Қымбатшылықтан қысылған халық…
Әлемде қанша мемлекет болса, олардың өз-өз ерекшеліктері, даму жолдары мен тарихы бар. Көптеген мемлекеттің басты мақсаты – даму. Даму – дегеніміз инфрақұрылым мен биік ғимараттар, техниканың жаңа түрлерімен ғана өлшенбейді. Барлық сатылы жан-жақты даму. Соның ішінде халқының жағдайы жақсару. Өмір сүруін жеңілдету ең басты мақсат болуға тиіс. Дамыған елдердің көбінде халқының жағдайына көбірек көңіл бөледі. Елдің ішкі ресурстарын ұтымды пайдаланады. Халқының ешнәрседен таршылық көрмей өмір сүруін басты мақсат етеді. Отандық өндірістер мен отандық өнімдерді қолдайды. Бір сөзбен айтқанда дамыс дегеніміз – халықтың бақытты өмір сүруіне бағытталған болу керек. Өкінішке орай біздің елімізде осы қағидаттар керісінше ме деген ойға қаласың? Еліміздің жері кең байтақ. Қазба байлықтарға толы. Сол байлықтарымыз вагон вагонымен шетел асып жатса да, не инвесторлардың есебінен, я болмаса мемлекет қазынасынан нәпақа алып отырғанымыз тегі белгілі. Оны былай қойғанда еліміздің шетелге қарызы басынан асады…. Басқасы басқа бүгінгі күнгі басты проблема – қымбатшылық. Еліміз тек тұтынушы мемлекет. Инеден бастап бүкіл киім-кешек, азық-түлік, құрылыс материалдары, тұтыныс тауарлары түгелдей екі көршіден импортталады. Экспортқа шығатын біраз қазба байлықтар мен малдың еті, түбіттен теріден, жүннен жасалған киімдер ғана. Ел аман жұрт тыныш кезде онша біліне қоймағанмен індет шығып, барлық ел етек-жеңін қымтап, шекарасын тарс жапқан тұста-ақ түсіне бастадық. Егер Қытай мен Орыспен байланысымыз үзілсе, шыны керек іш киімсіз қалатынымызды ұқтық-ау деймін.
Сонымен қатар Еліміздің экономикасына Орыс пен Қытай сияқты алып екі көршіміздің жағдайы тікелей байланыста екенін бұл жолғы Ресей Украйн соғысы айқын дәлел бола алады. Өндірісі бар мемлекеттер үшін жағдай бірқалыпты. Ал, бізде керісінше. Кісінікінің кілті аспанда болып, Қытайға күнде шапқылайтын саудагерлеріміз аттап баса алмай қалды. Індеттің алдындағы кезді «Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман» ретінде есептейтін болдық. Әсіресе дүкендерге кіргенде. Дүкен сөресіндегі заттардың бағасын көрсең ішің удай ашиды. Ашымай қайтсін? Біздің алатын 500 мың төгрөг зейнетақымыз бен жалақымыз қай бір жыртығымызды жамасын?! Бір қап ұнның бағасы -100 мың төгрөг, көмірдің тоннасы -150 мың төгрөг. Осы екеуін алғанда-ақ ақшамыздың арты көрініп жатқан жоқ па?! Енді осы қымбатшылықта халық қалай жан сақтап отыр?! Жалпы олардың пікірі қандай деген сауалдар төңірегінде ауыл үйлерді араладық. Біз алғаш барған үйде жасы алпысты алқымдаған ана шығып қарсы алды. Цэвэлсүрэн Цэнгэл сұмыны алтыншы бағының тұрғыны. Өлгий орталығына немерелерін оқыту үшін келіп отырғанын айтады. Нарықтың үрдісі халықтың тұрмысына недәуір әсер еткен. Қазіргі таңда ең қажетті ғана заттарымызды сатып аламыз. Артық бір тиын ұстамаймыз дейді Цэвэлсүрэн. Бұдан шығып көше аралап жүріп жаңадан салынып біткен үйге кез болдық. Үйге кіріп, отағасымен аз-кем сөйлестік. Оның айтуынша малшылардың да жағдайы мәз емес. Өзі Булган сұмынында жасынан мал шаруашылығымен айналысқан. Жердің көктемеуі, мал басының шығындалуы салдарынан бұл азамат та Өлгийдің орталығын сағалаған. Бар малымды сатып, үй салып осында орналасып жатырмын дейді жігіт ағасы.
Бір байқағанымыз – халықтың, әсіресе көп балалы, жас отбасылардың сүйенгені баланың 100 мың төгрөгі. Егер мына қымбатшылықта баланың ақшасы берілмейтін болса, қанша адамның көшеде қайыр сұрарын ешкім есептей алмайды. Не болса да, көппен бірге көрген ұлы той, деніміз сау, басымыз аман болсын дегеннен басқа айтар сөзіміз де қалмағандай….
А.Айбота