ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ӨЗЕГІ
Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікке өз жолын таңдауы әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолды ұлттық тәрбиемен жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық.
Қысқаша айтқанда, ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Ұлттық тәрбиенің мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпы азаматтық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу.
Ал, ұлттық тәрбиенің қайнар көздері фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады. Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана сезім, ұлттық адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері, ізгілік сынды тағы басқа сапалық ұлттық тәрбиенің негізігі көрінісі болып табылады. Одан басқа жаһандану жағдайындағы ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті, толеранттық-төзімділік қасиеттер де ұлттық тәрбие дәрістерінде көрініс табуы тиіс деп ойлаймыз.
Қазіргі таңда нарықтық қатынастарға көшу, саясаттағы жариялылық, азаматтық қоғам орнату талаптары тұрғысынан қарап, өзгермелі қоғамда көп мәдениетті, көпұлтты кеңістікке араласуға дайын, кез-келген жағдаятта өз орнын таба білетін, рухани құндылықтары жетілген қабілетті тұлғаның дамуына бағытталған тәрбие мазмұнын қамтамасыз ету өзекті мәселенің бірі болып отыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі тәрбие жұмысының негізгі мақсаты – кәсіби маман даярлаумен қатар ұлттық мәдениетке бағытталған, білім мен ғылымның дамуына өз үлесін қосатын жоғары білімді, ұлттық тәрбиеге негізделген, рухани тұрғыдан жетілген, шығармашылық тұлғаны қалыптастыруға жағдай жасау болып табылады.
Осыған орай жоғары оқу орындарында жүргізілетін тәрбие ісі бойынша концепцияны жүзеге асыру, студенттер арасында белсенді азаматтық позицияны қалыптастыру және патриоттық тәрбие беру, студенттік ұйымдардың жұмыстарын ұйымдастыру, жастардың арасында ұлтаралық келісімді нығайту жұмысы, студенттердің арасында салауатты өмір салты мен дене шынықтыру мәдениетін насихаттау, мәдени-бұқаралық шараларға қатысу, ағартушылық шараларды өткізу сияқты жұмыстар бойынша іс-шаралар атқарылып келеді.
Ұлттық тәрбие арқылы жастарды тәрбиелеу мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Тәрбие жұмыстары студент жастар бойында қазақстандық патриотизм, ұлттық мақтаныш сезімін тәрбиелеу, ұлттық рухани құндылықтарды, мәдениет пен тарихты, әдебиет пен тілді, ұлт ғұламаларының өмірі мен шығармашылығын насихаттау, студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, профессор-оқытушылар құрамының тәрбие ісіндегі рөлі мен жауапкершілігін арттыруға ықпал ету, студенттерге әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету, бір сөзбен айтқанда иманды, жоғары адамгершілік қасиеттерге ие, ұлт болашағына жауапты азаматты тәрбиелеу міндеттерін шешуді көздейді.
«Тәрбие басы – тал бесік» деген сөз тегін айтылмаған. Сөз жоқ болашақ ұрпақтың өнегелі болуы жастайынан берілген тәрбиеге байланысты. Сондықтан да қандай қоғам да болмасын ұстаз бен шәкірт тәрбиесіне ерекше мән беріледі.
Қорыта айтқанда, қазіргі заманда бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін, алдымен өзіміздің ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді, мәдениетімізді сақтай отырып, келешек ұрпақты сол арқылы рухани адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Салауатты да саналы ұрпақ қамын ойлар болсақ, сол қоғам иелерін жан-жақты, ақыл парасаты мол, ізетті, кішіпейіл, мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу – ұстаздың, әрбір ата-ананың қоғам алдындағы борышы деп білеміз.
Сарбасов Болатхан Серғазыұлы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
профессор м.а., филология ғылымдарының кандидаты
Мужигова Гульназира қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының 1 курс докторантты