Тарихи оқиға
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен еліміз Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Қазақстанға ресми сапармен барды. Президентті Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Көшербаев бастаған өкілдер қарсы алды. Екі ел көшбасшыларының келіссөздері бұрыннан қалыптасқан стратегиялық серіктестікке жаңа серпін беретін, екі елдің құқықтық негіздерін нығайтуға айтарлықтай үлес қосатын үкімет аралық және мекеме аралық құжаттарға қол қояды деп күтілуде. Президентіміз Ухнаагийн Хүрэлсүх мемлекеттік сапары аясында Астанада өтетін экология жөніндегі аймақтық саммитке қатысады. Соңғы жылдары Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. 2024 жылдың қазан айында Қазақстан Президенті Тоқаевтың Улаанбаатарға сапары кезінде стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойылған еді. 2025 жылы екіжақты сауда айналымы 133 миллион АҚШ долларынан асты, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш есеге жуық көп. Қазақстанның экспорты 123 миллион АҚШ долларына жетті, оның 90 пайыздан астамы шикізат емес, азық-түлік және өнеркәсіп өнімдері сияқты дайын тауарлар болды. Екі тарап болашақта сауда айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру мақсатын қойды.
Тараптар сондай-ақ Өскемен, Риддер және Ресейдің Туякта елді мекені арқылы өтетін төте жолын құру мәселесін де талқылауда. Егер бұл жоба жүзеге асырылса екі ел арасындағы жолдың ұзындығы 1604 км-ден шамамен 837 км-ге дейін қысқаруы мүмкін. Қазақстан аумағындағы жолдың 189 км-і қазірдің өзінде төселген, ал қалған бөлігін жаңарту жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2026 жылдың 2 маусымынан бастап SCAT әуе компаниясы Астана-Улаанбаатар-Астана бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Президентіміз Ухнаагийн Хүрэлсүхпен бірге сапарда жүрген Аймақ Әкімі Заңғар Есентайұлы өзінің әлеуметтік парақшасында: «Еліміз Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх ұшақ ішінде 2 сағат бұрын ғана мені қасына шақыртып ерекше жаңалығын жеткізді. Наурыз мерекесіне барған сапарымда Сіз арқылы жеткізген Баян-Өлгий халқының ең үлкен тілегін осы сапарда жүзеге асыру жоспарланып отыр. БҰЛ БАЯН-ӨЛГИЙ мен ҚАЗАҚСТАН ЕЛІНІҢ ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ АРАСЫНДАҒЫ ТІКЕЛЕЙ ҰШАҚ ҚАТЫНАСЫН ҚАЙТА АШУ мәселесі деді. Және де аймағымызға Қазақстан консулын ашу мәселесі де іске асырылып, екі елдің ынтымақтастығы мен сауда, туристік байланысын нығайтуға мүмкіндік жасалатынын, Сыртқы істер министрі Батмөнхийн Батцэцэгке алдын ала тапсырма берілгендігін атап өтті. Мінеки осы жолғы сапарымызда аймағымыздың көптен бергі көкейтесті аса маңызды екі мәселесін ұлтымызды ұлықтаған Елбасымыз батыл шешімімен жүзеге асыратын болғанын СҮЙІНШІЛЕЙМІН. Президентімізге аймақ халқының атынан алдын ала алғысымызды жеткіздім»- деген жазба қалдырыпты.
Бұл Моңғолия қазақтары үшін ғана емес Қазақстандағы ағайындар үшін де, екі еларалық бизнес өркені үшін де ерекше қуанышты жаңалық, тарихи маңызды шешім.