Тағылымы мол білім ошағы
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегіhttps://www.kaznu.kz ерекше кафедралардың бірі. Мұнда шетелден келген қандастарымыз бен шетел азаматтары білім алады. Бұл азаматтар кафедрамызда бір жыл ғана білім алады, алайда соған қарамастан олар осы білім ошағына қатты бауыр басып қалады. Оқуға түсіп студент атанса да, оқуды бітіріп қызметте жүрсе де біздің кафедрамен байланыста болады. Енді кафедрамыздың тарихына қысқаша тоқталатын болсақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінің жалпы білім беретін кафедрасы 1985 жылдың маусым айында КСРО-ның Жоғарғы және орта арнаулы білім беру Министрлігінің № 425 бұйрығымен құрылған болатын.Басты мақсат шетел азаматтарын Кеңес одағынынң Жоғарғы оқу орындарына оқуға түсуге дайындау. Алғашқы уақытта шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінің жалпы білім беру кафедрасында орыс тілі, физика, математика, химия, т.б. пәндері бойынша білім берді. 1995 жылы тыңдаушылардың сан жағынан артуына байланысты жалпы білім беру кафедрасының оқытушылар құрамын арттырып, жаңа міндеттерді қолға алды. 2001 жылдан бастап кафедра жұмысы жаңа бағытты яғни шетелден келген Қазақ диаспора өкілдеріне арналған дайындық бөлімінің жұмысын міндетіне алды. Бұл ел басы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен шетелде қазақ диаспора өкілдерін Атамекенге шақырып, өз елінің азаматы атануына жоғарғы оқу орындарында білім алуына үлкен мүмкіндік берді.2002-2003 оқу жылында жалпы білім беру кафедрасында оқытушы профессорлық құрамы артып Қазақстан тарихы, жалпы тарих, елтану, математика, информатика, физика, химия, биология, география пәндері бойынша дәріс берді. Кафедра шетелдіктерге және қазақ диаспора өкілдеріне дәріс бергендіктен оқыту әдістемелері әртүрлі бағытта қиындықтар туындады. Осы мәселені ескерген университет басшылығы 2009 жылдың ақпан айынан бастап қазақ диаспора өкілдеріне арналған дайындық кафедрасын өз алдына бөлек құрды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 27.02.2009 жылғы № 4 шешімімен 10.02.2009 жылғы ректордың №20 бұйрығына сәйкес кафедра «Жоғарғы оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы» деп аталды. Міне сол уақыттан бері кафедра өз жұмысын жасап келеді. Көптеген қандастарымызға Қазақстанның жоғары оқу орнынының білім грантын ұтып алуына септігін тигізіп келеді. Бір жылдың ішінде оқытушы мен тыңдаушылар бір отбасыдай болып кетеді.
2010 жылдан бастап ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Ауғанстан Ислам Республикасынан тыңдаушылар мемлекеттік бағдарлама бойынша білім алуда. Кафедра оқытушыларының аянбай төккен терінің арқасында ауғандар бір жылдың ішінде қазақ тілін емін-еркін сөйлейтін дәрежеге жетеді. Кафедрамызда білікті, жоғары дәрежелі оқытушылар білім береді. Кафедра көп салалы болғандықтан, жан-жақты байланыста жұмыс жасайды. Оқытушылар тек қана білім беріп қана қоймай ғылыммен айналысады, тәрбие жұмыстарын қатар алып жүреді, университет тарапынан ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларға белсенді түрде қатысып отырады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
оқытушылары Ибрагимова М.Н.,Тастемирова Г.А., Мужигова Г.М.