Республика күні: тарихты тану, болашақты бағалау
Қазақстан тарихындағы 25 қазан – ел тағдырына ерекше әсер еткен маңызды күн. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» қабылдап, Қазақстанның дербес даму бағытын айқындады. Бұл құжат елдің өз аумағы, табиғи байлығы, тілі мен мәдениетіне толық иелік етуге жол ашып, тәуелсіздікке бастар алғашқы құқықтық негіз болды.
Тәуелсіздікке дейінгі жол жеңіл болған жоқ. Түркі дәуірінен, Қазақ хандығының құрылуынан бастап, жоңғар шапқыншылығы мен отарлық кезеңдер қазақ халқының азаттыққа ұмтылысын күшейтті. ХХ ғасырдың басындағы Алаш қозғалысы ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртуға жол ашты. Ал ХХ ғасырдың соңында, Кеңес Одағы ыдыраған тұста, Қазақстан өз егемендігін қайта қалпына келтірді. 25 қазанда қабылданған декларация сол тарихи үрдістің заңды жалғасы болды.
Республика күні- тек тарихи мереке емес, ұлттық сана мен рухты дәріптейтін күн. Егемендік елге білім мен ғылымды, мәдениет пен руханиятты еркін дамытуға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда білім беру саласы мемлекеттің дамуы мен болашағының негізгі тірегі болып отыр.Осы бағытта еліміздің жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті маңызды рөл атқарады (https://farabi.university). Университеттің ЖОО дейінгі дайындық кафедрасы шетелдік және отандық тыңдаушыларға Қазақстанның тарихын, мәдениетін, тілін және ұлттық құндылықтарын үйретеді.
Кафедраның оқытушылары ел тарихын насихаттап, ұлттық сананы қалыптастыру бағытында аянбай еңбектенуде. Тыңдаушылар үшін Республика күні – елдің қалыптасу жолын түсініп, отаншылдық сезімді күшейтетін маңызды тағылым.Мереке қарсаңында кафедрада танымдық іс-шаралар, тарихи дәрістер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Бұл шаралар жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталды.Бүгінгі ұрпақ үшін Республика күні – тек мереке емес, елдің өткенін құрметтеп, болашағына сеніммен қараудың күні. Бұл мереке ұлттың тұтастығын, бірлігін және мемлекетшілдік рухын дәріптейді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының ұжымы егемен еліміздің білім мен ғылым арқылы өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Тыңдаушылар мен оқытушылар ел болашағына сеніммен қарап, «Білімді ұлт – мықты мемлекет» қағидатын басты ұстаным етіп келеді.Тәуелсіз елдің келешегі – жастардың қолында. Сол себепті Республика күні – әрбір жасқа өз елін сүюге, тарихын құрметтеуге және оның дамуына үлес қосуға шақыратын ерекше күн.
Бүгінгі Қазақстан – білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға негізделген тәуелсіз мемлекет. Республика күні – өткенге тағзым, бүгінге мақтаныш, болашаққа сенімнің мерекесі.
Республика күні құтты болсын!
Еліміздің егемендігі мәңгі болсын!
ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы А.Қ. Бегалиева