Таэквонда – тамаша спорт
Таэквонда спортының көшін алға сүйреп, аймағымызда аталмыш спорттың дамуына қомақты үлесін қосып жүрген азамат – Ерұлан Шөленұлы. Ол 2023 жылдың соңында үздіктерді қортындылау үдерісінде жылдың таңдаулы жаттықтырушысы атағын жеңіп алса, жуықта аймағымызда спорт саңлақтарына сыйлық табыстау рәсімінде “Таңдаулы жаттықтырушы” ретінде марапатталды. Біз осы орайда халықаралық спорт шебері, қара белбеу төртінші дан, денешынықтыру спорт басқармасының жаттықтырушысы Ерұлан мырзаны студиямызға шақырып, сұхбат өрбіттік.
- Таэквонда деген спорттың аймағымызда дамуына ат салысқан азаматтардың бірісіз. Бұл салада жүргелі қанша жыл болды?
- Таэквонда спортының аймағымызда дамуын зерделейтін болсақ 1998 жылдан бастау алған. Налайхдан Айбек жаттықтырушы келіп алғаш шәкірт тәрбиелей бастаған. 2000 жылдары Нарбек ағамыз осы клубты ашып, 8 жыл үзбей еңбек етті. Жалпы таэквонданың екі түрі болады. Бірі – халықаралық болса, екіншісі – әлемдік. Біздің аймағымызда алғашында осы халықаралық түрі дами бастады. Алайда әлемдік түрі маңызды саналады. Себебі ол олимпиадалық ойын түріне енген. Сондықтан да аймағымызда 2008 жылдан кейін әлемдік түрі дами бастады. Қазіргі нәтиже жаман емес. Аллаға тәуба осы салада жүргеніме 20 жыл уақыт болды. Көптеген жетістіктерге қол жеткіздік.
- Осы уақыт аралығында шәкірттеріңіз қандай жетістіктерге қол жеткізді?
- 10 жыл уақыт ішінде батыс зоналық, мемлекеттік, Азиялық, Халықаралық олимпиадалардан топ жарған шәкірттерім көп болды. Солардың біразына тоқтала кетсем: Темірбек Қалбекұлы ұлттық құрамада, Құрманханұлы Жандос – әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Нандинзаяа – Азия чемпионатының күміс медаль жүлдегері, Серікжан – халықаралық А дәрежелі қола жүлдегері, Асқарқызы Мөлдір – мемлекеттік чемпион, Исақан – халықаралықтан қола жүлдегері ,Сағатбек Жәрдембек – Халықаралықтан алтын медаль жүлдегері, Жақсылық – халықаралық, күміс, қола медаль жүлдегері, Мишигдоржийн Аззаяа – халықаралықтан алтын медаль еншілеген. Темірбек спортшымыз қазіргі таңда пара олимпиада түрінен Мексика, Австралия, Тайвань, Англияның Мончестер қаласы, Кореяның Инчон қаласында өткен сайыстарға табысты қатысқан.
- Таэквонда спорты – Шығыс елдерінде танымал. Корея, Жапония, Қытай елдерінде бұл сала недәуір алда. Енді осындай елдерден барып тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар ма?
- Бұл енді өте қиын шаруа. Неге десеңіз мысалы біз Кореяның бір клубымен шарт жасап, сол елге спортшыларымызды апару үшін төлем төлейміз. Оның залына жаттығу жасағанымыз үшін, тәжірибе алмасқанымыз үшін барлығы да ақылы түрде. Бағасын сұрастырсақ 6-8 мың АҚШ доллары көлемінде. Онымен қоса виза, ұшақтың билеті деген сияқты дүниелердің барлығы да қыруар ақша. Шығыс елдерінде өте көп адам осы спортпен айналысады. Мысалы Қытай елінде 50 млн адам осы спортпен шұғылданса, Иранда 1 млн, Кореяда 1,5 млн, Қазақстанның өзінде 500 мың адам осымен айналысады. Біздің елде он мыңдай адам, мұның ішінде жасөспірімі бар, жастары бар аталмыш спортпен шұғылданады. Егер қандай бір демеушілер болса біздің команда баруға дайын. Тағы бір айта кетер жайт таэквонданың ерекшелігі – тәрбиеде. Мысалы бозкілемнің үстінде өнер көрсетіп жүргенде қателік кетсе, төрешілер ескерту береді. Осы кезде спортшы қателігімді айтқаныңызға рахмет деген ишара білдіреді. Екіншіде өзіне сенімді болады. Үшіншіде дене қозғалысы – адамның денсаулығына оң әсер береді.
- Әр бір кәсіптің басты мақсаты – табыс табу. Сіз шәкірттеріңізден төлем аласыз ба?
- Спорт басқармасынан айлық-жалақы беріледі. Ал, үйірме тегін жүріледі. Мен көптеген жерлерге жоба жасап, сол арқылы көптеген бейресми ұйым мекемелер, бизнесмен азаматтар, кез-кездегі аймақ басшылары, ата-аналар қолдау көрсетіп келді.
- Әр бір мамандықты игеру үшін көп уақыт кетеді. Сол сияқты жасөспірімдер осы таэквонда спортымен ұзақ жылдар шұғылданды делік. Сонда олар қандай нәтижеге қол жеткізе алады?
- Спортшы адам кез-келген жерге жұмысқа кіре алады. Оның физикалық дене қуаты мығым болғандықтан, денсаулығы жақсы болғандықтан қандай жұмыс болса да жасай алады. Бұл бірінші қағида. Келесісі – «спорт шебері» деген атақ. Егер спорт шебері атанса заңда айлық жалақыға 10 пайыз, халықаралық дәрежелі «спорт шебері» болса 20 пайызға дейін қосымшалар қосылады. Жасөспірімдер арасында халықаралық дәрежеде 36 шебер шықты. Бұлар жоғарғы оқу орнына түссе оқу ақысынан 30 пайызға дейін жеңілдік ала алады. Біздің федерациямыздан екі студент бірі – Австралияда, бірі – Канадада оқиды. Екеуі де сол мектептердің атынан шығады. Қазіргі таңда осындай жеңілдікпен оқып жүрген студенттер Қазақстанда да көп. Сөзімізді түйіндей келе таэквонда спортының жалпы спорттың берері көп.
- Сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңыздан табыс тілеймін!