М.Құрманхан атындағы МДТ бишісі Лаура Нәбикәрімқызы “DUBAI GRANT FESTIVAL” сайысынан жүлделі оралды
Жуықта Құрманхан Мұқамәдиұлы атындағы музыкалы драма театрының бишісі Лаура Нәбикәрімқызы «DUBAI GRANT FESTIVAL» халықаралық сайысына қатысып, киім және мимика түрінен жүлдегер атанды. Осындай ерекше номинацияны жеңіп алу үшін Лаура екі жылдай дайындық жасаған. Театр бишісі Лаура Қазақстан Республикасы, Абай атындағы педагогикалық унивеситетінің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасынан бишілік мамандығын игерген. Лаура Нәбикәрімқызы этика мен эстетикасы үйлескен қазақ биін сахналау арқылы Дубай қаласында көрермендердің ыстық ықыласы мен қазылар алқасының жоғары бағасын алған. Бұл сайысқа қатысу үшін алдымен Дубайға өтініш жолдап, онымен қоса бидің видеосын жүктеген. Конкурсты ұйымдастыру комиссиясының оң бағасын алған бишілер Дубайға шақырту алып, сайысқа қатысқан. «Сайысқа 18 елдің кіл мықты бишілері қатысты. Әр елдің биі әрқалай. Біздің алатын дүниелеріміз де көп. Би негізінен сол халықтың ерекшелігін көрсетеді екен. Қазақ халқының биіне келсек өте нәзік. Ал костюмім яғни билеген кезде киген көйлегім ерекше баға алды. Бұл туынды аймағымыздың белгілі дизайнері Алтындән Нұрмұқанқызының қолынан шыққан» дейді Лаура. Ол аталмыш сайысқа қатысып ғана қоймай өзінің кішкентай шәкірттерін Қазақ елінің Алматы қаласында өткен «ZHULDIZ ART KAZAKHSTAN» байқауына қатыстырып, топ бимен бірінші орын, жеке бимен гран при жеңіп алып, Ыстық көл, Ташкент, Истанбул қалаларына жолдама алды. Қазіргі таңда дайындық үстінде. Яғни кішкентай шәкірттерімен бірге халықаралық конкурсқа дайындалуда. Лаура жетекшілік ететін «Kids Balet» үйірмесі классикалық би, балет түрлері бойынша бүлдіршіндерге биден мағлұмат беріп баулуда. Би дегеніміз – аса жоғары құндылығы бар өнер. Оның адам денсаулығы мен сұлулығына, адамның көңіл күйіне әсер өте жақсы. Қазіргі таңда ата-аналардың көпшілігі бидің маңыздылығына, балаларының сау болып өсуіне қатты көңіл бөліп, би үйірмелеріне көптеп беруде. Лаура бишіміз шәкірт қабылдап, би үйретуге әрқашан әзірмін дейді. Қазірдің өзінде Лаураның би үйірмесіне тізімделіп жатқан бүлдіршіндер көп.Әлем бойынша жоғары баға алған «Қажыр қайратыңмен басқадан көп уақыт артық үнсіз және тоқтаусыз еңбек ет. Шыққан қортынды сөйлейтін болады» деген афоризм Лаура Нәбикәрімқызына айтылғандай.
Би өнері әдеміліктің символы. Ұлттық ерекшеліктің тоғысқан түрі. Ендеше осы өнердің көшін алға сүйреп жүрген Лаураға тек табыстар тілейміз!