Монголия-Қазақстан елдерінің байланысы нығаймақ
Ұлан-Батырда Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды Ұлан-Батыр, 2022 жылғы 20 маусым – Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолияның Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Анхбаяр Нямдоржбен кездесу өткізді. Кездесу барысында Н.Анхбаяр саяси және экономикалық салалардағы моңғол-қазақстандық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларына қысқаша шолу жасап, екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылған сәттен бастап үш онжылдықтың ішінде Моңғолия мен Қазақстан арасында сақталып отырған сенімді де берік сипаттағы қатынастарды ерекше атап өтіп, моңғол тарапының екіжақты әрекеттесудің бүкіл спектріндегі мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін білдірді. Сұхбаттасушының ойын қолдай, әрі өрбіте отырып, Ғ.Қойшыбаев өз кезегінде тараптардың күш-жігерін ынтымақтастықтың нақты бағыттарына шоғырландыруды, атап айтқанда екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру бойынша бірлескен келісілген қадамдарды жандандыруды, көліктік-логистикалық, аграрлық және өндірістік-инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды. Осы орайда ол аталмыш салаларда практикалық нәтижелерге қол жеткізу үшін биыл күзде Ұлан-Батырда өткізілуі жоспарланған Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дайындық жұмыстарын мұқият жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Биыл Моңғолияда өткізілетін Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы да бизнес топтар арасында тікелей іскерлік байланыстарды орнатуға ықпал ететін болады. Тараптар қазір қолданыстағы халықаралық логистикалық инфрақұрылымдар шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бойынша күш-жігерді үйлестіру, сондай-ақ халықаралық көліктік дәліздер арқылы екіжақты транзиттік жүктер мен жолаушылар тасымалының көлемін ұлғайту мақсатында екі елдің транзиттік әлеуетін белсенді пайдаланудың қажеттілігі туралы келісті. Кездесу барысында халықаралық істердегі, оның ішінде көпжақты құрылымдардағы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы өзара әрекеттесу мәселелері де талқыланды. БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде екі елдің бастамаларын ілгерілетуде өзара қолдау көрсетілудің маңыздылығы аталып өтті. Бұдан бөлек, тараптар ҚР Елшілігі мен Моңғолияның СІМ өзара жұмыстық әрекеттесудің кейбір мәселелерін талқылап, тұрақты түрде ақпаратпен алмасуды жалғастыру және қазақстандық-моңғол ынтымақтастығының ағымдағы мәселелері бойынша тұрақты байланыста болу жөнінде уағдаласты.