Қазақстан жаңғыруының жаңа кезеңі: білім мен жауапкершілікке негізделген даму
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты ел дамуының қазіргі бағытын, мемлекеттік басқарудың жаңа қағидаттарын және қоғам алдындағы стратегиялық міндеттерді айқындайтын маңызды бағдарламалық құжат болып табылады. Мемлекет басшысы сұхбатында елдің ұзақ мерзімді дамуында институционалдық тұрақтылықтың, заң үстемдігінің, адами капитал сапасының және білім мен ғылымның шешуші рөл атқаратынын нақты атап өтеді.
Президенттің пікірінше, Қазақстанның орнықты дамуы ең алдымен саналы, жауапты, бәсекеге қабілетті азаматтарды қалыптастырумен тығыз байланысты. Бұл міндет білім беру жүйесінің барлық деңгейіне, соның ішінде жоғары оқу орындарына және университетке дейінгі дайындық құрылымдарына ерекше жауапкершілік жүктейді. Себебі дәл осы кезеңде жас ұрпақтың дүниетанымы, азаматтық ұстанымы, тарихи санасы мен қоғамдық жауапкершілігі қалыптасады.Осы тұрғыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан жетекші жоғары оқу орны ретінде ерекше орын алады. Университет білім мен ғылымды ұштастыра отырып, Президент сұхбатында айтылған «сапалы адами капитал», «жауапты ұрпақ», «ұлттық жаңғыру» қағидаттарын нақты білім беру тәжірибесінде іске асыруға үлес қосып келеді.
Әсіресе, ҚазҰУ құрылымындағы ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының қызметі университеттің жалпы миссиясымен және мемлекет дамуының стратегиялық мақсаттарымен тығыз сабақтас. Бұл кафедра тек білім алуға даярлау функциясын ғана емес, сонымен қатар оқушылардың ойлау мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін, құқықтық және тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған маңызды тәрбиелік міндеттерді де атқарады. Университетке дейінгі дайындық кезеңі – тұлғаның болашақ кәсіби және азаматтық бағыты айқындалатын шешуші кезең екені сөзсіз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында атап өткендей, реформалардың табысты болуы қоғамның саналы қолдауына, білімді ұрпақтың белсенді қатысуына және жауапкершілік мәдениетінің орнығуына тікелей байланысты. Осы қағидаттар ҚазҰУ-дың білім беру философиясымен толық үндеседі.Осыған байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен оның ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының ұжымы Мемлекет басшысының сұхбатында айтылған идеяларды қабылдайды, қолдайды, насихаттайды және олармен толық келіседі. Университет ұжымы елдің жаңғыру жолындағы стратегиялық бастамаларды жүзеге асыруға интеллектуалдық, ғылыми және тәрбиелік тұрғыдан үлес қоса бермек.
Қазақстанның жаңа даму кезеңінде білім мен ғылымға сүйенген, ұлттық мүддені терең түсінетін, жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл бағытта ҚазҰУ өзіне жүктелген қоғамдық және тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, жүйелі жұмысын жалғастыра береді.
ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы А.Қ.Бегалиева