Қазақстанға келген әрбір жас нені ескеруі қажет?
Біздің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті 2011 жылы 1985 жылы ұйымдастырылған шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінің негізінде қайта құрылды.
Екі мыңыншы жылдықтың басталуы жаңа заманның лебін ала келді: біздің факультет маңызды қадамын – шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін оқыту ісін бастады. 2001 жылдан бері факультетте президенттік бағдарламаның аясында шетелдік қазақ жастары білім алып жатыр.
Университеттің даму стратегиясы мен талабына сай факультет өз мақсаты мен міндеттерін, бағыт-бағдарын, парызын, оқу үдерісін модернизациялаудың негізгі бағыттарын белгілеп, стратегиялық жұмыс жоспарын жасайды. Стратегиялық жоспардың міндеттерін іске асыру барысында факультет Қазақстандағы отандық ЖОО-ға түсуге шетелдік қазақ тыңдаушыларын дайындайтын, сонымен қатар өз жұмыстарының барлық бағыттарында корпоративті менеджменттің ұтымды жүйесін меңгерген, өз әдістемесін оңтайлы пайдалана алатын және алдыңғы қатарлы әдістер мен технологиялары қалыптасқан оқу-әдістемелік орталық ретінде отандық білім кеңістігінде өзін таныта білді.
Осы кезеңнен бастап факультет алдына қойған үлкен міндетті: этникалық қазақтарға еліміздің отандық жоғары оқу орнына грантпен түсуге мүмкіндік беретін ҰБТ сынағына даярлау мақсатында негізгі пәндермен қатар болашақ мамандығына қатысты таңдау пәндері бойынша оқыту ісін жүзеге асыруда. Жыл сайын шетелдік қазақ жастарына арнайы бөлінетін грант саны да артуда. Факультетте шетелден қазақ жастарына білім беру ісімен ЖОО-ға дайындық кафедрасының еңбек ұжымы айналысып келеді. Шетелдік қазақ жастарының біздің білім ордасында білім алып жүргеніне жиырма жылдан асты. Бірақ кафедрада шетелден келген қазақ тыңдаушыларының контигентін қалыптастыру барысында туындайтын бірқатар мәселелер әлі де оңтайлы шешім тапқан жоқ. Шетелдік қазақ жастарына атамекенге келе сала мемлекетіміздің Ата Заңына сай құжаттарын ресімдеуі қажет. Осы құжаттарын ресімдеу барысында кейде қандастар тарапынан қателіктер кетіп жатса – құжаттарының толық болмауы, дер кезінде құжаттарына апостоль қойылмауы, нострификациядан өтпеуі, миграция бөлімшесіне уақтылы белгіленбеуі, ресми тіркеуге тұрмауы, виза мәселесі, тіркеу уақтының өтіп кетуі секілді, т.б. мәселелермен қатар жергілікті мекеме қызметкерлерінің жауапкершілігінің төмендігінен, мемлекеттік тілді меңгермегенін алға тартып, ресми тілде – орыс тілде жауап беруі, дұрыс нұсқау, толық кеңес бермеуінің салдарынан туындайтын мәселелер аз емес. Ескеретін жайт, біздің елімізде цифрлық технологиямен қызмет көрсету деңгейі жақсы дамыған: шетелден келген білім алушы қазақ жастарына «egov» элоктрондық қызметінің мобильдік қосымшасын жүктеп алуға және осы порталда 100-ден астам қызмет түрі онлайн жүйеде жүзеге асырылатындығы туралы пайдалы кеңес беру және оны тиімді пайдалану жолдарын түсіндіру, үйрету керек, деп санаймын. Мүмкін, болашақта шетелдік қазақтарға және жалпы елімізге келетін шетелдіктерге ақылы болса да (авто ХҚК-дағы секілді) қызмет көрсету жүйесін, ұшқыр топтарды құру керек болар.
Мысалы, ағымдағы оқу жылы білім алып жатқан 1-топ тыңдаушысы Манат Қарақат тіркеу мерзімін өз уақтысында созбағандықтан, құжатын ресімдемей жүре бергендіктен қомақты айыппұл төлеуі қажет болды. Факультет пен кафедра басшылығы бұл жайттан хабардар болған сәтте-ақ, бұл істі қолға алып, Манат Қарақатқа моральдық қолдау көрсетіп, материалдық көмек берген соң, мәселе оң шешімін тапты. Осы бағытта біздің кафедра оқытушыларының, әсіресе, куратор-эдвайзерлердің еңбегі зор. Қазіргі таңда университетте кураторлардың санын қысқарту – әр топқа емес, 1 курсқа, мысалы, қазақ бөлімінің 1 курсына 1 куратор тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр, алдағы оқу жылы осындай жүйемен кураторлық жетекшілік жүзеге асырылады. Тыңдаушыларды медициналық тексерістен өткізу, олардың ЖСН-ы мен электрондық кілттерін, банк карталарын ресімдеу секілді т.б. басқа әр тыңдаушының жеке басына қатысты құжаттарын ресімдеуге, реттеуге ат салысатын біздің кураторлар үшін мұндай қысқарту өте тиімсіз. Себебі атамекеніне білім алуға шетелден келген қазақ жастарын еліміздің саяси-экономикалық, ментальдық өзгерістер мен екітілділік немесе политілділік экстралингвистикалық факторы бар жергілікті жағдайға бейімдеу қажеттілігі туындайды. Сондықтан бала санына қарай 20-25 тыңдаушыға бір куратор-эдвайзер тағайындауын және куратор жұмысына қосымша ақы төлену істерін қалдыруды университет басшылығына ұсыну қажет деп санаймын.
Тағы да бір аса назар аударуды қажет ететін жайт – тіл мәселесі. Біздің тыңдаушылар контигентінің ауқымды бөлігін, негізін Қытай Халық Республикасынан келген қазақ жастары құрайды. Олардың көпшілігі қытай мектебінде қытай тілінде немесе қазақ мектептерінде оқығандары төте жазумен білім алып келеді. Басым көпшілігі ана тілін тек күнделікті тұрмыстық, күнкөрістік деңгейде меңгерген. Болашақта оларға ЖОО-ларда дәрістерді қазақ тілінде жазу керек болады. Осы сәтте қазақша жазу мәселесі үлкен қиындық тудырады, отанында ана тілінде білім алған қазақ жастарына ілесе алмайды, қытай мектебінде оқығандар кириллицаға негізделген қазақ әліпбиімен дәрісті мүлде жаза алмай қиналады. Төте жазумен оқығандар әуелі дәрісті араб графикасының бейімделген төте жазуымен жазып, содан кейін кириллицамен көшіріп жазып әуре болады. Осы мәселені ескере отырып, заман талабына, тұтынушылардың/тыңдаушылардың сұранысына қарай біздің оқу бағдарламасына өзгеріс енгізіп, қазақ тілі фонетикасының сағатын көбейту керек, алғашқы жеті аптада қазақ тілі фонетикасын тереңдетіп оқытып, тыңдаушылардың функционалдық сауаттылығын – тілдің негізгі төрт аспектісі: оқылым, жазылым, тыңдалым, сөйлесім бойынша қалыптастыру қажет. Қорыта айтқанда, біздің ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасы еңбек ұжымының негізгі мақсаты – шетелдік қазақ тыңдаушыларын отандық жоғары оқу орындарына оқу түсуге дайындау, сонымен қатар олардың білім сапасын көтере отырып, олардың ЖОО-ға түсуінің пайыздық көрсеткішін арттыру. Тарихи отанына білім алуға келген қазақ жастарын атамекені – Қазақстанды – Отаным деп тануға баулу, отанына адал қызмет етуге дайын патриоттық рухта тәрбиелеу, оларға қажетті жағдайда моральдық және материалдық қолдау көрсету, еліміздің қазіргі таңдағы саяси-экономикалық жағдайына, мәдени ортасына қарай бейімдеу болып табылады. Әлемдік білім-ғылым кеңістігінде жаңа мазмұнды білім жүйесіне интеграциялау – инновациялық оқу үдерісін ұйымдастыру жұмысы барысында ақпараттық және педагогикалық технологияларды тиімді түрде пайдалана отырып, білім алушының сұранысына қарай оффлайн білім берумен қатар, оффлайн форматта да, қашықтықтан оқыту жүйесінде де сапалы білім беру жұмыстарын ұйымдастыру қажет.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушылары
Наралиева Р.Т., Бегалиева А.К., Тойғанбекова М.Ш.