ҚазҰУ – Қазақстанның білім беру саласындағы нағыз мақтанышы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. QS Asia University Rankings 2025 нәтижесінде ҚазҰУ 29-орынға ие болды. Бұл көрсеткіш университеттің халықаралық деңгейдегі беделін және білім беру сапасының жоғары деңгейін айғақтайды. ҚазҰУ еліміздің ғана емес, бүкіл Азияның білім беру жүйесінде озық үлгі көрсетіп, Қазақстанның мақтанышына айналды.Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің білім беру кеңістігінде беделі биік оқу орны. Университет 1934 жылдан бері білім мен ғылымның ошағы болып келеді. QS World University Rankings және QS Asia University Rankings секілді беделді рейтингтерде жоғары орындар иеленіп, халықаралық деңгейде өзінің сапалы білім беру стандартын дәлелдеді.
ҚазҰУ студенттері мен түлектері ғылым, мәдениет, бизнес және саясат салаларында зор жетістіктерге жетіп, елдің абыройын асқақтатып келеді. Университет қабырғасындағы инновациялық зертханалар, ғылыми жобалар және мәдени шаралар студенттердің жан-жақты дамуына ықпал етеді.
Бұл университет – Ұлы Даланың білім мен ғылымдағы бренді, жаңа идеялар мен шығармашылықтың орталығы. ҚазҰУ арқылы әр студент өз арманына қол жеткізуге мүмкіндік алады.
ҚазҰУ – бұл инновациялар мен білім ордасы. Университет ғылыми-зерттеу орталықтарын дамытып, халықаралық талаптарға сәйкес жаңа білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Оның ауқымды кітапханасы, заманауи оқу аудиториялары, зертханалары мен студенттік қалашығы әлемдік стандарттарға сай жабдықталған. Мұның бәрі студенттерге білім алу үшін барынша қолайлы жағдай жасап, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
ҚазҰУ тек білім берумен шектелмей, ғылыми және мәдени өмірдің алдыңғы қатарында. Университет қабырғасында түрлі халықаралық конференциялар, ғылыми жобалар мен мәдени іс-шаралар өткізіліп, жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауына мүмкіндік жасалуда. Бұл жоғары оқу орны мыңдаған талантты мамандарды тәрбиелеп, олардың әлемдік деңгейде танылуына септігін тигізді.
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының үлесі
Бұл жетістіктердің маңызды бөліктерінің бірі – ҚазҰУ-дың Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы. Аталған кафедра шетелдік және қазақстандық тыңдаушыларды университетке дайындауда ерекше рөл атқарады. Онда білім беру сапасы мен оқыту әдістері халықаралық стандарттарға негізделген. Тыңдаушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, ҚазҰУ-дың бірегей академиялық және мәдени өміріне бойлап, болашақ мамандықтарына тереңірек дайындалады.
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының жұмысы – ҚазҰУ-дың әлемдік аренадағы позициясын нығайта түсетін маңызды факторлардың бірі. Университеттің осындай құрылымдары білім беру жүйесін байытып, Қазақстанның білім беру сапасын жаңа белестерге көтеруге ықпал етеді.
ҚазҰУ (https://farabi.university)– бұл болашаққа бастар сенімді жол, заманауи ғылым мен білімнің орталығы. Оның жетістіктері – бүкіл Қазақстанның жетістігі.
ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к. Самал Сағнайқызы, аға оқытушы Айша Бегалиева