Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұлттық рухтың жаршысы Ш.Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің деканы филоология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сәбит Құрманжанұлы Суатайдың басшылығымен, ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі заң ғылымдарының кандидаты, доцент Спатай Алтынбекович Сартаевтың бастамасымен кафедраның еңбек ұжымы қазақтың біртуар ұлы, көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері Ш.Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияны ұйымдастырды (толығырақ ақпаратты www.kaznu.kz сайтынан біле аласыздар). Конференцияның біздің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетімізде ұйымдастырылуының өзіндік үлкен себептері бар. Халқым деп шырылдаған, ұлт жанашыры болған Шерхан Мұртазаның қызы Алма Шерханқызы – біздің әріптесіміз, ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасында ағылшын тілінің аға оқытушысы болып еңбек етеді. Шерхандай асыл ағамыздың ұрпағымен ұжымдас болғанымызды мақтан етеміз. Қазақ әдебиетінің Бауыржаны атанған, көпшілік қауым Шераға деп құрметтеген асыл ағамыз бүгін ортамызда болса – тоқсанға келер еді. Оқырманның жүрегін жаулап, Халық қалаулысына айналған Шерхан Мұртазаның тоқсан жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференциясына отандық ғалым ұстаздар, қазақ әдебиетінің зиялы қауымы – ақын жазушылар қатар Түркия, Моңғолия, Англия, Венгрия секілді алыс-таяу шетелдік ғалымдар да белсене қатысты. Конференцияны факультет деканы С.Қ.Суатайдың сәлемдесуімен бірге асыл ағамыз Ш.Мұртаза туралы естелік сөзімен ашылды. Пленарлық мәжілісте «Егемен Қазақстан» газетінің корреспондент мүшесі жазушы, журналист Гульзейнеп Садырқызы, ҚазҰУ-дың «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрғали Ораз, Венгриядағы Мадияр-Тұран орталығының төрағасы Бабақұмар Хинаят (ZOOMарқылы), М.Әуезов атындағы байланыс институтының сыртқы әдеби байланыс пен аналитикалық бөлімінің меңгерушісі Ананьева Светлана Викторовна, Англиядағы Бақытбек Бәміш, (ZOOM арқылы), Моңғолияның Улан-батордағы «Баян-өлгий» телеарнасының корресподенті Алейхан Айбота, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Бегалиева Айша Карыпжановна, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті Сулейменова Гульсум Сейлхановна, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, Шерхан ағамыздың ғалым ұстаз қызы Мұртаза Алма Шерханқызы баяндамалар жасады, естеліктерімен бөлісті. Совет және қазақ жазушысы. Халық жазушысы, қоғам қайраткері және саясаткер ағамыз Шерхан Мұртаза Қазақ және Қырғыз Республикаларының мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер. Қазақ КСР-ның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.болған, қызметін баспа редакторлығынан бастаған Шерхан Мұртаза ұзақ уақыт бойы елімізде республикалық БАҚ-тың басшысы болды және еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін, қоғам мен саясатқа белсене араласқаны туралы айтылды. «Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел. Сапаға айналмаған сан жеме-жемге келгенде сан болудан қалады», – деген Шерағаң жүрегі де, тілегі де халқының рухын сөндірмеу болды. Қашанда елім деп аянбай қызмет еткен Шерхан Мұртаза Парламент депутаты болған кезінде, халық игілігі үшін аянбады: қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрді. Шерхан Мұртазаның еңбектері халық үшін бағдаршамдай жол көрсетеін үш бағытқа негізделгені; оның біріншісі – туған жер табиғаты, екіншісі – ата-баба рухы, үшіншісі – шығарманың негізгі сюжеті, яғни кейіпкерінің басынан өтіп жатқан оқиғалар тізбегі екендігі жайлы зерделенді. Осындай қымбат рухани қазына қалдырған ағамыз біз үшін өлген жоқ, мәңгі тірі, қазақ халқымен бірге мәңгі жасай бермек.
Конференцияның мақсаты – «Күйреген рухты қайта көтеру – міне, қазіргі тандағы басты мақсат қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана» деп, өзіне де өзге талап қойып, артындағы ұрпаққа ұлттық рухты асқақтат, ата-баба жолын ұмытпа деп ұран етіп қалдырған ағамыздың асыл мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, қоғам қайраткері ретінде, ұлттық рухтың жаршысы болған Шерағаңның азаматтық келбетін көрсету болатын. Шерағаңның ерен еңбегі мен көркем туындылары ғылыми тұрғыдан да, әдеби-мәдени танымдық аясынан зерттеліп қарастырылған конференцияны Шерағамыздың тұлғасына лайық жоғары деңгейде өткіземіз деп сенімді түрде айта аламыз. Ағамыз арамыздан кетсе де, артына асыл мұрасын, өшпес ізін қалдырып кетті. Шерағаның есімі халық жадында жатталып қалды.
Алдағы парызымыз – қазақтың біртуар ұлы, белгілі қоғам қайраткері, халық жазушысы, публицист-қаламгер Шерхан Мұртазаның құрметіне арналған конференциямыздың материалдарын жариялап, жас ұрпаққа асыл мұрасын кеңінен насихаттау.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушылары Бегалиева А.К., Наралиева Р.Т. Досанов Б.И.