ҚазҰУ басты үш компонентті біріктіріп, әлемдік көшбасшы университеттермен ынтымақтастықта жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеуде
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында атап өткендей, елдің жаңа экономикалық бағдары адам капиталын сапалы дамытуды талап етеді. Бұл мәселені шешуде білім беру саласы шешуші рөл атқарады.Мемлекет басшысының назарында төмендегі стратегиялық бағыттар болды.
Мамандарды дайындау мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады, бірақ көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осы мәселені шешу үшін 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды.
Дарынды зерттеушілерді қолдау, шетелден білікті мамандарды тарту, сонымен қатар отандық мамандардың елімізде қалуына жағдай жасау – мемлекеттің басымдықтарының біріне айналды. Бұл саладағы жұмыстарды үйлестіру үшін көші-қон ағымын бақылайтын бірыңғай цифрлық жүйе енгізілуде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті \www.https://farabi.university сайтынан толығырақ таныса аласыздар/ осы бағдарламаларды іске асыруда белсенді рөл атқаруда. Университеттің «Farabi Robotics» орталығында өнеркәсіптік роботтарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, ал «Farabi Hub» инновациялық орталығы жаңа технологиялар саласындағы жобаларды іске асыруда.
Жаңа экономикаға көшу үшін ғылым, білім және инновация саласын үйлестіру өте маңызды. ҚазҰУ осы үш компонентті біріктіре отырып, шетелдік көшбасшы университеттермен ынтымақтастықта жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеуде. Халықаралық ынтымақтастық саласында ҚазҰУ әлемдік көшбасшы университеттермен бірлескен жобаларға қатысуда. Атап айтқанда, университеттің Қытайдың жоғары оқу орындарымен бірлескен зерттеулері цифрлық технологияларды дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.Соңғы жылдары ҚазҰУ микроспутниктерді әзірлеу және ғарыштық технологиялар саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жобалар тек теориялық зерттеулермен шектелмей, нақты практикалық қолдану табады.Университеттің технопаркі жаңа стартаптарды қолдау арқылы жастардың кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасауда. Мұндай бастамалар инновациялық экономиканы құрудың негізгі факторы болып табылады.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс. Бұл жобаға қазақстандық кәсіпкерлер белсенді қатысып, елордада балаларды дамыту орталықтарын салуға үлес қосуда.
Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын түбегейлі өзгертуде. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Сол себепті Президенттің тапсырмасымен 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады.
Бірақ жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру мектеп қабырғасынан бастауға тиіс. Осыған орай:
- Мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері бағдарламасы әзірлену керек;
- Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет.
Ғылым саласында да өзгерістер жүргізілуде. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беру жоспарлануда. Жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік берілетін болады.
Қорыта келе, білім, ғылым және инновацияның үйлесімді комбинациясы – Қазақстанның жаңа экономикалық шыңына көтерілуінің кепілі демекпіз.Фараби университетінің ұжымы атынан Президент Жолдауында белгіленген бағыттарды іске асыруға белсенді үлес қосатынымызды және жаңа экономикалық бағдарлардың іске асырылуына толық қолдау көрсететінімізді хабарлаймыз.
Бегалиева Айша Карыпжановна, Наралиева Р.Т., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушылары