкіндік бар. Мал жұтта қырылып қалған қандай, ақша болып банкде тұрған қандай? Бағалы жылжымайтын мүліктің де пайдасы көп. Біз бірнеше жыл бұрын аймақ орталығынан пәтер үй алғанбыз. Балаларымыз сонда тұрып білім алуда. Балаларымыздың барлығын сапалы білім алсын деп төлемді мектептерден оқытудамыз.
- «Өріске қарай мал өседі» деп жатады. Осыншама малды бағу үшін де өріс керек, жайылым керек. Қыстау, күзеулеріңіздің жайы қалай?
- Ия, оныңыз рас. Жайылымның маңызы аса зор. Біз қазір Дэлүүннің 7-бағы, Ахуунт деген жерде үлкен үш қыстауымыз, мал төлдететін жерлеріміз бар. Жазда Түвшин нуур жайлауын жайлаймыз. Өрісіміз кең, жеріміз құт деп айтуға болады.
- Сіздер мал шаруашылығымен қатар басқадай кәсіппен айналысасыздар ма? Мәселен егін шаруашылығы, құсбегілік деген сияқты.
- Табиғатымыз қатал болғандықтан егінмен айналыспаймыз. Құсбегілік – әкеміздің негізгі кәсібі десек те болады. Ол кісі бала кезінен осы аңшылықпен шұғылданыпты. Бірлестіктің кезінде де неше мәрте саңылақ малшы, саңылақ аңшы болып сыйланып келген. Өткен жылы шаған мейрамы қарсаңында әкеміз «Қызыл ту» орденімен марапатталды. Сонымен қатар «Қыдыр отог» атты аңшылық серіктестігіміз бар. Көп жылдар бұрын әкеміз құрған екен. Шетелдіктерге аң атамыз. Серіктестікте әкеміз, ағаларым, көршілер және өзім деген сияқты онға жуық адам бармыз. Еліміздің табиғат қорғау, туризм министрлігінің, аймақ әкімінің шешімі, бөлісі бойынша қорғауға алынған, сиреген аң-құстардың тізімі, олардың экологиялық, экономикалық құны есептелініп, аулануға тиісті аңдардың саны шығарылады. Сол нұсқау бойынша шетелдіктер келіп, елімізге және жергілікті жер қорына ақшасын төлейді, ал біз сол кісілерге аң аулауға көмектесеміз деген сөз.
- Ахуунтда қоңыр аңдардың өсімі қалай?
- Қорғауға алынған аңдардың өсімі ерекше деуге болады. Арқар, құлжа, тауешкі түлік-түлігімен өсті. Біз қыс мезгілдерінде осы қоңыр аңдарға шөп шашып, тұз қойып деген сияқты биотехникалық жұмыстарды да қоса атқарамыз. Қар мол жауып, жайылым жоқ болған кезде аң да жұтай бастайды. Біздің серіктестіктің негізгі қызметінің бірі –аңдарды қорғау болып табылады.
- Сұхбатыңызға рахмет! Марапатыңыз құтты болсын!
- Сұхбатқа шақырған сіздерге, еңбегімізді бағалаған ел мен жұртқа, аймақ сұмын басшыларына айтар алғысым зор! Ел жұртымыз қыстан аман, жылдан есен шығайық!
Сұхбаттасқан – журналист Айбота Әлейханқызы