Әлем қазақтарының басын қосқан білім ордасы
Қазақстан әлем дамуында өзіндік орны бар, заманауи игіліктерді игерген, біздің Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіміз дүниежүзілік білім беру кеңістігінде алдыңғы жүздіктер санатына енген жоғары оқу орны . Университеттің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті, жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында әлемнің түкпір- түкпірінен келген қазақ жастары білімнің қара шаңырағында бас қосып, болашақ мамандықтарын игеріп, ары қарай атамекенде қалып, өз үлестерін қосуды мақсат тұтып келеді. Мұнда жоғары оқу орнына түсуге барлық пәндер бойынша ҰБТ-ға дайындайды, сонымен бірге шетелдік азаматтарды тілдік дайындықтан өткізіп, мемлекеттік тілде сауатын ашып, оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым бойынша қазақ тілінен бастапқы білім игерту әдістемесі кешенді жүргізіледі. Қытай, Монғол, Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдерінен келген қандастарымыз аз уақыттың ішінде мемлекеттік тілде еркін араласып, ортаға бейімделе алады. Мұнан басқа кафедрада «Зерде» білім беру орталығы жұмыс істейді. Мемлекеттік грантқа іліге алмай, конкурстан өтпей қалған талапкерлер өз мүмкіндіктерін бекерге жібермей, ақылы түрде грантқа түскен шәкірттермен тең дәрежеде білім ала алады. Білім алушылар тек дәріс алумен ғана шектелмейді, сонымен қатар түрлі бағытта өздерін дамытып, өнер игеріп, білімдерін сынап, әр түрлі ғылыми конференциялар мен байқауларға қатысып, рухани дамуына қолдау жасалады. Факультетте көптеген үйірмелер мен стартаптар бар: «Асыл сөз», «Жас шебер», «Темірқазық», «Жас тарихшылар», «Өлкетану» т.б. Осылардың ішінде «Асыл сөз» стартабы туралы тоқталып өтсек, шығармашылыққа бағытталған түрлі танымдық, мәдени және рухани шаралар ұйымдастырылады. Мұнда негізінен болашақ журналистер мен филологтар, өнерге бейім жастар болғандықтан, көркем сөз оқу, түрлі тақырыптарда эссе жазу байқауы, мақалалар жазу,ғылыми конференциялар мен авторлық жобаларды жүзеге асыруға баулимыз. Әлем әдебиетінің құнды жәдігерлері болып табылатын, сонау көне заманнан бергі ғасырлар бойы адамзат қоғамының асыл мұрасына айналған, түркі тектес халықтардың баға жетпес байлығы саналатын құнды кітаптармен таныстырып, оқып, олардың мәні мен маңызын түсіндіру дәрістері өтеді. Атажұртқа келгеннен кейін, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен таныстырып, оларды оқып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау істерін атқарамыз. Осы орайда, «Мағжан оқулары», «Поэзия сағаты», «Жас қалам», «Мен журналист боламын» атты айдарлармен өтетін шаралар ұйымдартырып,қатыстырамыз. Жыл артқан сайын жүлдегерлер мен оза шыққан талантты жастар қатары көбеюде.
Адамзаттың алдында үлкен үш мақсат бар. Ол-жер әлемді мекендеген халықтардың бейбітшілікте өмір сүруі, рухани бай, білімді болуы және табиғатты қорғауы. Осы үш мақсат жүзеге асқанда адамзат қоғамын сақтап қала аламыз. Сондықтан жастарымыз білімді болып, болашақта елдің мәдени- рухани дамуына ықпал ететін саналы, зерек болуын қамтамасыз ету міндетіміз деп білеміз. Білімді жастар – болашақтың кепілі, еліміздің қорғаны. Қазақ ұлттық университеті https://www.kaznu.kz/ru білімді жастарды әрқашан қолдайды.
Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушылары,
Ж.С.Әділханова, Н.Амангелді.