ЦИФРЛЫҚ ҚОҒАМ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУШІЛІК
ӘЛЕУЕТІ КЕМЕЛ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРДАСЫ
(мақала әл-Фараби атындағы ҚазҰУ90 – жылдығына арналады)
Қай мемлекеттің болмасын жарқын болашағы, әлемдік интеграцияда өзіндік орын алуы жаһандық заманауи талаптар тұрғысынан бәсекелестік таныта алатын кәсіби мамандарды дайындауға байланысты екендігі айқын. Қазақстан Республикасында заманауи талаптарға сай жоғары білімді кәсіби мамандарды дайындайтын оқуорындарының арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ https://farabi.university ғылыми инновациялық жаңашылдығымен ерекшеленеді. Еліміздің сан-салалы кәсіби қызмет орындарына мамандарды дайындауда көшбасшы болып отырған бұл университеттің қалыптасу және даму тарихының тамыры тереңде жатыр. Қазіргі таңда әлемнің қаншама елдеріне танымал болған 90-жылдық тарихы бар бұл университеттің әрбір кірпіші оның танымал ғалымдары, оқытушылары мен студент жастарының еңбегінің арқасында қаланған.1933 жылдың 20 қазанында қабылданған ССР Одағының Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстан үшін мамандар даярлау және Қазақ мемлекеттік университетін ашу туралы» № 2293 Қаулысына сәйкес 1934 жылдың 15 қаңтары университеттің нақты құрылған күні болып белгіленген. Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, аталмыш күні Қазақ Мемлекеттік Университетінің алғашқы студенттері оқуға қабылданып, 19 қаңтар күні Верный ерлер гимназиясының ескі ғимаратында биология және физика-математика факультеттерінің 54 студенті оқуға кіріскен еді. Ғасырға жуық даму тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі беделді университеттердің біріне айналып отыр. Қазақстанның тәуелсіздік алуына орай 1991 жылы аталған жоғары оқу орнына Әл-Фараби есімі беріліп, университет 1993 жылғы 9 қаңтарда мемлекеттік ұлттық жоғары оқу орны мәртебесін иеленді.
Егемен еліміздің тарихында елеулі еңбегімен ерекше маңызға ие болып отырған бұл оқу орының болашағы зор, келешегі кемел екендігі сөзсіз. Халықаралық университеттер қауымдастығының мүшесі және Еуразиялық университеттер қауымдастығының тең құрылтайшысы бола отырып, университет Қазақстан және Орталық Азия елдерінің оқу орындары арасында бірінші болып Болонье қаласындағы Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. Бүгінгі цифрландыру жағдайындағы университеттің миссиясы инновациялық-өндірістік, рухани-адамгершілік әлеуеті терең, құзыретті мамандарды даярлауға, сонымен қатар әлемдік білім кеңістігіне интеграциялануға мүдделі бола отырып, іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталуда. Ғылыми жетістіктерінің жоғары көрсеткіштерінің арқасында Халықаралық сертификаттаудан өтіп, Quacquarelli Symonds (QS) беделді халықаралық рейтингтік агенттігі жүргізген тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті https://farabi.university жоғары баға алып, «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» жоғары марапатына ие болды. Бүгінгі таңда университет 37 мамандық бойынша жоғары білімді кәсіби мамандарды даярлайтын жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Халықаралық QS World University Rankings 2025 (QS WUR) рейтингінде 163-орынды, QS Asia университеттері рейтингі бойынша жоғары сатыда тұрған университетте үш мыңнан астам оқытушы-профессор, соның ішінде жиырма беске жуық академиктер, алты жүздей ғылым докторлары, жеті жүзден астам ғылым кандидаттары мен бес жүзден артық жас ғалымдар, яғни PhD докторлары қызмет етеді.
