ТІЛ ҮЙРЕТУДЕ ОЙЫН ЭЛЕМЕТТЕРІН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ
Тіл үйретуде – сабақты қызықты өткізу үшін ойын элементтерін қолдану маңызды.Тіл үйренушілердің ынтасын және қазақ тілін үйренуге қызығушылығын арттыру мақсатында пайдаланудың орны бөлек.Ойын түрлері арқылы студенттердің сөйлесім,тыңдалым, жазылым, оқылым, айтылым дағдыларын дамытуға болады. Ойын әдіс-тәсілдер арқылы тіл үйренушілердің өз ойын, пікірін, көзқарасын білдіруге, екінші бір адамның жауабын тыңдап, оны толықтыруға мүмкіндік береді.
Тіл сабақтарында ойын элементтері жаңа тақырыпты түсіндіру, өткенді қайталау кезінде екі-бес минут көлемінде жүргізіледі. Тиімді пайдаланылған ойын элементтері –мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың аса зор ілтипатпен тыңдап, сапалы меңгеруіне сенімді көмекші бола алады. Тіл үйренушілер тапсырманы жылдам, қатесіз орындай алады. Ойын студенттердің грамматиканы меңгеруіне, жазу тілін дамытуына мүмкіндік береді. Ойланғыштық, ізденімпаздық қабілеттерін арттырады, сөздік қорларын молайтуына көмектеседі. Сонымен қатар түсінбегенін түсінуіне әсер етеді. Ойынның көптеген түрлері бар. Ойын оқушылардың грамматиканы меңгеруіне, жазу тілін дамытуына мүмкіндік береді. Ойланғыштық, ізденімпаздық қабілеттерін арттырады, сөздік қорларын молайтуына көмектеседі. Сонымен қатар түсінбегенін түсінуіне әсер етеді.
Сабақта ойын элементтерін қолдану тыңдаушылардың белсендігін арттырып, оларды ынталандырады, теориялық білімдерін практикада қолдануға үйретеді, іздендіреді. Ойын элементтерін сабақта екі түрлі мақсатта пайдаланады.
Біріншісі – тыңдаушылардың сабаққа қызығушылығын, ынтасын арттыру, тілін дамыту, екіншісі – тыңдаушыларды тапқырлыққа баулып, зейінін, байқампаздығын арттыру және ойлау қабілетін дамыту.
Қазақ тілін үйретуде ойын элеметтерін пайдаланудың негізгі мақсаты тыңдаушылардың тілдік қорын дамыту, іс жүзінде ауызша сөйлей білуге үйрету.«Қар кесегі», «Бинго», «Жасырын сөз» және «Қолтырауын» ойындарын жаңа сөздерді бекіту мақсатында қолданған тиімді болады.Ұтымдылығы білім алушылар бір-бірін тыңдауға үйренеді, өзара сыйластықтары дамиды. Ал, «Дыбыссыз фильм», «Дубляж», «Үш ақпарат», «Ыстық орындық», «Жалғасын тап» сияқты ойын түрлері сөйлемді дұрыс құрастырып, ойын нақты жеткізе білуге жетелейді
Ең ұтымдысы – бұл рөлдік ойындар. Рөлдік ойындар – тілді үйрену процесіндегі ең белсенді әдістемелік тәсілдердің бірі болып табылады. Оны тиімді қолдана білген оқытушы студенттерге білім мен тәрбие беруде табысқа жетіп, сол арқылы олардың ойын өз бетінше жеткізу қабілеті мен дағдысын қалыптастыруға, монолог түріндегі ойын дамытуға, сұхбаттық қарым-қатынас негізіндегі сөйлеу тілін байытуға ықпал етеді.Рөлдік ойын сөйлеу тілін дамытудың тиімді де қызықты тәсілі.Ойын әдісі тілді үйренуге студенттердің қызығушылығын қалыптастыруға оң әсерін тигізеді.
Әрине, ойынның түрлері өте көп. Бірақ, ең бастысы сабақтың мазмұны мен мақсатына сәйкес іріктелуі керек. Ойын түрін пайдалану арқылы жаңа материалды жеңіл де тиянақты, нақты түсіндіруге, меңгеруге болады. Ойын түрін қолдану тіл үйренушілерге ерекше әсер етеді, сондықтан оны дұрыс жоспарлау керек.
Б.М.Айтбаева, А.С.Казмагамбетова
филология ғылымдарының кандидаттары
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім берудайындығы кафедрасы