Ұлттық тәрбиемен болашаққа
Еліміздің егемендік алған кезеңінен бергі уақытта қоғамымызда болып жатқан кең шеңбердегі өзгерістер үшінші мыңжылдықтың өзгеше болатынын аңғартады. Ол білімді, саналы адамдардың сапасымен өлшенетінін байқатып отыр. Адамзат қоғамы түрлі халықтардан және олардың ұлттық сипаттарынан құралатыны ақиқат.
Алаштың ұлы көсемі Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» ,– дейді. Мінез дегеніміз – салт-сана. Санамызға сіңген ұлттық дәстүрлеріміз бен тіліміз, мәдениетіміз бен тұрмыс-тіршілігіміз. Біз осы құндылықтарды бүгінгі балаларымыздың бойынан көре аламыз ба? Қазақ халқының бала тәрбиесіне деген көзқарасы ерекше. Оның «Бесік жырынан» бастау алатын тіл өнерінің құдіретімен тамырласып жатқанын білеміз. Ұрпақ тәрбиесі – болашақтың тірегі. Ұлттық тәрбиеден нәр алып өскен бала, ұлты үшін қызмет етуге дайын тұлға. Қазақтың тұңғыш «Педагогика» ғылымын зерттеген Алаш көсемдерінің бірі Мағжан Жұмабаев айтады: «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан тәрбиелі баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» ,– дейді. Біздің басты мақсатымыз – қазіргі қоғамның талаптарына сай жан-жақты үйлесімді білім бере отырып, ұлттық тәрбиені бойына сіңіру, елдің ертеңі үшін жауап бере алатын елім деген тұлға қалыптастыру. Осы мақсатта Әл-Фараби атындағы ұлттық университетіміздің https://www.kaznu.kz/ru жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде жастарымыздың бойындағы рухты ояту, жүрек көзін ашу, білім мен өнердің қиын да қызық бағытында бәсекеге қабілетті таланттарды даярлау мақсатында әлемнің әр түкпірінен келген қазақ жастарына өз ата- бабасының аманат қылып қалдырған ұлттық құндылықтарын бойларына сіңіруді, оны біліп, түсініп, замандастарына насихаттауды әр дәрісімізде тілге тиек етуден жалықпаймыз. Ұлтымыздың бір ғана басты көрсеткіші – ұлттық тілі, қазақ тілін өркендету, оның бай тілімен жеткен маржан мұраларын бүгінгі жастарымыздың бойына сіңіру – әр ұстаздың парызы. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, талаптанып келген әр шәкірттің білім жолындағы түзу жолды таңдауына, адаспайтын адал жолды көрсетуде ұстаздардың еңбегі ерен. Университетіміздің осы шетелдегі қазақ жастарын атамекенге жинап, білім беруде атқарып отырған ауқымды көптеген жұмыстары бар: мемлекет тарапынан бөлініп отырған грант санының жыл артқан сайын ұлғайып, оларға жатақхана мен шәкіртақымен қамтамасыз етуі, түрлі үйірмелер мен ғылыми жобаларға баулуы, демеушілерден берілетін көмектерді ұйымдастыру факультет басшылығының ұйымдастыруымен жылда атқарылып отыр. Осы ретте, жылда үздік оқыған, әлеуметтік қолдауға мұқтаж және талантты 20 шәкіртке қаржылай бір реттік көмек беріледі. Елімізде болып жатқан республикалық білім сайыстарына шәкірттерді қатыстырып, өз білімдері мен өнерлерін шыңдау, ғылыми конференцияларға қатыстырып, мәдени-рухани дамуына ықпал ету – жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының ұжымының әдетті жұмыстары. Алдағы жылы факультетімізге мерейлі 40 жыл толғалы отыр. Осы уақыт арасында мыңдаған шәкірттер өз атамекеніне келіп,ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп, қазақ қоғамына араласып, түрлі салада еңбек етіп, өз үлестерін қосуда.
«Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды дұрыс тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды дұрыс тәрбиеле»,– деген сөз бар. Мемлекетіміздің мерейін үстем етер, еліміздің еңсесін көтерер жас буынды білімді, парасатты, мәдениетті ете отырып, ұлттық рухта тәрбиелеу – баршамыздың ортақ ісіміз.
Әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
жоғары оқу орнына дейінгі білім беру
факультетінің аға оқытушылары,
Ж.С.Әділханова, Г.А.Тастемирова, М.Ж.Смағұл.