Ұлттық құрылтайдағы Мемлекет басшысының үндеуі және жастар тәрбиесінің заманауи бағыттары
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзі қоғамдық дамудың жаңа кезеңіндегі стратегиялық бағдарды айқындаған маңызды құжат ретінде қабылданды. Бұл үндеу елдің рухани жаңғыруы мен қоғамдық сананың трансформациясын білім беру жүйесімен тікелей байланыстыра отырып, жастар тәрбиесіне қойылатын талаптарды жаңа деңгейге көтерді. Мемлекет басшысының «Қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар нәтиже бермейді» деген тұжырымы білім беру саласының ел дамуы жолындағы шешуші рөлін нақты көрсетті.
Алматы Технологиялық Университетінің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы бұл ұстанымды толық қолдай отырып, оны білім беру мен тәрбие жұмысының негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Қазіргі жағдайда жоғары оқу орнының міндеті тек кәсіби-техникалық білім берумен шектелмей, азаматтық жауапкершілігі жоғары, тарихи санасы қалыптасқан, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген мамандарды даярлау болып табылады.Ұлттың рухани дамуы оның тарихи сабақтастығын, мәдени дәстүрлері мен құндылықтық жүйесін терең әрі саналы түрде ұғынумен тығыз байланысты.Осыған байланысты кафедраның оқу бағдарламалары Ұлы Дала өркениетінің тарихи сабақтастығын, Алтын Орда дәуіріндегі мемлекеттік басқару тәжірибесін, Қазақ хандығы кезеңіндегі саяси және құқықтық ойдың эволюциясын зерделеуге бағытталған. Тарихи материалды тек есте сақтауға бағытталған тәсілден гөрі, оны талдау, салыстыру және заманауи қоғамдық өзгерістер контексінде түсіндіру басым бағыт ретінде қолданылады.Оқу үрдісінде классикалық және ұлттық ойшылдардың мұрасына ерекше мән беріледі. Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы тұлғалық дамудың рухани-адамгершілік негізі ретінде қарастырылса, Әл-Фарабидің философиялық мұрасы мен Қожа Ахмет Ясауи ілімінің гуманистік мазмұны жастардың дүниетанымын кеңейтуге қызмет етеді. Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық идеялары азаматтық сана мен жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды құралы ретінде оқытылады.
Президент ұсынған «Ұлттық цифрлық мұра» бастамасы да кафедра қызметінің мазмұнымен тығыз сабақтас. Ұлттық мәдени және тарихи мұраны цифрлық форматта сақтау, оны пәнаралық зерттеулер арқылы ғылыми айналымға енгізу және жастарға қолжетімді ету – білім мен тәрбиені ұштастырудың тиімді тетігі ретінде қарастырылады.
Тәрбие жұмысының маңызды бағыты – патриотизмді қалыптастыру. Елбасы атап өткендей, отансүйгіштік ұранмен емес, азаматтың күнделікті жауапкершілігімен, кәсіби адалдығымен және қоғам алдындағы міндетін сезінуімен өлшенеді. Осы бағытта студенттер патриотизмнің мазмұны еңбек мәдениеті, құқықтық тәртіп, әлеуметтік әділеттілік және қоғамдық белсенділік ұғымдарымен өзара тығыз байланыста екендігін меңгереді.
Қоғамдағы өзгерістер жастардан жаңа этикалық ұстанымдар мен әлеуметтік бағдарларды талап етеді. Қазіргі студенттер креативті экономика мен инновациялық салаларды дамытуда негізгі рөл атқаратын әлеуметтік топ болып қалыптасуда. Сол себепті кафедра оқу процесінде сыни ойлау, шығармашылық қабілет пен дербес шешім қабылдауды дамытуға басымдық береді.Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер, этика және кәсіптік мәдениет курстары болашақ мамандарға технологиялық дамудың қоғам мен адам өміріне әсерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Креативті индустрия экономикалық табыс қана емес, ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде танытудың маңызды құралы болып табылады.
Алматы Технологиялық Университетінің (https://atu.edu.kz.) әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы білім беру мен тәрбиелеудің заманауи үлгісін қалыптастыра отырып, Қазақстанның көпұлтты және көпконфессиялы қоғамындағы қоғамдық келісім тәжірибесіноқу үрдісінде ерекше назарға алады. «Әлеуметтану», «Мәдениеттану» және «Қазақстан тарихы» пәндері арқылы студенттер мәдени сұхбатты түсініп, толеранттылық дағдыларын меңгереді. Бұл қасиеттер қазіргі жаһандану жағдайында кәсіби және азаматтық тұрғыдан аса маңызды.Кафедраның оқу бағдарламалары цифрландыру, жасанды интеллект және жаңа экономиканың дамуы сияқты стратегиялық бағыттармен үйлестірілген. Басты мақсат – тек техникалық білімі жоғары маман даярлау емес, сонымен қатар технологиялық жаңалықтардың әлеуметтік, этикалық және гуманитарлық салдарын терең түсінетін жауапты тұлға қалыптастыру.Сонымен қатар әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы өз қызметін тек оқу үрдісімен шектемей, елдің стратегиялық дамуына үлес қосатын маңызды қоғамдық миссия ретінде қарастырады. Кафедраның оқу-әдістемелік жұмыстары мен ғылыми зерттеулері Қазақстан Президентінің білім беру мен жастар тәрбиесіне деген қолдауымен үйлесіп, студенттердің азаматтық санасын қалыптастыруға және елдің рухани-мәдени әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Алматы Технологиялық университетінің әлеуметтік‑гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самал Сагнайқызы