Қараусыз ел, тыңдаусыз сөз….
Тыңдаусыз қалған сөз жетім
Қараусыз қалған ел жетім
Заты қымбат қоғамның
Малы жұтап қораңның
Шаш етектен елдегі
Шешілмеген мәселе
Жағдайы жақсырақ
Мол асаған кезінде,
Басшылар мен шонжардың… Иә, бұл қазіргі өмірдің бет-бейнесі.
Бұрынғы кездерде елді ақылдылар басқаратын. Ақылы жоқтарға қиын заман болса, қазір керісінше. Партияның желеуімен билікке келгендердің жарытып жұмыс жасайтыны аз-ақ. 30 жылғы жүйеде кілең өз мүддесін қорғайтын, өздерінің бизнесімен жақтастарына ыңғайлы заң жобаларын ұсынып, оны бекітіп, өздері биліктен кеткенге дейін іске асырып тұратын. Ал, келесі билік оған сәл өзгерістер енгізіп, өз мүдделеріне пайдаланады. Кең байтақ даламыз бар. Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы бола тұра, оларды экспорттай тұра неге халық жарымайды. Неліктен 3 млн халық кедейшілікте күн кешеді? Неге көмірдің ұрлықшылары жазаланбайды? Неге шетелге беретін қарызымыз көп? Неліктен ұланғайыр кеннің пайдасын халық көрмейді? Неліктен айлық пен зейнетақы мардымсыз? Қысқасы «неге» деген сұрақтар көп болғанымен жауап жоқ. Мемлекет бюжеті дегеніміз үлкен бір қазан іспеттес болса, аймақтарға шөміштеп, сұмындарға ожаулап үлестіріліп, жасампаз істерді атқаратын тендер алатын компаниялармен бөліске түседі. Жақсы атқарылып жатқан жұмыстарға айтарымыз тағы жоқ, алайда кейбір тендер алған компаниялар мемлекеттік ұйым-мекеменің жұмыстарына аса немқұрайлылықпен қарайды. Осының салдарынан талай құрал-жабдықтар, техникалар, құрлыс нысандары рәсуа болды. Қазіргі таңда осының барлығын көре тұра, біле тұра адамдар қолын бір сілтейді. Өйткені бақылайтын, тексеретін, шара қолданатын органдардың жоқтығы, болған күнде де ол бір дөкейдің я бір жоғарғы лауазымды адамның туысы, танысы, немесе біреудің атындағы өз компаниясы болып шығады да, тып тыныш жылы қымтап қоя салады. Қой «құрысын» неміз бар деп мақұлбайлап жүре береміз. Бізді құртып тұрған мәселенің бірі осы «құрысын» болып отыр. Өйтпеске де шарамыз жоқ, халық сөзі – «тыңдалмайтын жетім сөз». Оған дәлел ретінде Қаңтардың қақаған суығында шыққан көтерілісті айтуға болады. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін наразылық білдіріп, көмір ұрлығына қатысты былықтың беті ашылғанын қалады. Алайда, еш нәтиже жоқ. «Қаймақ жалаған құтылып, қасық жалағандар тұтылды».
Қарапайым халық инфлияцияның, экспорт, импорт, макро, микро экономиканы түсінбейді. Елімізде не болып жатыр? Баға неліктен қосылады? Ал, оған біреу бірдеңе істеуге болма ма? Алдын алуға неге болмайды? деп бастары қатады. 2022 жылдың желтоқсан айында Моңғолияның валюталық қоры 2013 жылдан бергі ең төменгі деңгейде яғни 1,5 миллиард АҚШ долларымен кеміді.
Ал, макро экономиканың кейбір көрсеткіштеріне тоқталсақ: 2023 жылдың наурыз айындағы мәліметпен Моңғолияның жалпы сыртқы сауда айналымы 5,7 млрд АҚШ долларына жетіп, жалпы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 млрд АҚШ доллары, экспорт 1,8 млрд АҚШ доллары, импорт 248,9 (14,7%) миллион АҚШ долларына өсті.
Біздің елдің шетелге беретін қарызы 39 триллион төгрөг деседі бейресми ақпараттар. Ал, МҰҚ мүшелері басқа бір мәселе қалмағандай депудаттар санын 152 болдырайық деп халық арасына сауалнама жүргізді. Халықтың оған қандай пікір айтқанына тыңдарман халық өздеріңіз куәсіздер. Шетелдік жүйелермен салыстыра көргенде көптеген мемлекеттерде адам санына сай парламент мүшелерін сайлайтын көрінеді. Осындай елдердің бірнешеуіне мысал келтірсек: 8 млн халқы бар Шведцария бар жоғы 8 министр, 39 МҰҚ депудатымен мемлекетін деңгелек айналдырып отырған жоқ па?! Бұл енді біз шешетін мәселе емес. Қысқасы қолында билігі бар топ өздері кесіп пішеді. Енді аймағымыздағы жағдайға оралсақ, қымбатшылық – шарықтау шегіне жетті. Ашылып сондай араны, асқақтатқан бағаны алыпсатарларға қарапайым халықтың айтарға сөзі, атарға оғы таусылғандай. Олар да іштен шыққан жау болды. Шөп пен кебек деген дау болды. Баға неліктен көтеріледі? Әлбетте ішкі өндіріс жоқ болса, шем-шөп қоры жеткіліксіз болса, мал саны жайылым шыдамдылығынан бірнеше есемен артық болса, ауа райы қолайсыз болса жұт болмағанда не болсын?! Қариялар: «Аймақ және сұмын әкімдері тізгінді босатты, жұмыс жасамады» деп қатаң сынға алуда. Алысқа бармай-ақ аймақ орталығын алсақ, қала іші қоқысқа толды. Оған соншама қаржы бөліп, соншама адам жұмыстап жатыр деп ауыз толтырып айтқанмен не пайда?! Нәтижесі болмаса. Айтты айтпады, Өлгий сұмын орталығы қоқысқа толып, ауыл үйлерді айтпағанда орталық, пәтер үйлердің маңы қоқысқа белшесінен батты. Ал, такси тұрақтарындағы жігіттер тура бір әрнәрсеге сарып кететін кезбе иттей кез-келген жерге дәрет сындырады. Мәдениет – тазалықтан басталады. «Тазалық – иманның жартысы» деген бабаларымыз. Бірді айтып бірге кеттік-ау, бізде шешілмеген, шешімін таппаған, таппайтын мәселе өте көп. Солардың бірі де бірегейі де – қымбатшылық. Бір айғы жалақыға – он күннің азық-түлігі ғана тиеді. Шындығына келгенде 500 мың төгрөг зейнетақыға үш бума шөп, бір қап кебек, бір қап ұн тиеді. Отын көмір, азық-түлік, киім-кешекті қандай ақшаға аламыз? Қазіргі қымбатшылықтағы әрең-пәрең жан сақтап отырған халықтың жағдайы ақ қар көк мұзда, қия жартастағы шөпті қорек етіп, тұяғымен әрең-пәрең тұрған арық ешкінің халін көз алдыңа елестетеді. Ендеше қымбатты басшылар жұмыс істеңіздер. Сіз бен біз кеткенде тарихтан ұят болмасын…..
Журналист Айбота Әлейханқызы