ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ БАЙЛАНЫСТАРЫ
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң Қазақстан Республикасын көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар мойындап, саяси-дипломатиялық қатынастар қалыптаса бастады. Еліміздің халықаралық қауымдастыққа енуі қарқын алып, сыртқы саясатының негізгі мақсаттары белгіленді.
Қазіргі заман талабы Қазақстан Республикасын шетелдерге танытуда тек ресми іс-шаралар мен мемлекет басшылары деңгейіндегі қарым-қатынастарды ғана емес, қарапайым қоғам деңгейіндегі ынтымақтастықты, білім-ғылым саласын дамытуды талап етеді.
Осы тұрғыда Қазақстан мен көрші Қытай мелекеті арасында тығыз байланыстар орнап, олар жоғары оқу орындары деңгейінде де жүзеге асуда. Мәселен Қазақстан мен Қытай тарихшылары бірлесіп, тарих саласында үлкен жұмыстар атқарды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан құрылған «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеудің республикалық ғылыми-зерттеу орталығының» директоры болған, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбековтың бастамасымен Қазақстан мен Қытай ғалымдары екі ел арасындағы байланыстарды нығайтып, болашақта бірігіп жұмыс жасау мәселесін талқылау үшін бірнеше рет дөңгелек үстел өткізіп, жаңа ғылыми ізденістер туралы пікір алмасқан болатын.
Оған тарих, археология және этнология факультетінің белді ғалымдары мен оқытушылары, Қытай елінен Жақып Мырзаханұлы, Шыңжандағы Қоғамдық ғылымдар академиясы президентінің орынбасары Тянь Вэйцзян, Қоғамдық ғылымдар академиясы Тарих институтының директоры Цзя Цунцзян қатысып, бүгінгі таңдағы тарих ғылымының негізгі мәселелерін талқыға салды. Мұнда Қазақстан мен Қытай елдерінің ежелден бергі тарихи байланыстарының бастаулары сөз болып, екі ел арасындағы саяси, экономикалық қатынастар сарапқа салынды. Қытай ғалымдары сол елдегі аз ұлттардың, әсіресе, қазақ, ұйғыр, дүңгендердің Шыңжанның 1000 кітаптан тұратын ежелден бүгінге дейінгі тарихына арналған еңбегін жариялауға атсалысқан.
Сонымен қатар қазақ тарихына қатысты деректерді аударып, жариялауға өзіндік үлестерін қосқан. Зерттеуші Тянь Вэйцзяннің мәлімдеуінше, қазақтар мен қытайлар арасындағы этноаумақ жайлы түрлі пікірталастар бар. Бұл осы мәселені ғылыми тұрғыда саралап, бірігіп зерттеулер жүргізіп, ортақ шешімге келуді қажет ететін өзекті мәселелердің бірі екендігін атады. Ғасырлар қойнауына үңілер болсақ, көрші Қытай шекаралас мемлекет ретінде ата-бабаларымызбен достық, ынтымақта болғанына көз жеткіземіз. Тарихымызға қатысты көптеген деректерді сол ел мұрағатында мол екені баршаға аян. Сол мұрағаттық деректерге қызығушылық ғалымдар тарапынан шамамен осыдан үш ғасыр бұрын пайда болған. Ол деректерді өз кезінде зерттеушілер батыс еуропа және орыс тілдеріне аударған. Ал қазақ тіліне аудару мәселесі енді ғана қолға алынып жатыр. Кейбір құнды деректер әлі де өз зерттеушісін күтуде.
Жиын қорытындысында біздің зерттеушілер Қытай ғалымдарымен тарихтың түйінді мәселелері бойынша тығыз ғылыми байланыс орнатып, табысты жұмыстар жүргізу туралы келісімге келді.
Қытай тарихшылары мен Қазақстан ғалымдары Мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша да “Қазақ тарихы Қытай деректерінде” деп аталатын бірнеше томдық еңбектерді жариялаған болатын. Бұл қазақ тарихына қосылған құнды еңбектер деп айтуға болады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан құрылған “Конфуций” интитуты да білім мен мәдени байланысты орнатуда маңызды рөлді атқаруда. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Конфуций институты Қазақстан Республикасындағы қытай тілінен мамандарды дайындаудың жетекші орталығы болып табылады. Конфуций институты 2002 жылы құрылған ҚазҰУ-ң қытай тілі орталығы негізінде қайта ашылған, ҚазҰУ (ҚР) мен Ланжоу университетінің (ҚХР) көпжылдық әріптестігінің және бірлескен күшінің нәтижесі болып табылады.2009 жылы 23 ақпанда ресми түрде Конфуций институтының салтанатты ашылу рәсімі болды.
Конфуций институтының мақсаты: Қытай тілін үйрете отырып қазақстандықтарды әр саладағы қажеттіліктеріне жеткізу.
Қытай тілін, әдебиетін үйренем деушілерге және Қытайға байланысты мәселелермен айналысам деушілерге мүмкіншілік тудырып, Қазақстанда қытай тілін үйретудің деңгейін көтеру болып табылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих факультеті Тасилова Н.А.
ЖОО-дейінгі білім беру факультетіаға оқытушысы Ибрагимова М.Н.
Журналистика факультеті, PhD докторы Тасилова А.А.