Ұлттық киім – тәрбие көзі
Әр ұлтты ерекшелендіретін – дәстүрлі құндылықтары, әр ұлттың қолтаңбасы іспетті дара әдет-ғұрпы, салт-санасы, ұлттық киімдері бар.Халқымызда ата-бабаларымыздан қалған, кәдемізге жаратарлық мұралардың бірі, қазақты өзге халықтардан ерекшелендіріп тұратын – ұлттық киіміміз.Ата-бабаларымыз ұлттық киімдерімізді зор талғаммен, сәнді әрі қонымды етіп үйлестіре білген. Халқымыздың бүкіл ішкі жан дүниесі, философиялық көзқарасы, айтар ойы, барлық жерде ою-өрнектермен сипатталған қазақтың ұлттық киімі мен әшекей-бұйымдарының түрі өте көп. Сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық киімдер әлі де өз құндылығын жоғалтқан жоқ.
Қазақтың ұлттық киімдері – тарихтың көзі, өткен тарихымыз бен салт-дәстүріміздің көрінісі. Жыл санап жұрт ішінде оларға деген сұраныс артқанымен, белгілі бір мейрамдарда ғана тұтынатыны бізді қынжылтады. Осыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндеұлттық киімнің маңыздылығын көрсету, тарихымен таныстыру, жастар арасында насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп отырады. Іс-шаралар барысындастуденттерге қазақтың ұлттық киімі мен әшекейлерінің ерекшеліктері мен тарихы, олар жайлы құнды деректер де айтылады. Хакім Абай «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады» деп айтқандай, ұлттық нақыштағы киімдерді заманға сай икемдеп, тақия мен әшекейлерді үйлестіріп тағудың, қазіргі жас буынның тақия мен кәжекейді талғамына сай сәйкестендіріп киюінің маңызы ерекше.
Қазақылықтың қаймағын бұзбай, ұлттық дәстүрімізді ұлықтау да бізге берілген аманат. Осы орайда студенттер мен оқытушылар да ұлттық нақыштағы киімдер киіп, әшекейлер тағып ұлт мұрасын ұлықтауға атсалысып отырады.
Ұлттық киімнің өзі ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұлттық киімдерімізді мерекелерде ғана емес, жиі киіп жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Қазіргі кезде қазақы нақыштағы киімді кию сәнге айналып келеді.Эстетикалық тәрбие-адамның өмірінде зор рөл атқарады.Әсемдікті көре сезіне, түсіне білу адамның рухани өмірін байытады. Келешекте жастар ұлттық киімнің қадір-қасиетін біліп, заман талабына сәйкес лайықтап киіп жүрсе, ата-дәстүрі жалғасын тапса, ұлттық сәнге айналып, күнделікті өмірімізге енсе деген үмітіміз зор.
Ұлттық киім – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Бұл жай ғана киім емес, бүтін ұлттың бет-бедерін айқындар ұлан-ғайыр тарих. Қыздарымызға көрік, ер азаматтарға айбат, жігер беретін ұлттық киіміміз қазақ халқын бүкіл әлемге танытатын этномәдени құндылық деп білеміз.
Саденова А.Е., Өзенбек Е.Р
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары