Тағлымы мол кездесу
Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін әлем елдеріне насихаттауда санаулы тұлғалардың үлесіне тиеселі болса, сол көштің бүгінгі күні басында тұрған қаламгерлердің бірі – жазушы Дулат Исабеков. Қазақ Ұлттық университеті https://www.kaznu.kz өзінің алпысыншы жылдардағы түлегін Дарабоз тұлға болып, елдің абыройы мен беделін асқақтатып, мәдени саласындағы ұлы көшін сүйреп келе жатқан аса дарынды жазушы, драматург, қоғам қайраткері Дулат ағамен кездесу ұйымдастырды. Бұл хабарды естіген әдебиетсүйер қауым шын қуанып, сол күнді асыға күттік. Себебі, жастайымыздан қызықты әңгімелері мен романдарын оқыған, кинолары мен сахналық қойылымдарын көрген қалың көпшілікке бұл есім тым жақын да, құрметті еді. Шәкірттеріміз болашақ журналистика мамандығын таңдаған, әдебиетті мақсат еткен жастар жазушымен кездесуге қуана келді және көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жан-жақты кең ауқымды сыр-сұхбат болды деп ризалықпен айта аламыз. Жазушының қаламынан туған «Қарғын», «Тіршілік», «Бонапарттың үйленуі», « Пері мен періште» сынды шығармаларынан бөлек, «Гауһартас» кинофильмі мен «Әпке», «Ескі үйдегі кездесу», «Мұңлық Зарлық» т.б. драмалық қойылымдарын білетін оқырмандар автормен түрлі тақырыптарда кең әңгіме өрбітті. Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының ұстаздары мен шәкірттерінің атынан сұрақ қойған Ақгүл Хайрол Моңғолия Республикасынан келген тыңдаушы жазушының кинофильмінде өзі жазған «Келші, айым» әнін нақышына келтіріп шырқап берді. Көрермендер өнерлі қызымыздың талантына тамсанып, сүйіспеншіліктерін білдірді.
https://www.kaznu.kz Университет ректоры Ж.Қ.Түймебаев жазушыға «Құрметті профессор» атағын беріп, иығына дәстүрімізге сай зерлі шапан жапты. Жазушының «Қазақ университеті» баспасынан жарыққа шыққан соңғы кітабын оқырмандарға сыйға таратты. Кездесу кешіндегі әсерлі әңгімелер қазақ жастарының бойына ерекше рух сыйлады. Жазушының тілге, мәдениет пен әдебиетке байланысты берген жоспарлары, болашақ турлы ойлары жастарға қанат бітірді. «Елдің ұлттық болмысын көтеретін, дамытатын, жандандыратын сіздерсіздер. Білім игеруден, еңбек етуден ешқешен шаршамаңыздар, талмаңыздар! Елдің болашағы сіздердің қолдарыңызда!» деп, батасын берді. «Әдебиет – білім мен руханияттың қайнар көзі ғана емес, ел мен елдің арасын жақындататын алтын көпір»,- деп жазушының өзі айтқандай, ел мен елдің арасын жалғастырып келе жатқан тұлғаның өмірі мен өсиеттері кейінгі ұрпаққа, жалпы әдебиетсүйер оқырманға үлгі, өнеге.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің аға оқытушылары, С.Қ.Қосан, ф.ғ.к., Ж.С.Әділханова, Г.М. Мужигова