Шетелдіктерге Отан тарихын оқытудың ерекшеліктері
Қазақстан тарихын оқыту, оның мазмұны, әдістемесі, мерзім мөлшері егемендік жылдарында әжептеуір өзгерді. Отаршылдық мәжбүрлеген концепция түгелімен өзгерді. Архивтерден табылған тың деректер қазақ тарихын жаңаша топшылауға жол ашты. Жаңа зерттеу еңбектері жарық көрді. Шығыс ғалымдарымен орнаған екі жақты шығармашылық, ғылыми байланыстар тарихтағы ақтаңдақтардың орнын шынайы мәліметтермен толықтыруға септігін тигізді. Осының бәрі қазіргі тарих ғылымына, оны оқыту, зерттеу жолдарына жаңаша талаптар қойып отыр.
Бүгінгі күні ұлттық тарихты оқып-үйрену жалпыхалықтық бірлікті қалыптастырудың, халықтың тарихи жадын қалпына келтіріп, тереңдетудің, ұлттық сана-сезімді қалыптастырудың, азаматтық пен патриотизмді тәрбиелеудің басты факторларының бірі болып табылады.
Жас ұрпақ біздің болашағымыз, сондықтан оларға кәсіби білім берумен қатар өз мамандығын сүюге, қызығушылығын арттыруға жол ашатын саясаттар қолға алыну керек. Осы ретте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетініңhttps://www.kaznu.kzЖоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру факультеті Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы шетел тыңдаушыларына, соның ішінде шетелден келген қандастарымызға білім және тәрбие беруде жоғары нәтижеге ие екендігін айта кетуімізге болады. Тыңдаушыларға Қазақстан тарихын оқытуда негізгі этностың менталитетімен, ерекшеліктерімен, мәдени өзгешеліктерімен және дәстүрлерімен қатар, ежелден бастап қазірге дейін осы аумақты мекендеуші халықтардың әлеуметтік-мәдени өзара әрекеттерін, синкреттік бірлігін көрсету арқылы түсіндіріледі. Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің «Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығы» РМҚМ ұлттық біріңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындау мүмкіндігін қарастыра отырып, шетелден келген қазақ диаспора өкілдерінің тарих пәнін оқымауына байланысты адамзат тарихының жалпы заңдылықтары, ортақ мәселелері, ұқсас, мазмұндас түбірлері ескеріліп отырады.
Қазіргі кезде шетел тыңдаушылары мен шетелден келген қандастарымызға Отан тарихын оқытудың жаңа технологияларын қолдану әдісі білім беруде де, тәрбие беруде де өте тиімді деп айтуымызға болады. Тыңдаушыларға тарихи терминдерді, деректерді, кестелерді, тірек-сызбалар мен тақырыптарға қатысты суреттерді проектор арқылы слайдтармен көрсету арқылы түсіндіру оқытушы мен тыңдаушының уақытын үнемдейтіндігі белгілі. Сонымен қатар тыңдаушыға түсіну оңайға соғады және ой-өрісінің кеңеюіне, тұлға ретінде қалыптасуына зор ықпалын тигізеді. Кез-келген пәнді оқыту барысында тыңдаушыға тәрбие жұмысы қатар жүретіндігі бізге мәлім.
Үй тапсырмасын сұрау барысында да тыңдаушыға дәптерден қарап оқып беру немесе дәріс кезінде жазылған тақырыппен ғана шектеліп қалмай ізденіске үйрету біздің мақсатымыз. Осы орайда тыңдаушының сөйлеу қабілетін арттыру үшін үй тапсырмасын тақтаға шығып, өзін емін-еркін саралауға, бойын түзеп, өзін дәріскер ретінде сезінуіне мүмкіндік беру. Бұл елім, жерім деп келген қандас бауырларымыздың өз елінде еңсесін тік көтеріп жүруге тәрбиелейді. Сабақты пікір-талас арқылы жүргізу де тыңдаушының өз ойын еркін саралауына мүмкіндік береді. Сабақ түсіндіру барысында компьютерлік технологияларды пайдалану арқылы ойындар жүргізу, деңгейлік тапсырмалар орындату, слайдтардағы кесте және тірек-сызбаларын қолдану тыңдаушының жан-жақты болуына мүмкіндік туғызады. Осындай технологияларды сабақтарда үздіксіз пайдаланып, оны жаңа әдістермен үнемі толықтырып отыру оқытушының шеберлігі.
Қорыта келсек, тарих пәнін түсіндіруде заманауи жаңа технологияларды қолдану – оқытушыға сабақты жоғары сапада өткізуге пайдалы және тыңдаушының түсінігіне орасан зор әсерін тигізіп, білім сапасын жоғары деңгейде көтереді. Сонымен қатар тыңдаушыларды оқуға ынталандыруға, олардың үлгерімі мен қызығушылығына ықпал етеді. Сондықтан да осындай түрлі әдістерді сабақта қолдану тыңдаушының тәрбиесіне де жақсы ықпал етеді деген ойдамыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының
оқытушылары Ибрагимова М.Н., Сандықбаева У.Д., Мажиқызы Н.