Қазақ ұлттық университеті ғылыми жаңалықтар бастау алатын аумақ ретінде оқытушылар ғылыми жобаларға белсене қатысып, білім шекарасын кеңейтіп, технология мен ғылым саласына тың идеяларды ұсынуда. Әлемдік ірі университеттермен ынтымақтастыққа бағытталған халықаралық алмасу бағдарламалары, бірлескен жобалар және ғылыми серіктестіктер жаһандық білім беру атмосферасын қалыптастырады және университетіміздің тәжірибесін байытады. Мәдениеттерді жақындастыруға, дәстүрлерді құрметтеуге арналған мәдени іс-шаралар мен алмасулар университет өмірінің ажырамас бөлігі болып, толерантты және білімді қоғамды қалыптастыруға ықпал ететін мәдени іс-шаралар, фестивальдар мен пікірталастар өткізіліп тұрады. Сөйтіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің https://farabi.university барлық факультеттерінде кәсіби мамандарды дайындау қазіргі заманауи цифрлық қоғамның талаптарымен ұштасып, мұнда гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындау жүзеге асырылады. Болашақ мамандар көпсалалы механика-математика, физика-техникалық, биология және биотехнология, химия және химиялық технология, филология, журналистика, тарих, география және табиғатты пайдалану, философия және саясаттану, экономика және бизнес жоғары мектебі, заң, шығыстану, халықаралық қатынастар, медицина және денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар жоғары оқу орнына дейінгі білім беру сияқты факультеттерде білім алады. Білім алушылардың жан-жақты дамып, өзін-өзі кемелдендіріп, заманауи көшбасшылық қабілеттерін қалыптастыруы үшін университетте барлық жағдайлар жасалған.
Университет құрамындағы Философия және саясаттану факультеті еліміздің қоғамдық-әлеуметтік саласына қажетті мамандарды дайындауда орасан зор жетістіктерге жетіп отырған факультеттердің бірі болып саналады. Факультетте Ресейдің жетекші университеттерімен, шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен бірге қос дипломды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады. Факультет құрамындағы 6 кафедрада республикаға танымал ғалымдар, білікті мамандар қызмет етеді. Мамандықтардың кәсіби және өмірлік мәселелердің шешімін өзіндік шешу стимулдарын білуге, интеллектуалды, мәдени, адамгершілік және физикалық дамудағы тұлғалық қасиеттерді бойға жинақтауға көмектесе отырып, әр студенттің табиғи талантын ашуға, әлеуметтік өзгерістерге бейімделу дағдыларын үйреніне, мінез-құлықтың позитивті үлгілерін дамытуларына мүмкіндік тудырады.
Факультеттегі көшбасшы кафедралардың бірі – Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы алдағы жылы 85-жылдық мерейлі мерекесін тойлауға дайындық үстінде отыр. Педагогикалық бейіндегі мамандарды даярлайтын кафедраларының бірі ретінде «Педагогика және психология», «Әлеуметтік педагогика», «Педагогика. Білім берудегі менеджмент», «Инклюзивті білім беруді медициналық-педагогикалық сүйемелдеу» білім беру бағдарламаларының «бакалавриат, магистратура, PhD докторантура» үш сатылы жүйесіне өту кезеңінде жұмыс істеп келе жатыр. Кафедра меңгерушісі, профессор Н.С.Әлқожаеваның басқаруымен ғылыми-инновациялық қызмет пен халықаралық ынтымақтастық, оқу-тәрбие жұмыстары бойынша атқарылып жатқан істер үнемі жетілдіріліп, дамып отырады. Профессор-оқытушылар құрамында елімізге ғана емес, сонымен қатар ТМД елдеріне, шетелдерге де есімі таныс ғылым докторлары мен кандидаттары және жас ғалымдар PHD докторлар дәрістер оқып, практикалық сабақтарды жүргізеді.
Қорыта айтқанда, 90-жылдық тарихының әр парағында білім ордасының ғылыммен білім саласындағы елеулі еңбегінің, жасампаздық жетістіктерінің ізі жатқан университеттің ифрлық қоғамның қай саласында болмасын құзыреттілік танытып, сан алуан қызметті өзара үйлесімділікте атқара алатын кәсіби мамандарды даярлауда ғылыми-зерттеушілік әлеуеті қашанда кемел болып қала бермек.
Әрінова Б.А. – пед. ғыл. кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті;
Молдасан Қ.Ш. – пед. ғыл. кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті;
Рамазанова С.Ә. – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы