Қазақтықтан сырмақ пен түскиіз ғана қалмасын…
«Әр қазақ менің жалғызым»… Бұл сөздің астарын жырақта жүрген, елдің жердің қадірін білетін, өзге елде өгей ұлт болып тіршілік етіп жатқан жандар өте жақсы түсінеді. Қазаққа қазақтың жаны ашымаса ешкімнің де жаны ашымайды. «Адам боп оңай туғанмен адам боп қалу көп қиын» деген Қадір Мырзалидің сөзі бүгіндері әлемге шашыраған қазақ үшін «Қазақ боп оңай туғанмен қазақ боп қалу көп қиын» дегенге саяды. Барлығында ортақ тақырып – тілдің шұбарланып, халықтың ассимилацияға ұшырауы. Ассимилация дегеніміз саны аз, саяси-әлеуметтік ахуалы төмен халықтың өзінен саны да, қуаты да көп халықтың басыңқы ықпалы нәтижесінде сол халық құрамына біртіндеп сіңіп, жұтылып кету құбылысы.
Ассимиляция барысында бір халық өзінен үлкен екінші доминант халыққа сіңіп кетіп, ана тілін, әдет-ғұрпын, дінін, мәдениетін, өзіндік сана-сезімін, т.б. ұлттық ерекшеліктерін жоғалтады. Доминант – дегеніміз байырғы сол жердегі тұрғылықты, ықпалы күшті халық. Ассимиляция екі жолмен жүреді: күштеу арқылы немесе табиғи жолмен. Осылардың қай-қайсы болсын дүниенің төрт күл бұрышына шашыраған қазақтарға ықпалын тигізуде. Ал, біздің елімізге келсек, демократиялы, діліне, тіліне, ұлттық құндылықтарына ешқандай шектеу қойылмаған киіз туырлықты монгол елінің қолтығының астында мамыражай күн кешудеміз. Монголия көлемінде бейресми деректер бойынша 120 мыңнан астам қазақ бар деп есептелінеді. Осының 90-нан астам пайызы Баян-Өлгий аймағында тіршілік етсе, 11 мыңы Қобда аймағында, қалғаны Улаанбаатар қаласы мен орталық аймақтарда тіршілік етеді. Баян-Өлгий аймағында халықтың басым бөлігі қазақ болғандықтан ұлттық болмыс, құндылық, тіл-дін жақсы сақталған. Ал, көпшіліктің ортасында азшылықтың жайы біз айтпасақ та түсінікті. Олар табиғи жолмен, өмір сүру барысында ақырындап, тілінен ділінен айырылып бара жатыр. Орталық аймақтардағы қазақтардың жан айқайы – олардың ұрпақтарының тіл білмейтіні аға буын өкілдерін алаңдатуда. Тілін білмеген ұрпақ, тегін де білмейді. Осылай тексізденіп, қазақтықтан біржола айырылады. Кезінде атақты Мөңке бидің «Алашұбар тілің болады, дүдамалдау дінің болады» деп дәл осы кезді меңзегені болса керек. Әрбір зиалы азамат ел ертеңін, жастардың болашағын ойлауы қажет-ақ. Алайда орталық аймақтардағы азғана қазақтың жан айқайына жауап берер адам да, ұрпақтың келешегін ойлайтын басшы саусақпен санарлық.
Сонымен Орталық аймақтардағы қазақтардың хал-ақуалымен танысу мақсатында Төв аймағының Батсүмбэр сұмынына жол тарттық. Мұнда 120-дан астам қазақ отбасы өмір сүреді екен. Улаанбаатар қаласына жақын орналасқан жерде дамыс бар. Қысқасы осындағы қазақтардың хал-ақуалы жақсы. Көбісі фермерлік мал шаруашылығымен айналысады, мол мөлшерде сүт беретін асыл тұқымды сиыр ұстайды. Сүтін ірі заводтарға өткізеді. Бәз біреулері қолөнермен айналысса, егін салатындары да кездеседі. Мемлекеттік іс-қызмет атқаратындар да көп. Қазақ үйлерін аралағанда алдымен қазақ тілінен бейхабар аулада ойнап жүрген балалар көзге шалынады. Қазақша сөйлесең монголша жауап береді. Олардың әке-шешелері де сол. Қысқасы қазақ тілі – 50жастан жоғарғы адамдардың тілі болып есептелінеді екен. Ата-әже аға буын өкілдері ғана қазақша сөйлейді. Ал, орта буын мен жастарда қазақ тіліне деген қызығушылық жоқ, тіпті отбасында да қолданбайтындары бар екен. Себебі олар туадан монголша оқиды. Балабақшадан бастап мектеп, жоғарғы оқу орнын отандық тілде бітіреді. Оларға сын да таға алмаймыз. Енді қайтпек керек?! Сұрақ көп болғанмен жауап жоқ. Тіпті 21 аймақтың дәл қай жерінде қанша қазақ өмір сүріп жатқаны да беймәлім. Нақты санақ, зерттеулер жасалмаған.
«Ортаң қалай болса, бөркің солай» демекші қазіргі таңда үлкен ауылға қыз беріп, келін түсіріп отырған қазақтар да бар.
«Бұл қазаққа Ислам, имам керек
Кісі өлгенде немесе түс көргенде» демекші тіл мен ділді білмей тұрған адамға дін айтудың да қажеті шамалы ма демеске лажың да жоқ тәрізді.
Ағайын туысы жоқ жалғыз жарым, немесе басқа ұлтпен шаңырақ көтерген кейбір адамдар жаназасыз ақтық сапарға шығарылуда деген сөздер де айтылуда.
Орта жастағы азаматтардың да тілегі жастарға қазақи құндылық пен ұлттық тәрбиені сіңіру болса керек. Өйткені ұлттық құндылығымыз – ұлттық кодымыз. Ол жас ұрпақтың жадында жүрсе, қай қашан да қазақ екенін ұмытпайды.
Ішкері аймақтардағы халықтың проблемасына қазіргі таңдағы атқамінер азаматтар бей-жай қарамауы тиіс. Бұл жерде айтылғанмен мәселе де шешілмейді. Арнайы жобалар, бағдарламалар жасап, үкіметтік және бейресми ұйымдар, Улаанбаатар қаласындағы қазақ елшілігі, жерлестер алқасы, МҰҚ мүшелері, т.б қоғам белсенділері қолға алып тез арада іске кірісу қажет. Өйткені бұл мәселе соңғы 20 жыл бойы айтылып келе жатыр. Қазақ тілді кітап құралдар, газет-журналдар таратып кетеді. Қазақ тілін білмесе мұны қалай оқиды? Бізге қазақ тіл үйрететін маман қажет деген мәселелерді халық өкілдері айтып отыр. Бір білеріміз осы мәселе шешімін таппаса, немесе әлдекімдер алаңдамаса Қазақтықтан сырмақ пен түскиіз, Исламдықтан құран ғана қалуы ықтимыл. Ендеше ойланайық, оянайық қазағым!
/Суретте Төв аймағы, Батсүмбэр сұмыны. Сол сұмында өмір сүретін Сарқыт аға зайыбымен және сұмын мешітінің имамы Асылбек аға. Көптеген мәліметті осы кісілерден алдық. Алла разы болсын!/
Айбота Әлиханқызы